Бақытжан Жұмаділов 1947 жылы Алматы облысы, Жалаңаш ауданында дүниеге келген. Ол «Дос-Мұқасан» тобының мүшесі, әнші.

Болмысы қандай болған?

«Бақыт өте ақылды, білімді адам болды. Ол бірнеше тілді білетін. Бақыт нағыз қазақ  болатын. Ұлттық өнерімізге қатты алаңдайтын. Сол үшін де мен оны жоғары бағалайтынмын. Ол әзілқой жігіт болатын» (Ерік Тастамбековтің сұхбатынан)

Дос-Мұқасан қалай құрылды?

«Дос-Мұқасан» – 1967 жылы Алматыда Қазақ политехникалық институтының студенттері құрған вокалдық-аспаптық ансамбль. Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, Александр Литвинов топтың ең бірінші әншілері болды. Ансамбльдің атауы есімдердің басқы әріптерінің қысқаруынан алынған: «Дос» — Досым Сүлеев, «Мұ» — Мұрат Құсайынов, «Қа» — Қамит Санбаев, «Сан» — Саня (Александр) Литвинов. Артынша топқа Шәріп Омаров, Бақыт Жұмаділов, Нұртас Құсайынов, Құрманай Омарова, Асқар Жанкушуков қосылды.

Жезтаңдай әншi Әмiре Қашаубаев Париж төрiнде «Ағаш аяқты» шырқап, қазақтың талантты халық екендiгiн паш етсе, 1977 жылы «Дос-Мұқасан» тұңғыш эстрадалық ансамблi ретiнде қазақ әуенiн Америкада әуелеттi. Тәуелсiздiкке деген алғашқы намыс отын «Дос-Мұқасан» әндерi тұтатты десек артық айтқандық емес. Ансамбльдiң жезтаңдай әншiсi болған марқұм Бақыт Жұмадiловтiң «Америкаға да, Түркияға жол ашқан алғашқы «Колумбтар» бiз болдық» деген әзiлi шындыққа жанасады.

Отбасы

Бақыт Жұмаділовтың артында төрт баласы мен төрт бірдей немересі қалды.

Өмірінің соңы

2010 жылдың наурызында әншіні қалың қазақ қайтпас сапарға аттандырды. Өлімге қарсы тұрар амал бар ма?! Әншінің ажалы жол апатынан болды. Оның қазасы күллі қауымның қабырғасын қайыстырды. Дәл Бәкеңдей енді кім «Құдашаны» шырқайды екен?! Ақтық сапарға аттанарын сезді ме екен, ол ғұмырының соңғы күндерінде күнделігіне «соңғы өлеңін» жазып кетіпті. «Последний миг» өлеңін қазақ тіліне ақын Алмат Исәділ аударған еді. Бұл өлең жолдары әнші жайлы түсірілген естелік бағдарламада жырланған.

Пікір қосу