Темірбек Жүргенов 1898 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келді. Ол көрнекті мемлекет қайраткері және журналист.

Балалық шағы

Темірбек бала кезінде өте алғыр, зерек, шыншыл, білімқұмар болған. Ол  ауыл молдасы Қауынбай, Мұхамбетжандардан дәріс алған. Кейін шығыс тілінің білгірі Тұрмағамбет Ізтілеуовтен дәріс алған. 1909 жылы Аламесек орыс-қазақ бастауыш мектебіне оқуға түсіп, оны 1913 жылы бітіріп шығады. Мектеп бітірген соң 1913 жылдан бастап Крылов, Некрасов шығармаларын қазақ тіліне аудара бастайды. Ұлы сатириктерге еліктеп, «Переводчиктің қиялы» деген алғашқы сатиралық өлеңін де жазған. Ол мектеп бітірген соң Перовскідегі Суханский атындағы қалалық жоғары орыс-қазақ училищесіне түсіп оқиды. Кейін 1917 жылы училищені бітірген Темірбек Уфадағы Жер өлшеу училищесіне оқуға түседі. Алайда, бұл оқу орнын тәмамдай алмайды.

Еңбек жолы

1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енген Темірбек Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болды. Бір жылдан соң  Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің  төрағасы қызметіне тағайындалған. Кейін Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол 1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқи жүріп,  Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі болып тағайындалады. Өлкелік және республикалық партия ұйымдарының конференциялары мен пленумдарына қатысады. 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.В.Бартольд, профессор С.Е.Малов секілді ғалымдарды шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салды. Жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ, қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысты. 1929-1930 жылдары — Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары — Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары болады. Кейін 1933-1937 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды.

Отбасы

Темірбек бай отбасынан шыққан. Әкесі — Қара, шын аты — Сырлыбай Жүргенұлы 1858 жылы Қаракөл Қуаңдария болыстығында дүниеге келген. Ол мал шаруашылығымен айналысқан. Бірнеше жыл болыс болған кісі. Қарадан 7 ұл,1 қыз қалған. Әкесінің үш әйелі болған.

Темірбек 1927 жылы Әлімхан Ермековтің қызы Дәмеш екеуі Ташкентте отау құрады. Жалғыз ұлы болған. Алайда, Алматыға келген жылы қайтыс болыпты. Оның артынан ұрпақ қалмады.

1937 жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. Қайраткердің зайыбы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Ленинмен кездескен тұңғыш қазақ Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш Ермекова Темірбек Қараұлы атылған күні абақтыға жабылған, 18 жыл ғұмырын АЛЖИР-де өткізген. Күйеуінің де, өзінің де жазықсыз жазаланғандығы жөніндегі ақтау қағазын алғаннан бері 30 жылдан астам уақыт бойы ол бар күш жігерін игілікті іске — Темірбек Қараұлының халқына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне сарп етумен келді. Айнымас адал жарының қажырлы ізденістері нәтижесінде Жүргеновтің екінші, мәңгілік өмірі басталды. 1957 жылы КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясы Т.Жүргеновті толық ақтағасын, Дәмеш Ермекова жарының адал есімін халқына жаңғыртам деп фольклорист М.Байділдаевпен көп шаруа тындырды. Қайраткердің туғанына 80-, 90-, 100-жылдық мерейтойды атап өту тұрғысында естелік-әңгіме, кітап шығарып, ерінің еліне істеген ерен еңбегін жұртшылыққа жариялап жүріп, өзі де өмірден өтті.

Марапаттары

Өзі құрған Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясына 1993 жылы Темірбек Жүргеновтің есімі берілді. Сондай-ақ, Алматы, Қызылорда қалаларында, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Қызылорда облысының Жалағаш аудандарында Т.Жүргенов есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар. 1998 жылы Жүргеновтің 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Туған жері Жалағаш кентінде ескерткіш орнатылды.  2008 жылы 14-15 қарашасында туған жері Қызылорда, алғаш қызметін бастаған Ақтөбе облыстарында қайраткер-қаламгердің 110-жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілді.

Пікір қосу