Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Иван Дычко неліктен кәсіпқой боксқа ауысқандығын айтып берді. Бұл туралы juldyz.kz порталы baq.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 

Иван, сіздің кәсіпқой боксқа ауысқаныңыз ресми түрде расталды. Ұлттық құрама сапында біраз тер төктіңіз. Неліктен мұндай шешім қабылдадыңыз?

– Шынымды айтсам, көптен бері кәсіпқой боксқа ауысу туралы ойлап жүргенмін. Сол жоспарды жүзеге асыратын уақыт жеткенін түсіндім. Ұлттық құрама сапында бірнеше жыл бойы еңбек етіп, ел намысын абыроймен қорғауға тырыстық. Елішілік біріншіліктерден бастап Олимпиада ойындарына дейін түрлі деңгейдегі жарыстарда бақ сынап, тәжірибе жинадым. Әуесқой бокста Олимп шыңын бағындырмасам да, қолымнан келгеннің бәрін жасап, жүлдегер атандым. Енді алдымда жаңа белесті бағындыру міндеті тұр.

– Қателеспесем, Австралияның MJA Entertainment промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырдыңыз. Өзгелер секілді Батысқа кетпей, неліктен таңдауыңыз бұл компанияға түсті?

– Өзге де ұсыныстар болғаны рас. Бірақ қойылған шарттар мен жасалған жағдайына қарап осы компанияның ұсынысын қабылдауды жөн көрдім. Қытайда қазір боксқа, оның ішінде кәсіпқой боксқа деген қызығушылық жоғары.

– Ал дайындық қайда болады? Қытайға көшесіз бе?

– Құжат мәселелері шешілген соң Майамиге (АҚШ) аттанамыз. Жаттығу жұмыстары сонда өтеді.

– Сіздің салмағыңызда елімізде бәсеке аз, мықты боксшылар санаулы. Кәсіпқой боксқа ауысатыныңызды естіген бапкерлер штабы не деді?

– Құраманың бас бапкері Мырзағали Құланұлы мен өзге де мамандар бар, бәрімен ақылдасып, осы ойымды айтқанда, ол кісілер қолдау көрсетті. Бұл менің өз шешімім. Бапкерлер жаңа асуға жетсем деген құлшынысымды көріп сәттілік тілеп жатыр. Сондықтан да ұлттық құраманың бапкерлер кеңесіне алғыстан басқа айтарым жоқ.

– Алғашқы кездесуіңіз қашан өтуі мүмкін? Келісімшартта жекпе-жек уақытына байланысты қандай да бір талаптар бар ма?

– Ол жағы әзірге белгісіз. Мұның бәрін компания өкілдерімен, бапкерлермен тағы да кездесіп, ақылдаса отырып шешеміз.

– Яғни жақын арада бокстан кету туралы ой жоқ қой?

– Сәтін салса, кемі бес жыл бокстасамын деген ниет бар. Алда мақсат көп, оларды орындау үшін біраз жұмыс істеу керек. Сондықтан бокстан кету туралы қазір ойлап та жүрген жоқпын.

Сұхбаттасқан Мәдина АСЫЛБЕК

«Қазақ спорты» газеті

 

 

Пікір қосу