2 наурызда прокатқа шығатын «Все из-за мужиков» («Бәріне еркектер кінәлі») отандық комедиясының саундтрегін астаналық «Формат» тобы орындады,  — деп juldyz.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Астанада түсірілген фильмнің саундтрегін Астанада 10 жыл бұрын құрылған елордалық «Формат» тобы шырқайды. Бүгін оның қатысушылары Андрей Приль (соққыш аспап), Ербол Тасмамбетов (бас гитара), Виталий Юрчук (бас гитарашы), Ольга Джулдиева (пернелі), Иван Ткаченко (бағдарламалау және гитара), Гүлсiм Мырзабекова (вокал) және Қайрат Баекенов (композитор, әнші, топ жетекшісі). Топтың саз қоржынында 100-ден астам авторлық әндер бар.

«Ән махаббат, сұлулық, біздің арулар жайында. Бұл әннің жазылғанына көп болды, өзінің сәтін күткен болу керек», — деді автор Қайрат Баекенов.

Жобаның продюсері Александр Суслов ротацияға шыққаннан кейін ән елордалық топтың  кезекті хитіне айналатынына сенімді.

Айта кетсек, «Бәріне еркектер кінәлі» көркем фильмі ерлер жоқ әйелдер әлеміне кіріп кеткен үш жігіт жайында. Фильмге белгілі актерлер түскен: Тәуекел Мүсілім, Мұрат Бисенбин, Жәния Джуринская, Сая Оразғалиева, Данияр Алшинов, Наталья Наумова, Әсел Әкбарова және т.б.

Пікір қосу