Продюсер Қыдырәлі Болманов «Мәскеуде диссертация қорғадым, Ресейдің Ғылым академиясының профессорымын» деп айтып жүр. Бірақ, көрші елдің Білім және ғылым министрлігі де, Ғылым академиясы Қыдырәліні көрсек, көзіміз шықсын дейді. Бұл туралы 365info.kz порталына сілтеме жасай отырып, juldyz.kz хабарлайды.
Қыдырәлі бір жыл бұрын өзінің Instagram-парақшасында: «Мен енді халықаралық дәрежелі доктормын. Ресей компаниясының алдында диссертация қорғадым», — деген болатын.
Алайда, Ресейдің Білім және ғылым министрлігі Болмановтың өтірігін шығарып берді:
«Ресей Ғылым академиясында ондай профессор атымен жоқ…Бахтизин дейтін ғалым бар, Болманов жоқ!»
Ал бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асланбек Әмрин былай дейді:
— ҚР Білім және ғылым министрлігі мен оның Білім және ғылым салаларын бақылау жөніндегі комитетіне Қыдырәлі Болмановтың ғалым дәрежесі жөніндегі шетелдік дипломын мойындау туралы ешқандай құжат келіп түскен жоқ, ондай адамға Қазақстан тарапынан да философия ғылымдары докторының дипломы берілген емес.