Жазира Аймұратова, марқұм Нәби Аймұратовтың жары

 Мұндай адам өмірде біреу ғана шығар?

– Жазира, аяулы жарыңыздан айырылғалы да жылға жуықтады. Нәбисіз күндеріңіз қалай өтіп жатыр?
– (Жазира әңгіме басталғаннан қолына бет­орамалын алып, сұхбат біткенше егіліп жылап отырды – Ә.Қ.) Жоқ, мен Нәбиді әлі күтіп жүрмін… Ұзақ сапардан келетін сияқты. Кейде жалғыз қалған кезімде «қалайша мен оны енді көрмеймін?» деймін де, өз ойымды өзім жек көріп кетем.

– Сізге бірден ауыр сұрақ қойдым-ау. Екеуіңіздің танысқан күндеріңізді есіңізге түсіріңізші…
– Биыл танысқанымызға сегіз жыл болады. Арамыз екі жас-ты. Мен 11-сыныпта оқып жүргенде, Нәби 8-іншіде оқитын. Қызылорда қаласында қалалық саябақта таныстық. Өмірімде бірінші рет құрбыма еріп сол саябаққа қыдырып барып едім. Нәби де сонда жүр екен. Екеуміз сол саябақта кездестік. Тез достасып кеттік, көп ұзамай достығымыз одан да ыстық сезімге ұласты. Екеуміз бір нәрсеге келіспей қалсақ, ренішіміз көпке ұзамайтын. Өйткені, Нәби тез арада татуласпаса, шыдай алмайтын.

– Нәби бар-жоғы 23-ақ жыл өмір сүрді. Соның біраз жылын өзіңізбен өткізді. Ол қандай адам еді?
– Кейде «мұндай адам өмірде біреу ғана шығар?!» деймін. Өйткені, ол барлық жағынан да мінсіз болатын. Үлкеннің де, кішінің де көңіліне тимейтін. Ересек жігіттер Нәбиді «кішкентай бала ғой» деп қарамайтын. Өздерімен тең көретін. Ұлықпан, Саят ағамен қатты қалжыңдасатын. Кез келген адамның көңілін табуға тырысатын. Бір көзімнің жеткені: Нәби, мүмкін, өзі сондай жақсы адам болғандықтан шығар, адамның бәрін жақсы көретін. Сегіз жылда ең болмағанда бір рет мені ренжітіп немесе жаман сөз айтып көрмепті. Жанынан бір елі тастағысы келмейтін. Керісінше, мен ұялып: «Нәби, сен өзің бара берші, мен жолдастарыңнан қысыламын», – десем, «Менің жанымда жүре берші. Үйде қалсаң «бір өзі үйде не істеп жатыр екен?» деп алаңдаймын» дейтін. Тіпті тойға кіріп ән айтып шыққанның өзінде мені үй киіміммен көлігіне отырғызып алатын. Сөйтіп, ол шыққанша машинада күтіп отыратынмын. Қаншама құрбыларымның жолдастарын көрем ғой, көпшілігі жарына «Тамақ істе! Көйлегімді үтікте!» деп бұйырып сөйлейді. Ал Нәби ешуақытта әкіреңдемейтін. Нені болсын, еркелете отырып сұрайтын. Ас ішіп болған соң міндетті түрде «Жаным, тамағың дәмді бопты!» дейтін. Кейде қонақтар келіп, тамақ жасау керек болып қалса, Нәби өзі жасай беретін.

– Нәбидің сіздің ата-анаңызбен қарым-қатынасы қалай болды?
– Ой, ол жағын айтып жеткізе алмаймын! Мен қалай жақсы көрсем, ол да солай жақсы көрді. Маған «Сенің мамаң өзімнің мамамдай» дейтін. Екеуміз қыз-жігіт боп жүрген кезімізде-ақ ол біздің үйге келіп тұратын. Бір күні екеуміз ренжісіп қалдық. Сол кезде жалма-жан үйге келіп алып, мамаммен тіл табысып үлгеріпті. Мамам «балам, ұят болар, бара ғой енді» десе, «шамалы сөйлесе тұрайықшы, мен сізді бүгіннен бастап «мама» дей берейінші» депті. Далада жаңбыр құйып тұрса керек, үстіндегі күртесін шешіп, мамама жауып қойыпты. Папаммен де үйленбей тұрып танысты. Нәби өз мамасын ерекше жақсы көрді. Кейде ­«Жазира, анамды қалай жақсы көретінімді білсең ғой! Мен сені дәл солай жақсы көрем» дейтін. «Қалайша менде бәрі бірдей көңілімдегідей болып кетті? Сүйген қызыма үйлендім, өнерім де өрге жылжып жатыр, Құдай қайынжұртты да бере салды!» деп отыратын. Тез арада бірнеше клип түсіріп, қаншама ән жаздырып үлгерді. Ал демеушілік жасап жүрген Ниязбек Құрбанов аға тойымызда Алматыдан бір бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Осының бәрі Нәби үшін қуаныш болды.

– Тойларыңыз көңілдегідей өтті ме?
– Негізі, біз 2007 жылы үйленеміз дегенбіз. Бірақ Нәбидің мамасы «Сәл күте тұрыңдар, әуелі ағасы үйленсін» деп, сәл кідіртті. Кейін ағасы үйленді. Ата-анасы маған қаңтар айында құда түсіп қойды. Қалғанының бәрін Нәбидің өзі атқарды. Тіпті бірде маған хабарласып: «Жаным, құлағыңа тағатын сырғаны өзің таңдап алып, біздің үйдегілерге апарып бер», – деп тұр. «Нәби, ұят емес пе? Мен өзіме-өзім қалай апарып берем?» десем, «Сырғаны сен тағасың ғой, сондықтан өзің таңда. Ақшасына қарама, өзіңе ұнағанын, сапалысын ал» деді. Тағы бірде қоңырау шалып, «Көйлегіңе қанша ақша керек?» деді. Мен «Мың доллардай шығар» дедім. Сол ақшаны салып жіберді. Екі күн өтпей жатып, «Жазира, көйлек алар кезде мен де еріп барайыншы» деп тұр еркелеп. «Қазір көріп қойсаң кейін қызық болмай қалады. Шыдай тұр, тойда бір-ақ көресің» деп әйтеуір тоқтаттық. Көйлекті алдық. Арада бір айдай уақыт өткенде, Еркін Нұржанов екеуі Шымкентте тойда жүр екен, түн ішінде ұялы телефоныма хабарласып тұр. Шошып кетіп «Нәби, тыныштық па?» десем, «Тыныштық. Мына тойдағы қалыңдықтың көйлегі үш мың доллар екен, сенің көйлегің арзандау емес пе? Анық қаласаң, мен саған сондай қымбат көйлек алып беремін» деп тұр ғой. Әбден күлдім. Қазақылыққа өте жақын еді. Неке тойымызды да қазақы рәсімде өткізді. Жұма намаздан қалмайтын. Мені де мешітке жиі алып баратын. Аузынан Алласы түспеуші еді.

– Үйленгеннен кейінгі қызықтары жадыңызда ма?
– Құдайдың құтты күні әйтеуір бір нәрсе жасап, ішек-сілемді қатырып күлдіріп жүретін. Ас үйде тамақ жасап жатсам, «Жазира, пиязың мен картошкаңды аршып берейін» деп қасыма кеп тұрып алатын. «Нәби, екеуміз жейтін екі картоп пен бір пиязды өзім-ақ арши аламын, баршы» десем, «онда саған өлең айтып отырамын» деп қолына домбырасын алып, өтірік өлеңдерді ұйқастыра бастайтын. Кейде душқа түсіп жатсам, сыртымнан жарықты сөндіріп тас­тайтын. Негізі, мен қараторымын ғой. Ол сол қаралығымды айтып мазақтайтын. ­«Заттыбек Көпбосыновтың қарындасысың» дейтін (ол кісімен де әзілдесе беретін). Мен қаралығымды мойындағым келмей, шыр-пыр болатынмын. Ол соны қызық көреді. Сонымен жарықты өшіріп тұрып, «Мен қап-қарамын! Қара көмірмін!» деп айтсаң, жарықты жағамын» дейтін. Амал жоқ, тасқараңғыда қалған соң, айтуға тура келеді. Бір күні Еркіннің үйіне барғанымызда, Заттыбек аға келді. Мен ол кісіні бұрын-соңды көрмегендіктен, тек басымды изедім де қойдым. Сол кезде Нәби «Жазира, неге өзіңнің ағаңмен дұрыстап амандаспайсың?» деп күлдіргені бар…
Ол үнемі көңілді жүретін. Ұнжырғасы түсіп, өмірден түңілуді білмейтін. Қанша ашуланып тұрса да, балағаттап, жаман сөз айтпайтын. Тіпті кейде жол кептелісіне тұрып қалғанда немесе біреулер жол ережесін бұзып, жүруіне кедергі кел­тіргенде де, рульді ұрып, аузына келгенін айтпайтын.

– Қаншама шат күндерді бастан кештіңіздер. Сондайда сізде «осы бақытымнан айырылып қалмасам екен?» деген әйелдік сезімталдық болған жоқ па?
– Нәбиге қараған сайын қайта ғашық болатынмын. Оның киініп-шешінгеніне, сөйлегеніне, ән салғанына, жүріс-тұрысына қарап оты­рып өзімнен-өзім «Құдай мені жар таңдауда жаңылыс­тырмаған екен!» деп тамсанатынмын. Ол үнемі «Сен менімен мақтанасың ба?» деп еркелейтін. Мен «Әрине! Сен «эксклюзивный» адамсың ғой, сен­дей адам бұл өмірде біреу ғана!» дейтінмін. Нәби мені «модница» дейтін. Бірақ үйде айнаға көп қарайтын мен емес, ол еді. Сондайда күліп: «Бұл үйдің әйелі мен емес, сен шығарсың?» – деп күлетінмін. Қашанда әдемілікті жаны сүйді. Сәнмен киінді. Өте көпшіл еді. Үйде екеуміз ғана ас ішкен күніміз есімде жоқ. Міндетті түрде бір досын өзімен бірге алып келетін немесе шақырып алатын.

230-бен зу еткен көлікті МАИ көрмей де қалыпты

– Жазира, ауыр болса да бір сұрақ қойғым келіп отыр. Екеуіңіздің ең соңғы түскен суреттеріңіз қолымда тұр. Осы күн туралы…
– Қызылордадағы бөлесінің тойы болатын болды. Мамам (Нәбидің анасы) «тойға келіңдер» деді. Бірақ Нәби «Жазира, біз ол тойға бармаймыз» деген соң, мен «жарайды» дедім. Бірақ бір-екі күннен соң «Тойға Еркінді алып баратын болдық» деді. Тойға бір күн қалғанда ма, өзінен-өзі таңертең орнынан тұра сала достары – Раджға, Нұрболатқа хабарласып: «Келіншектеріңмен шығыңдар, Қапшағайға барып, шомылып қайтайық», – деді. Сонымен Еркінді де ертіп, Қапшағайға бардық. Екі сағаттай шомылып, үйге қайттық. Жолда келе жатып маған «Тойға бүгін шыға берсек қайтеді? Келін түскен кезде, сол жақта болайық та» деді де, біз сол түні жолға шығып кеттік. Қызылордаға келіп, беташарға қатыстық. Еркін бізбен бірге баратын болған, бірақ шыға алмады. Дәл той болатын күні Нәби Еркінге қайта-қайта қоңырау шалып, тыншымады. Онымен сөйлесе алмаған соң, Еркіннің бөле інісіне телефон соғып, «Еркінді қалайда алып келіңдер» деді. Сонымен Еркін, бөлесі, бөлесінің досы үшеуі «Мерседес» автокөлігімен тойға келді.


Той бітпей жатып, Нәби «қайтамыз» дей бас­тады. Бәрі бізді шығарып салды. Асыққан себебі, ертеңіне «Мүмкін емес» әніне бейнеклип түсіруді бастамақ еді. Жолға шықпай тұрып, әуелі Қызылордадағы үйге келдік. Сонда менің бір таңқалғаным: тазалықты өте жақсы көретін, туфлиін шабаданға әншейінде екі пакетті қабаттап орап салатын Нәби сол жолы аяқкиімін қалай болса солай сала салды. «Мұнысы несі?» дедім. Сөйтті де, «Бол!» деп мені асықтырды. Содан қаладан шыға бере барлық достарына хабарласып: «Сендер мені шығарып салмайсыңдар ма?» – деді. Ол ешқашан бұлай етпейтін. Екі досы келді. Қаладан шыға берістегі дәмханада отырдық. Еркін «Нәби, достарыңмен жолдан қоштасып, ертерек кете берейік те» деп еді, ол «Жоқ, дұрыстап отырайық» деп бой бермеді. Мен кіл жігіттердің арасында отырғым келмеп еді, Нәби қоймай алып кірді. Ол жерден сағат түнгі төрттен өте шықтық. Нәби Еркіннің бөлесіне дискісін берді де, «мынаны қойшы, бір билейік» деді. Мен «айдалада билегені несі?» деп тұрмын. Нәби өз әніне билемейтін-ді. Өңшең жігіттер боп, шулап биледі. Мен оларға қарап күліп тұрмын. Содан Нәби достарымен қоштасып, тарасып жатты. Мен өзіміздің машинаға отырдым. Нәби «Жазира, мынаған шалқайып жат та ұйықта, саған ыңғайлы болсын» деп кішкентай жастықша берді. Айтпақ­шы, әлгі жерде Еркіннің бөлесінің жанында тағы бір дос баласы бар дедім ғой. Нәби Еркіннен: «Еркін, мына екі жігіттің қайсысы машинаны тәуір айдайды?» – деп сұрады. Еркін «Мақсат жақсы айдайды» деді. Мақсат – Еркіннің бөлесі Дамирдің досы. «Онда Мақсат мына машинаны айдасын» деп мен отырған өзінің көлігінің кілтін берді. Ал Дамир Еркіндер отырған машинаның кілтін алды. Мен Нәби өзіміздің машинаға оты­ратын шығар деп ойладым, өйткені, ол өзгеге машинасын көп айдатпайтын. Бірақ ол маған келді де: «Жаным, мен Еркіндердің машинасына отырайын», – деді. Мен жібергім келмей «Неге?» деп ем, «Еркін менің бөлемнің тойына арнайы келіп отыр ғой, жанында әңгімелесіп отырмасам, ұят болады одан» деді. Сонымен «ерніңді әкел, сүйейін» деді де, мені құшақтап, сүйді де, көз алдымда әлгі машинаның алдыңғы орындығына барып отырды. Терезесін барынша ашып түсіріп қойды. Сөйтіп, ол машина зулап біздің алдымызға түсіп кете барды.

Таң ата көзім ілініп кетіпті. Қызылорда мен Шиелінің арасы – бір жарым сағаттық жол, ал біз бар-жоғы 40 минутта жетіппіз. Сәлден соң Мақсат «Тәте, тұрыңызшы, әлгілер жоқ болып кетті» деді. Ұйқым шайдай ашылды. Машинаны артқа бұрып, біраз жүрдік. Қарасақ, ешнәрсе көрінбейтін шаң. Біздің артымыздан МАИ машинасы қуып келе жатыр. Сөйтсек, олардың алдынан біз өте жоғары жылдамдықпен өтіп кеткен екенбіз. Ал Нәбилер отырған көліктің көз ілеспес қатты жылдамдықпен зу еткені сондай, МАИ қызметкерлері көріп те үлгермеген! Тек бізді қуып келе берген. Мен оны білмеймін. Кейін Мақсат «Тәте, мен 200-бен жүріп те оларға жете алмадым» деді. Естуімше, олар 230 жылдамдықпен жүрген. Нәбилердің машинасы жолдан біршама әріде тас-талқаны шығып жатыр. Оны көргенде-ақ мен бәрін білдім. Өйткені, машина соншама жоғарыға ұшып, Нәби отырған жағымен құлаған. Оның үстіне, ол шырт ұйқыда жатқан. Қорғағыш белбеуді тақпаған, терезесі ашық… арғы жағын өзіңіз ойлай беріңіз… Бірден сол жаққа қарай жүгіріп ем, Мақсат ұстап алды да, жібермеді. Оның үстіне МАИ қызметкерлері қоршап алып, ешкімді өткізбеді. Он минут шамасында «Жедел жәрдем» келіп, алып кетті. Мен ешқайсысына көнбей, «Жедел жәрдемнің» соңынан бардым. Оның артқы есігін ашқанда Еркін мен Дамир отырды, Нәби жоқ. Сол жерде-ақ оның апат болған жерде қалғанын білдім. Сол жерде есімнен танып қалдым… Көзімді ашсам, үйде екенмін.

Бір адамның жауапсыздығы қаншама жанды қасіретке тұншықтырды!

– «Ажалға дауа жоқ» қой, алайда, 230-бен жүру деген адамға машина емес, ұшақпен ұшып бара жатқандай әсер қалдырады екен…
– Көрдіңіз бе? Қатты айтсам кешірсін, біреудің топастығынан атпалдай азаматымыздан айырылып отырмыз. Көлік тізгінін ұстаған бір адамның жауапсыздығы қаншама жанды қасіретке тұншықтырып кетті! Жол жүрер кезде құлағымның шалғаны – әлгі Дамир Мақсатқа қарап: «Менің машинам сенікін шаң қаптырады», – деп тұрған. Балалық па, ақымақтық па, машинамен озғанның өзін мақтаныш көріп тұр. Айдан анық нәрсе, ол жігіт сонша жылдамдықтан кейін машинаны тоқтата алмай қалған да, өзі секіріп кеткен, автокөлік ары қарай зуылдап кете берген. Өйткені, машинаның газы қайтпай қалған. Машина Дамирдің жатқан жерінен 30-40 метр әріде жатыр. Барлығы бүгінгідей сайрап көз алдымда тұр. Тек Нәбиді тыныш жатсын деп, бәрін жабулы қазан күйінше қалдырдық. Бірақ ойласам, өкініштен, ызадан өртеніп кете жаздаймын. Нәби сонша не жазып еді?..

– Ең болмағанда жұбаныш болардай, артында тұяғы да қалмады…
– Иә… Нәби сәбилерді қатты жақсы көретін. Балалар дүкенінің жанынан өтіп бара жатсақ, «Құдай қаласа, балаларымды осы дүкеннен киіндірем. Маған бірінші қыз керек, шашын өзім өріп беремін» дейтін. Әдетте еркектер «алдымен ұл керек» демейтін бе еді… Бала көтере алмай жүргенімді қатты уайымдайтынмын. Бірақ Нәби «Жазира, бәрі Алланың қолында. Неменеге сонша уайымдайсың? Әлі жаспыз, бәрі болады. Үйленгенімізге бір жыл да болған жоқ қой. Бес жыл, он жылдан кейін де перзент сүйіп жатқандар бар. Қорықпа, арамызда бала болмаса да, мен сенен айырылмаймын» дейтұғын.

Нәби Аймұратов (1986 – 2009)

– Жазира, сұхбатымыз басталғалы көз жасыңыз бір тыйылмай отыр. Осының өзі Нәбиге деген ыстық сағынышыңызды, адалдығыңызды сездіріп тұр. Дегенмен, қысқа ғұмыр болса да шын сүйген Нәбиіңізбен бірге жүргеніңіз үшін де бақытты шығарсыз?
– Иә, бақыттымын. Ғұмыр бойы қол ұстасып өте алмасам да, мен оның жары деген атқа ие болдым. Жанымды ешуақытта ұмытпаймын, ол менің жүрегімде! Нәбиімнің жетпей кеткен армандары, мақсаттары үшін өмір сүрем! Оның күлімдеген бейнесі, менің оған деген сүйіспеншілігім өзіммен бірге кетеді! Мен оны әр секунд сайын, әр минут сайын ойымнан шығармаймын. Өмірімнің соңына дейін күтіп өтем!

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№8 (74) Сәуір 2010 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

 

2 пікір

  1. Алла сақтамын мынадай қайғыдан.Сағат түнгі 1-35 ……Жүрегім қатты сыздап көзіме ерексіз жас келді.????????????????????мына сұхбатты оқып кеудем қарсы айырылды.Алла тағала сабыр берсін сізге.Сүйген адамыңның жоқ екенін мойындамасанда алла тағалла мойындатқызады қандай қиын..

  2. Наби ага оте аксы ага еди жанын Жанната кылсын. Жазира женге омирде не болмайды бари болады сиздин жылаганызды агам гана корип сагнып периште болып жубататын шгар. Ол кун умытылмас кун болдыгои бизге. Сиздин жан жаранызды кыиналганызды ким тусинсн агамыздан баска ешкмде туснбидгои. Жазира женше мен оиымды жеткзе алмай отырмын коп уайымдаманыз бари жаксы болады.

Пікір қосу