– Өмірде де, өнер де де жұптарыңыз жазылмай бірге жүресіздер. Жалпы, бір-біріңізден жалыққан сәттеріңіз бола ма?
– Бізге достарымыз «Демалыс күндері күйеуіммен бірге үйде отырғанның өзінде жалыға бастаймын. Сендер қалай күні-түні бірге жүресіңдер?» – деп айтады. Шыны керек, бір-бірін сүйіп қосылған, ортақ балалары бар, отбасы бола тұра қалай бір-бірінен шаршауға, жалығуға болады, түсінбеймін. Мысалы, сізге сұхбатқа келемін дегенше Мирас: «Таскиге отырдың ба? Жеттің бе? Неге кешігіп жатырсың?» – деп төрт-бес рет хабарласты. Біз бір минут бір-бірімізден алыс жүріп қалсақ, іздеп тұрамыз.
– Мирас ағаның сізге сыйлаған ең бағалы сыйлығы?

– Мирастың аман-есен жанымда жүргенінің өзі бақыт қой. Сыйлық сыйламайды емес, сыйлайды. Неше түрлі гауһар тасты сақина да тарту етті. Өткен жылы Land Cruiser 200 көлігін сыйлады. Бірақ темір тұлпардың тізгінін ұстауға аса бір қызығушылық танытпайтындықтан, өзіне қайтарып бердім.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жылы: Ұлу (1976 жыл)
Жұлдызы: Балық
(9 наурыз)
Әншісі: Б.Төлегенова, М.Жүнісова
Кітабы: «Абай жолы» романы, ертегілер
Ақыны: М.Шаханов
Киносы: «Қыз Жібек»
Актері: А.Әшімов, М.Өтекешова
Сусыны: қымыз

– Өткенге оралып, Мирас ағамен алғашқы таныстықтарыңызды еске алсаңыз?
– Біздің таныстығымыз бірге ән айтудан басталған. Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Мирас екеуміз бірге оқыдық. Сол жылдары Неке қию сарайына жұмысқа тұру туралы ұсыныс түсіп, аптаның үш күні сол жерде жұмыс істейтінмін. Ол кезде Неке қию сарайы Алматы бойынша біреу-ақ. Күніне 60-70 жұп келеді. Жалғыз өзім ән айтып шаршайтынмын. Бір күні Неке қию сарайының директоры Айман Әбиқызы келіп: «Құралай, сенің жаныңа бір ер адам керек. Қасыңа әнші алсаңшы», – деп кеңес берді. Содан консерваторияға келіп ұлдарды қараймын ғой. Онда да өзімнің бойым ұзын, жаныма ұзын жігіт іздеп жүрмін. Сөйтіп жүріп кафедраның жанында Мирас тұрғанын көрдім. Оның әнді жақсы айтатынын білетінмін. Ол менен бір курс жоғары оқыды. Қасына барып: «Неке қию сарайында бірге ән айтқың келмей ме?» – деп сұрадым. Бірден: «Айлығы қанша?» – деді. Мен түсіндірдім, ол келісті. Осылайша бірге жұмыс істеп, бір-бірімізді жақсы тани бастадық. Уақыт өте келе гүл сыйлап, кездесуіміз де жиіледі. Мінездеріміз жарасып, сезімдеріміз махаббатқа ұласып, отбасын құрдық. Шындығында, бізді жұптастырған – жан аңсары мен жүрек қалауы.

Толық нұсқасы «Жұлдыздар отбасы» журналының

№5 (239) наурыз 2017 жылғы санында

Ақбота Ерболқызы

Пікір қосу