«Меломен» тобынан Жігер Ауыпбаевтың кететіні туралы ақпарат бүгінде желіні шарлап кеткен.  Осыған байланысты журналист Асхат Садырбай осы күнге дейін еш жерге сұхбат бермеген экс-меломендік Жігер Ауыпбаевтан  эксклюзивті сұхбат алды деп хабарлайды Baistars.kz.

— Жігер, не болды, мұндай шешім қабылдауға не себеп болды? Мұның себебін сенен басқа ешкім білмейтін сияқты.

Топтан кетуімнің себебі бар. Ол — төртеуміздің арамыздағы әңгіме. Оны халыққа ашып айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себепсізден себепсіз кеткен жоқпын, себеп болды.

-Жігіттердің сөздеріне қарасаң олай емес. Мен Ғабитпен де сөйлестім. Себеп неде: ақшада ма, діни көзқараста ма, адами қарым-қатынаста ма десем, ол «ешқандай себеп жоқ» деп жауап берді.

Аллаға шүкір, осы уақытқа дейін арамызға ақша немесе басқа да нәрсе түсіп көрген емес. Бұл жолы осындай қиын жағдай боп қалды. Мүмкін бір-бірімізден шаршағандықтан да болар, мүмкін бір-бірімізді бағаламай да кеткен шығармыз, білмеймін. Жігіттермен арамызда түсініспеушілік нәрсе өте көп болды, бірақ, оның бәрі — арамыздағы нәрсе.

-Жігіттердің сөзіне қарасақ, сені тыңдап отырсам, жігіттер сенен емес, сен жігіттерден шаршаған сияқтысың ғой? Олардың Жігер жеке шыққысы келген болар деген болжамы қате болмай шықты ғой?

Иә, бір сұхбаттарында солай депті. Алайда мен топта жүріп те жеке шығармашылықпен айналыса беруіме болатын еді. Менің үлкен өнерге қадам басуыма себеп болған «Меломен» тобының құрамында жүре берген мың есе артық еді. Өйткені қазір топ жақсы жұмыс істеп, біраз үзілістен соң халықтың сұранысына ие болып келе жатыр. Бар себеп — жігіттермен болған өз арамыздағы келіспеушілік.

— Демек, сен топқа ренжулі емессің, бірақ топтың құрамындағы жігіттерге ренжулісің ғой?

Әрине, әрине.

-Егер топтың құрамы басқа өнерпаздармен алмастырылса, сен ол топта ән айта бересің, солай ма?

Иә. Жігіттерге тағы бір ренжіген жерім — бұқаралық ақпарат құралдарына «Жігер топтан себепсізден себепсіз кетті» деп сұхбат бергендері. Қанша уақыттан бері біз бұл мәселені талқылап жүргенбіз. Мен өзім рухани қатты құлазып, анамды алып Меккеге кіші қажылыққа кеткен едім. Оңашада әбден ойланғым келді, түсінгім келді. Мүмкін мен нәпсіме еріп топтан кетіп жатырмын ба деп өзіме мың рет сұрақ қойып, сынап көру үшін де кеткен ем. Мен бәрін түсіндім, көрдім. Жігіттердің менсіз жұмыс істей бергендері дұрыс екен деген ойға келдім.

— Сонда олар телеарналарға өтірік сұхбат берді ме?

Төрт ай бойы біз сөйлестік, талқыладық. Кетемін дегенімде, бара бер, өзің әбден ойланып жауабын айтарсың деген болатын. Бір айдай уақыт арамызда байланыс мүлдем үзілді. Бір-бірімізді іздеген де жоқпыз. Содан-ақ белгілі ғой. Бірақ кейін топтың продюсері Бауыржан Есебаев, ол кісіге Алла разы болсын, бар жағдайды біліп, топтың жұмысын қайта тірілткендей болып еді…

— Ол кісі сенің кету себебіңді біледі ғой, иә?

Иә, ол кісі себепті біледі.

— Сендер тек бір топтың әншілері ғана емессіңдер, бір-біріңе жақын бауырдай туыс боп кеткенсіңдер. Әдетте мұндай жағдайда әншілер өмірдегі сыйластықты, достықты үзіп топтағы жұмысын жалғастыра береді. Бұл коммерциялық жоба болғандықтан, жоспар бар, қаржыны қайта есептеу деген сияқты мәселелер бар. Сенің осының бәріне қарамай кетуің жігіттерге деген қатты ренішіңнің себебі сияқты. Өйткені жігіттер Жігер топқа келем десе қарсы емеспіз деп отыр.

-Бұл жерде бүкіл шындықты көтеріп, бет жыртысып айқайласып кетуге де болар еді. Бірақ мен сыпайы, мәдениетті түрде қоштасқым келді. Мен Умраға барғанда бәрін кешірдім, бірақ топта ән айтпаймын деп шештім.

— Өмірде де араласқың келмейді ме?

Жоқ, өмірде мені қабылдайтын болса араласа беремін. Мен бұл жайлы жігіттерге де талай айтқанмын.

— Демек, сендер өмірде доссыңдар, алайда сахнада бір топта ән айтатын әріптес емессіңдер?

Әріптес емеспіз.

— Діннен хабарың бар, жақында ғана Умраға барып келдің. Ислам мұсылмандарды кешірімді болуға шақырады және оған үлкен мән беріледі. Сен қажылыққа барып келген мұсылман ретінде діни тұрғыдан осы шешіміңді қаншалықты дұрыс деп ойлайсың?

Мен жүрегіме үңілетін болсам онда мен үшін өте дұрыс. Алты деген санды біреу алты деп көреді, біреу тоғыз деп көреді ғой. Сол сияқты әркім әрқалай ойлайды, әрқалай дұрыс деп санайды. Мен үшін бұл шешім рухани тұрғыдан да дұрыс екен.

-Яғни топтан кеткеніңе өкінбейсің?

Өкінемін.

-Сен күйзелісте жүргенде жігіттер ширақтық танытып сенен бұрын сұхбат беріп қойды. Мұндай жағдайда кім бірінші барып сұхбат береді, сол судан таза сүттен ақ боп шығады ғой. Бұл маған өте таныс жағдай. Саған жан-жақтан жауатын негативке дайынсың ба?

Әрине, бәрін жайып салуға, жариялай салуға болар еді. Ешкімге тіл тигізгім келмейді. Кім менің сыртымнан не айтса да мен бәрін көтеремін. Мен қазір жалғызбын, сонда да шыдаймын деген ойдамын. Уақыт бәрін орнына қояды.

— Сонда сен енді «Меломен» тобына енді мүлдем оралмайсың ба?

Жоқ, оралмаймын.

-«Меломен» тобы арқылы таныған жанкүйерлеріңе айтарың бар ма?

Жігер: Алаңдап жатқан тыңдармандар өте көп. Әлеуметтік желілердегі парақшаларым хаттарға толып қалды. Оларға алғысым шексіз. Ешнәрсе мәңгілік емес. Бәріне уақыт емші.

-Топтағы жігіттердің қайсысы саған жақынырақ?

Әйй, сенің сұрақтарың-ай Асеке…(күлді)

— Жарайды, топтағы үш жігіттің үшеуі де саған жақын емес пе енді?

Қап, қинадың-ау, сұрақтың астына алдың ғой..(күлді) Шыны керек соңғы кездері үшеуі де жақын емес болып кетті. Бұрындары ондай емес едік. Мүмкін менің топтан кететінімді түсінген соң солай істеген шығар.

— Сұхбаттасқаныңа рахмет. Жігерің жасымасын, шығармашылық табыс тілеймін.

Рахмет!

Сұхбаттасқан Асхат Садырбай

 

 

 

 

Пікір қосу