– Денис, алдымен төрт жылда бір келетін айтулы додада Қазақстанның қоржынына алтынға бергісіз жалғыз қола салуыңызбен құттықтаймын! Жалпы, Сочиде көрсеткен өнеріңізге көңіліңіз тола ма?

– Көп рахмет. Сочидегі қойған бағдарламаларым мен үшін сәтті шықты деп есептеймін. Қысқа бағдарламадан кейін 9-орын алған соң түнімен ұйықтай алмай ұзақ жаттым. «Қай жерден қателік жібердім? Неге төмен ұпай алып қалдым?» деген сұрақтар көп мазалады. Негізгі бағдарламаға өзім үшін, көрермендер үшін шықтым. Әлі де сайыстың бітпегенін ескеріп, бар шеберлігімді салуға талпындым. Шынымды айтайын, жүлде туралы ойламадым. Әр элементті таза орындап, ішкі толқынысымды жеңуге тырыстым. Бәрі ойдағыдай аяқталып, жақсы баға алдым. Маған сеніп, қолдау көрсеткен жанкүйерлеріме алғысым шексіз.

Бұл маусым бастала салысымен-ақ алдымда көптеген қиындықтар кездесті. Сол сындарды артқа тастап, Қазақстанды Олимпиадада әлемге танытқаныма қуаныштымын. Менің медалім – менің командамның: ата-анамның, жаттықтырушылардың және бүкіл қазақ елінің еңбегі. Бұл – тарихи медаль, Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спортындағы тұңғыш медалі! Біздің еліміздің спорт тарихына өз үлесімді қосқаным үшін бақыттымын!

– Қарсыластарыңыз туралы не айтасыз? Ханю мен Чанның өнерін қалай бағалар едіңіз? – Өз өнерімді көрсетіп болған соң бірден спортзалға жаттығуға кеткендіктен, барлығының өнерін тамашалай алмадым. Кейбірінің тек үзінділерін ғана көрдім. Патрик Чан мен Юзуру Ханю – мәнерлеп сырғанаудың бүгінгі шеберлері, өзіндік беделдері бар жігіттер. Ханю бұл жеңіске ұзақ жыл бойы еңбектеніп жетті. Оның жеңісін ұлы жетістік деп бағалауға болады. Ал Канада үміткері Чан – әлем чемпионатында үш алтын алған үздік спортшы. Өткен жылғы әлем чемпионатында еркін бағдарламадан көрсеткішіміз бойынша қатар келгенбіз, бұл жылғы Олимпиадада да жеңіс тұғырында қайта қауыштық. Біздің деңгейіміз шамалас, сол себепті биылғы сайыс қызықты өтті деп санаймын. – Евгений Плющенко мұз айдынына шығып, сайысқа араласқанда медаль алғандардың тізімі өзгерер ме еді? – Евгений Плющенко – ұлы спортшы. Егер ол жарысқа қатысқанда басқа спортшылар бар шеберліктерін салушы еді, себебі ол – нағыз шабыт, рух беруші. Әрине, қандай ұпай еншілейтінін тек әділқазылар шешеді ғой. Мәнерлеп сырғанау – субъективті спорт түрі. Мен мынаны айта кетейін, спорт ешқашан бір орнында тұрмайды, үздік ондыққа кіретін спортшылар деңгейлес болып келеді. Женя қатысса да, қатыспаса да сайыс өте тартысты өтуге тиіс және солай болғанына күмәнім жоқ.

– Жеңіс тұғырында тұрғанда өзіңізді қалай сезіндіңіз?

– Өзіңіз елестетіңізші, бірінші рет Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан төрткүл дүниенің дүлдүлдері бас қосқан Олимпиада ойындарында жалауы көкке көтерілді! Мұндай сәтте не сезінуге болады? Бұл – зор мақтаныш! Менің жеңісім – елім үшін, халқым үшін, тарих үшін мақтаныш! Қуаныштың мұхитында жүздім, себебі мұны тек қазақстандықтар ғана емес, әлем тамашалап отырды. Мен өз елімді сүйемін және спорт – Отаныңды көпшілікке таныстыратын ең оңтайлы құрал. Одан кейінгі көрнекі өнер көрсетуде мен қазақтың домбырасы мен қобызын ойнаттым. Өзім ұлттық костюмде болдым, ал бағдарлама біздің елдің мәдениеті мен тарихынан сыр шертті. Бұл менің Қазақстанға арнауым болды. Осыдан соң әлемнің түкпір-түкпірінен біздің елге қызығушылық танытқан жанкүйерлерімнен толассыз хаттар ағылды. Халықаралық Олимпиада көрсеткішіне сүйенсек, Олимпиада ойындарын 3,5 млрд. көрермен тамашалайды екен. Елестетіңізші, қаншама адам қазақ мәдениетінен хабардар болды.

– Енді өзіңіздің туған жеріңіз, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…

– 1993 жылы Алматы қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Юрий Тен – инженер, анам Оксана Тен – кәсіби музыкант, скрипка бөлімі бойынша консерваторияны тәмамдаған, бірақ қазір екеуі де менің спорттық жұмыстарымды ұйымдастырумен айналысады. Үйдегі екі ұлдың кенжесімін. Мен бала кезде не қаласам, сол міндетті түрде орындалуға тиіс еді. Ағама барлық еркелігімді көтеруге тура келді. Өскен соң Лешаның маған әлі жетіп бұйрық беруге көшті. Ертеректе біздің үйде мынандай әзіл бар еді: «отбасымызда біреуі – спортшы, ал екіншісі – ақылды». Негізінде менің ағам өте талантты, физикалық тұрғыдан қуатты болатын. Ол күрес үйірмесіне барып жүргенде, тіпті жаттықтырушысының шамасы келмей жататын. Өкінішке қарай, оның спортта амбициясы болмай, тастап кетті.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар? Наурызда өтетін әлем чемпионатына қатысасыз ба?

– Жаттықтырушыммен әлі де ақылдасу үстіндемін, нақты шешімге келе қоймадық.

Сұхбаттасқан Мөлдір ДАРХАНБАЕВА

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№6 наурыз 2014 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу