Роза Рымбаева, әнші, ҚР Халық әртісі:  

Осыдан екі ай бұрын Ресейден мені марапаттау кешіне шақырған арнайы хат келді. Сөйтіп, Ресейдің «Ұлттық айбын» сыйлығының «Құрмет және даңқ» номинациясының лауреаты атағын алдым. Ұйымдастырушылар «Марапаттау рәсіміне концерттік бағдарламаңызды да дайындап келіңіз» деді. Марапаттау мемлекеттік Кремль сарайында өтті. Марапатты алып марқайып, қуанып қалдым. Сондай-ақ Беларусь Президентінің қолынан да марапат алу бұйырыпты. Жалпы, Ресей, Беларусь елдері менің өнерімді жоғары бағалап, үнемі марапаттап отырады. Бұл елдердің құрметтері біздің қазағымыздан кем емес. Мен де олардың алдында жиі концерт беремін, гастрольдік сапармен барып тұрамын. Ресейлік, беларусьтік оркестрлермен үнемі байланыстамын, бірге жұмыс істеймін. Біздің еңбегімізді бағалап жатқанына алғысымды білдіремін. Осы жылы бұдан бөлек, елімізде болған  «Жыл таңдауы» жобасына қатысып, марапат алдым. Ұлым Әли әрқашан өз бабында жұмыс істеп, өзін дамытып келеді. 19 желтоқсан күні Әли Окаповтың тұңғыш концерті өтті. Қазақконцерт бірлестігі концерт беруге ұсыныс жасады.  Осы жылы кіші ұлым Мәди  музыка колледжін үздік бітіріп, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түсті. Мен үшін балаларымнан артық қуаныш жоқ.

 

Қарақат Әбілдина, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Өткен 2018 жылға шүкіршілік етемін. Бұл жылда шығармашылығымда көптеген жаңалықтар болды. Ән қоржыным жаңа шығармалармен толықты. «Қызымын елдің бақытын тапқан өнерден» деп аталатын өзіме арналған әнім жарыққа шықты. Жақында бейнебаянымызды телеарналардан көре аласыздар. Ал тыңдармандарым осы әнді өте жақсы қабылдап, ықыластарын білдіріп жатыр. Сонымен қатар ән қоржынымызда дуэттік әндерімізде көбейді. Одан бөлек Атырау және Ақтөбе қалаларында «Қарақат» мектеп-студиямыз ашылды. Бүгінде еліміздің бес қаласында өнер мектебі өз жұмысын жүргізіп, үш мыңнан астам шәкірт тәрбиелеп жатырмыз.  Аллаға шүкір, отбасылық өмірімізде өз орнымен, тіршілігімен келеді. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр.Өз елін, жерін шексіз сүйетін қазақтың біріміз. Тәуелсіз ел екендігімізге шүкіршілік етеміз. Тәуелсіз ел болу – екінің біріне беріле бермейтін бақыт. Алланың қалауымен сол бейбіт өмірге жетіп отырмыз. Бірақ Тәуелсіз елімізге біз не бере алып жатырмыз? Мәселен, біз тәуелсіз ел бола отырып өзіміздің ана тіліміз – қазақ тілін дұрыс жолға қоя алмай келеміз. Аулада кішкентай жеткіншектеріміз, қазақ жастарымыздың басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Соны көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Қазақ тілінде таза сөйлейтін жас ұрпақты көп кездестіре бермейтін болдық. Бұл мәселе біздің еліміздің тәуелсіздігі үшін қауіпті деп ойлаймын. Бұл мәселені шешу үшін әр адам, әр жанұя өз отбасынан бастауы керек. Әр отбасы балаларының қазақ тілінде білім алуын, қазақы дәстүрде тәрбие алғанын қадағалауы қажет. Мен де ана тіліміздің өркен жаюына өз үлесімді қосуға барынша тырысамын. Балаларымның барлығы қазақ тілді мектепке барады. «Қарақат» мектеп-студиямызға жеткіншектерді қабылдамас бұрын «эстрада, би, заманауи жанрды таңдайтын болса да, алдымен мектебімізде домбыра курсын оқып, меңгеру қажет» деп қатаң талап қоямыз. Иә, мүмкін ол жеткіншектердің барлығы дәстүрлі әнші болып кетпес. Алайда ұлттық кодымыз домбыраны біліп, оның үнін бойына сіңдіреді. Менің сахналық имиджім, орындайтын әндерім, түр-келбетім қазақтың қызы, келіні, анасы деп қалыптасты. Менің әрбір аяқ алысым қазақ қыздарына үлгі бола алса екен деп жүремін. Яғни әр адам өз отбасынан, өзі айналысатын саласынан біздің идеологиямызды қалыптастыруға тырысса, бұл мәселе шешілетіндігіне сенімдімін. Бізге бейбіт өмір сыйлаған ата-бабамыздың аманатына қиянат жасамауыз қажет. Сол себепті тілімізді, дінімізді, ұлттық мүддемізді, салт-дәстүрімізді насихаттап, ата-бабымыз қазақ елін қандай қалыпта құрған болса, дәл сол қалыпта келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ол үшін «Мемлекет не береді?» деп отырмай,  ұлтқа қызмет етуді әр адам өзінен бастауы керек.

Мәдина Сәдуақасова, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

2018 жылды гастрольдік сапарлармен бастадым. Моңғолия елінің бес аймағында концерттік кешімді өткіздім. Кейін елімізге оралып, Маңғыстау облысында кешімді жалғастырдым. Бұл жыл менің шығармашылығым үшін «жемісті жыл болды» деп баға берер едім. Себебі бір жыл ішінде жиырма үш ән жаздырып, төрт бейнебаян түсіріппін. Сонымен қатар «Топжарған» және «Бала дауысы» атты екі ірі жобада жүргізуші ретінде бой көрсеттім. Аллаға шүкір, 2018 жылы шығармашылығымда жаңалықтар көп болды.

Ардақ Балажанова, дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

2017 жылы жеке шығармашылық кешім өткен еді. Сол қуанышпен, серпінмен 2018 жылға қадам басып едім. Осы екі жылда көптеген жаңа әндерім дүниеге келді. Ұлттық нақыштағы әндерімді заманауи стильде өңдеп шығардым. Сол репертуарыммен Қазақстанның бірнеше қалаларында концерттер өткіздік. Бұдан бөлек Парижде өткен дүниежүзілік фестивальге қатысып келдім. Париж сахнасында қазақ әнімізді ұлттық оркестрмен орындап шығу мен үшін үлкен құрмет әрі қуаныш болды.

Өмірқұл Айниязов,  әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

  1. Биылғы жыл мен үшін жемісті жыл болды. Шығармашылығымда көптеген жаңалықтар бар. Жылдың басын «Арман-ай» деп аталатын әдемі бейнебаян түсіруден бастадым. Бұл ән келіншегіме арнайы жазылған. Сол себепті де бейнебаянға өзін түсіруді жөн санадық. Бұдан бөлек Шөмішбай Сариев ағамыз жарымен түсті. Біраз уақыттан бері ойымда жүрген Жетісу өңіріне арнап ән жаздырдым. Сазгер Арман Бексұлтан, ақын Қалқаман Саринге тапсырыс беріп «Жетісу – жер жәннатым» деген атпен жаңа әнімді жаздырып, орындап шықтым. Сондай-ақ концерттерімде Шәмшінің әні «Теріскейді» қайта жарыққа шығардым. Алматы облысындағы біраз жерлерді аралап концерт бердім. Жеке өмірімізде де жаңалықтар жетерлік. Биыл екі жылдан бері салған зәулім үйімізге көштік. Енді жаңа жылды осы жаңа үйімізде қарсы алмақпыз.

Жігер Ауыпбаев, әнші

Бұл жылы алға қойған мақсаттарым орындалмады. Жыл ойдағыдай болмады. Өйткені жылдың басында үлкен әкеміз дүниеден қайтты. Одан кейін әжем қатты ауырды. Әжемнің өмірден өтетінін сезгендіктен, қажылық сапарға жіберіп алайын деп ойладым. Бейнебаяндарыма жинап қойған қаржыма әжемді қажылық сапарға аттандырдым. Сөйтіп, ол кісіні қажылық сапардан жақсы қарсы алып, шығармашылығыма кіріскелі жатқан кезде әжемнен айырылып қалдық. Үнемі қалаға қайтар кезде әжем: «Менің қанша уақытым қалды дейсің, анау өмірге қол көтеріп тұрмын ғой. Сен келесі келемін дегенше мен бармын ба, жоқпын ба? Аман бол, қарағым» – деп көзіне жас алып дарбазаның сыртына дейін қимай-қимай шығарып салатын.Бұл жолы қара xалық болып көзімізге еріксіз жас үйіріп асыл әжемізді қимай мәңгілік өмірге шығарып салдық. Одан кейін шығармашылықпен бірден айналыса алмадым. Енді өзімді жинақтап жатқанымда қарындасым тұрмыс құратын болып бар ынтам осыған ауып кетті. Өтірік айтпай-ақ қояйын, осы жылы шығармашылығыма көп көңіл бөле алмадым.

Айдар Тұрғанбек,«Жігіттер» тобының әншісі:

Биыл мен үшін үлкен жетістіктерге толы жыл болды. «Жігіттер» тобында да, өзімнің жеке шығармашылығымда да өзгерістер көп. Осы жылы біздің тобымызға 15 жыл толды. Айтулы мерейтойымызға орай Алматы қаласындағы 15 мың адам сиятын «Алматы Аренада» мерейтойлық концертіміз өтті. Аллаға шүкір, концертті абыроймен өткіздік. Ерғали ағамыз жеке әнші ретінде танылуға өз рұқсатын берген. Соған орай биыл жеке бірнеше бейнебаян түсірдім, оның ішінде жарты жыл бойы дайындалған «Жетімдер» әніме түсірілген  бейнебаянды атап айтуға болады. Сонымен қоса әндерімді  толықтырдым. Әрине, келесі жылға үміт көп. Өзімнің жеке шығармашылық кешімді бергім келеді.

Пікір қосу