Қорғаушы Бекболат Жексейітов Бақытбек Есентаевтың жазасын жеңілдету үшін қолдан келгенін жасауда. Адвокат Today.kz басылымына сұхбат беріп, қос тараптың да жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіргенін айтып берді.
«Біз жазаны жеңілдетуді сұрай отырып, алғашқы сот инстанциясының шешімін қайта қарауды өтінеміз. Өйткені сот менің қорғалушымның әрекетін дұрыс бағаламады. Оны адам өміріне қастандық жасады деп шешті», – дейді Жексейітов.
Адвокаттың пікірінше, Есентаев «Денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша жазалануы тиіс.
«Біз Бақытбек Есентаевтың бұрын сотталмағанын және Есентаеваның өзінің әрекетін ескере келе, оның жазасын жеңілдетуді сұраймыз. Есентаева өз мәлімдемесінде тұрмыста бола тұра өзге ер адаммен кездесіп жүргенін мойындады. Кездесіп, опасыздық жасағанын алғашқы сот инстанциясында айтты, алайда сот оны елемеді. Осыны ескере келе, қорғалушыма бас бостандығынан айыруға қатысы жоқ жаза кесуін немесе шартты түрде босатуын сұраймыз. Енді барлығы жоғарғы соттың қолында», – деп атап өтті адвокат.
Жексейітовтің айтуынша, сот процессі барысында Бақытбек Есентаев болған оқиғаға әйелінің опасыздығы себеп болғанын бірнеше рет айтқан екен.
«Алғашқы сот отырысында-ақ менің қорғалушым: «Иә, оның маған опасыздық жасауы оны ұрып-соғуыма себеп болды. Алайда ол адамның аты-жөнін атамаймын, себебі оның да өз отбасы бар. Мен бұрынғы әйелімнің опасыздығы үшін оның отбасының бұзылғанын қаламаймын», – деп айтқан еді», – дейді адвокат.
Есте болса, 10 маусымда Бақытбек Есентаев өз әйелі Баян Есентаеваны аяусыз соққыға жыққан болатын. Сол оқиғадан кейін Есентаев 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейіннен Баян Есентаеваның тұрмыста болған кезде-ақ кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзовпен көңіл қосқаны белгілі болды.