Есенқұл Жақыпбек 1954 жылы 10 ақпан күні Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Ол айтыскер, ақын, журналист.

Бала Есенқұл

Есенқұлдың әкесі ғажап домбырашы, ақын болған. Соғыстың алдында опера театрында қызмет еткен. Абайдың әндерін ғажап орындаған.  6-сыныптан бастап Есенқұлдың өлеңдері баспасөзде жарық көре бастаған. Әскерден келген соң совхозда құрылысшы болып жасайды. Балшық илеп, қара жұмыс істейді. Бір күні оны журналист ретінде «Атамекен» аудандық газетіне жұмысқа шақырады. Сол жерде Сейдахмет Бердіқұлов, Оспанхан Әубәкіровтен үлкен сабақ алып, тәрбиеленіп шығады.

Жарымен қалай танысқан?

Біз 1977 жылы күзде таныстық. Есенқұл жұмыс істейтін Ұзынағаштағы «Екпінді еңбек» газеті редакциясының ғимараты біздің көшеде орналасқан болатын. Арасын үш-төрт үй ғана бөліп тұрған. Көшенің қарама-қарсы бетінде жақын құрбым тұртын. Құрбымның үйіне барып-келіп жүргенде ол мені көшеден көреді екен. Менің бір жеңгем де сол редакцияда жмыс істейтін. Есенқұл сол жеңгеме бір күні: «Осы көшеден үнемі бір қыз өтеді. Сол қызбен таныссам қалай болар екен?» — депті. «Ол қызбен танысаң бағың жанады. Ол жалғыз шешесін асырап отырған қыз», — деп жеңгем де мені мақтапты.

Бір күні Есенқұл «Қарындас, танысуға қалай қарайсыз?» деп тоқтатты. Сөйтіп екеуміз танысып кеттік. (Жары Меңсұлудың естелігінен)

Айтысқа қалай келді?

Айтысқа қатысам деген ойым болмаған. Газеттен мені айтыс өтетін жерге «сұхбат алып кел» деп жіберді. Барсам, ақындар қағазға қарап айтысып отыр. «Мұндай айтысқа мен де қатысам» дедім. «Қағазға қарамай айтысам» десем, «болмайды» дейді. «Айтатыныңды қағазға жазып алып, аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің мөрін басып алып кел» деді. Ол кезде әр сөзіңді тексеретін. Үгіт-насихат бөлімін басқаратын Дүйсенғалиев деген кісі мүлде қазақша білмейтін. Өлең жолдарында коммунистік партия деген сөздер бар болса, мөр басып жібере беретін. Мен де өлеңдеріме мөр бастырып алып келдім. Бірақ, айтысқа шыққанда қағазымды жауып қойып, суырыпсалма соға бердім. Оным бәріне бір керемет көрініп, бас жүлдені жеңіп алдым. (Ақынның естелігінен)

«Алдай-ау» әні қашан шықты?

Ол есейген кездегі оқиға. Жанның күйзелісіне шыдас бермей, ер жерден тірек таппай жүрген кез. Бір досым «осындай жерде емші бар, соған барайық» деді. «Бармаймын» деп қырсыққаныммен, жан шыдатпаған соң бардым. Үйіне кіре салысымен: «Кір, ақын бала. Сенің келгенің дұрыс болды», — деп жатыр. Менің сенгім келмейді. Бірақ «халтурщик» еместігі көрініп тұр. Жаныма еріп келгендерді де сыртқа жіберді де, екеуміз қалдық. «Әй, сені қатты қысып жүр екен-ау, көрген күнің иттікіндей екен. Бірақ, сен елге керексің. Мен Алладан жақсылап тұрып тілек тілейін, сен отыр» — деді. Ол кезде діннен мүлде хабарымыз жоқ. Ана кісінің тістері болмаған соң Алла деуге тілі келмей «Алдай-ау, Алдай» деп селкілдеп тұрып сұрағанында, меінң көзімнен еріксіз жас парлап кетті. Содан кейін мені бір бөлмесіне жатқызып қойды. Жанымда сол кісінің домбырасы жатыр екен. Домбыраны ала салып, құлағымнан кетпей тұрған үнді сала бастадым. Осылайша «Алдай-ау» әні туды. Әлгі кісі қайтып келгенде айтып бердім. «О, міне, қырсығың енді кесілді сенің» деді. Содан құлан-таза айығып кеттім. (Ақынның өз естелігінен)

Есенқұлдың мінезі қандай болған?

Оның мінезі өте жайлы болған. Ұрсысу дегенді білмеген. Өте көпшіл болған. Үйге қонақ келсе қуанған. Өлеңді көбіне таңғы намаздан кейін жазған.

Өмірден өтерінде…

2013 жылдың 13 қарашасында «31 арнаның» өзіне арналған «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасына қатысып, үйге түнгі сағат 1-ден аса келді. «Тамақ ішпеймін, жолда бір кафеде жігіттермен бірге отырып, тамақтандым. Тек бір кесе суық шай берші», — деді. Сосын мен: «Бағдарлама қалай өтті?» — деп әңгіме сұрай бастап едім: «Қазір шаршап тұрмын, еретң таңғы шай үстінде айтайын»-  деді. Мен есіктерді жауып, үйдің ұсақ-түйек жұмыстарын істеп келгенше, ол қаза болған намаздарын оқып, ұйықтап қалыпты. «Әбден шаршаған екен, мазасын алмайын» деп басқа бөлмеге жата салдым. Таңғы сағат бестің кезінде өз-өзімнен оянып кеттім. Есенқұл қиналып жатыр екен. Кейде осылай қиналғанда оятып жіберіп, дәрі беретінмін. Ары-бері оятамын, оянбайды. Бірден жедел жәрдемге хабарластым. Тілін жұтып қоймасын деп, қасықпен аузын ашып едім, терең бір күрсінді де үзіліп кетті…Жүрегі бұрыннан нашар еді. Бірақ, соңғы уақытта еш ауырмай, жап-жақсы-ақ жүрген еді. Алдында ғана  күнге саяжайға барып демалып келген. Темекісін тастаған болатын.

Отбасы

Жары Меңсұлу, ұлы Дәурен — мемлекеттік қызметкер. Қызы Доскүл — мектепте мұғалім. Бес немересі бар.

Марапаттары

Есенқұл Жақыпбек Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және Президент стипендиясының лауреаты. Сондай-ақ,  «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері. Ол алпыс жасқа қараған шағында дүниеден озды.  Ақынның алғашқы өлендері 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» атты жинаққа енген. «Бастау», «Біз екеуміз», «Ағымнан жарылам ын», «Жерге табын», «Жанқисса», «Есіл дүние-ай», «Біздің елдің жігіттері», «Бұл жаз да өтер», «Жетісу жырлайды», «Сарғайған сары терезе», «Тау басында кәрі қар», «Тазқара құстың тағдыры» сынды оннан аса кітаптары оқырман жүрегінен жол тапқан. Екі жүзге жуық өлеңдеріне ән жазылды. «Қара күз», «Алдай-ау», «Жұлдыздар бәрін болжайды», «Тұманды түн» сияқты жиырмаға жуық ән шығарған сазгерлік қыры да халық арасына кеңінен тараған. Айтыс аламанында отыз жылдан астам уақыт тер төгіп, телевизиялық айтыстың тұңғыш жеңімпазы атанған.

Пікір қосу