Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылы 28 қараша Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ ауылында дүниеге келді.
Жұмекеннің жастық шағы
«Жұмекен сабақты жақсы оқыды. Әрі мектепке баруы мұң екен, домбыраға төселіп жүре берді. Ауылға келген сайын үйренген жаңа күйлерін тартып беретін. Ал одан босағанда малды ауылдың науқанды жұмыстарына қатысатын»,- деп еске алады балалық балдәурен кезін бірге өткізген жолдасы Хамидолла Қабдешов.
Жұмекен 1954 жылы он жылдық мектепті бітіреді. Кейін мектепте мұғалім болады. Сөйтіп жүргенде комсомол жолдамасымен Қарағандыға шахтерлік жұмысқа барады. Сонда істеп жүріп шахтаның көркем үйірмелеріне қатысады. Осылайша Мәскеуде өткен қорытынды концертте қазақтың «Қараторғай» әнін хормен жеке дауыста орындайды және жеке бір күй тартып береді. Мәскеуден келгеннен кейін шахтаның бастығы «Сен өнерлі жігіт екенсің, оқуың керек»- деп, Алматы консерваториясына жолдама береді. Ол өлең айтумен қатар домбыраны да бір кісідей тартқан. Жұмекен оқуға түскеннен кейін Ахмет Жұбановқа (Ахмет Жұбанов ол уақытта халық аспаптар кафедрасын басқаратын) барып, біраз сөйлескеннен кейін, өзін дәріс алу үшін Құбыш Мұхитовтың класына жіберуін сұрайды. Ахаң «Өзім де сол ұстазға жіберейін деп отырмын» — депті.
Жұмекен қазіргі уақытта есімдері елімізге белгілі Оспанхан Әубәкіров, Бақыт Қарабалина, Шәмші Қалдаяқов, Бақыт Әшімова және т.б. өнер тарландарымен қатар оқыған.
Жұмекеннің ерекшелігі қандай?
Жұмекеннің кітапханасы едәуір бай болған. «Оқымай ақын болам деу – әумесерлік. Оқу жан байлығы ғой. Жаны кедей адамнан қандай қазына шығады. Жақында, – деп сөзін жалғастыратын ол, – бір жолдасымның үйіне бардым. Есімінің саған қажеті жоқ. Кабинетіне кірдім, кітапханасын көрдім. Оның кітапханасының қасында менің кітапханам әлдеқайда жұпыны. Қолға түспейтін небір кітаптар бар. Амал не, том-том кітаптар кірпіштей қаланған қалпында тұр. Дүкендегі товар секілді. Қолға ұсталынбаған. Оқылмаған. Ол жігіттің кейінгі жылдары өлеңде неге өспей қалғанын сонда білдім», – дейтін ол. Ол өте көп оқыған. Бірақ, мынаны оқыдым, ананы қатырып тастадым деп еш уақытта да жалаулатып сөйлемеген.
Жұмекең көп жайды ішіне сақтайтындай, яғни іштен тынатындай көрінуші еді. Мәселен, мен біреуді жақсы көрсем де, жек көрсем де, мақтағым келсе де, ренжіп-өкпелеп қалсам да, соны табан астында айта саламын. Бұл мінез — өмір сүруге, қиын, әрине. Бірақ көкірегің тазарады. Ал Жұмекең кімнің де болсын көңіліне қарайтын. Өзіне ауыр тисе де, бет жыртыспауға тырысатын. Бес жыл бір кабинетте отырғанда біреумен ұрысқанын көрмедім ғой. Бірақ сөз түсінеді-ау деген кісіге айтарын айтып тастайтын тұсы да бар. Және дәл, өте әділ айтатын. Бір сүйінерің – дәл де әділ айтылғаннан ба, Жұмекеңнің бағасына ешкім де ренжи қоймайтын, — дейді досы Темірхан Момбекұлы.
Жұмекен талантының бір қыры домбырашылығынан танылады. Ол жай домбырашы ғана емес, профессионал күйші болған. Оны достары әзіл-шыны аралас «Солақайдың кұдыретті күйшісі» деп атаған. Жұмекен бәрін де зілсіз қабылдайтын болған. Жұмекен домбыраны ала сап, сабалай жөнелуді ұнатпайтын, баппен, көңілі түскенде ғана тартатын.
Еңбек жолы
Еңбек жолын Жұмекен 1955 жылы Қарағанды шахтасында қарапайым жұмысшы болып істеуден бастаған. Сондай-ақ, кейінгі 1959-1965 жылдары «Жазушы» баспасында кіші редактор, 1965-1966 жылдары Республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1966-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1974-1978 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетте редактор, 1978-1983 жылдары «Мектеп» баспасында редакция меңгерушісі болып жұмыс істеген.
Отбасы
Жұмекеннің анасы Мүслима өте көрікті, биязы, еш адамның бетіне қарсы келмеген, балажан адам екен. Ол 15 жасында тұрмысқа шығыпты. Анасы Муслима мойнына кимешектің ішінен қара-ала тұсау салып жүріп, “Жұмекенді құдайдан 4 жыл күтіп тілеп алдым” деп жиі айтып отырған. Бірақ, ол 25 жасында жесір қалды. Жұмекенді Сәбила, Жаңылсын деген қыздарды ата-енесі тәрбиелеген. Жұмекен өз анасының атын атап өскен. Ал Нәжімеден қарт аққұба, ірі денелі, көзі қысыңқылау. Бақытжамал әже қызыл шырайлы, бүйрек бет, қабағы биік келген кісі. Жұмекеннің әкесі Сабыржан әзілқой, өткір тілді, жалтаңы жоқ бірбеткей, домбырамен ән салатын, өзі жанынан өлең шығаратын, ит жүгіртіп, құс салып, аң қағатын саятшылығы да бар, арабша терең білімді, өзі көрікті адам болған. Жұмекеннің атасы бүкіл Қошалақ құмы мен Нарын құмына белгілі болған адам. “Алаша Нәжімеден ” десе елең етпейтін пенде болмаған. Атамызды облыс, аудан бастықтары іздеп барып, сәлем беріп, 2-3 күн әңгімесін тыңдап жатады екен. Ол 1955 жылы 19 маусымда қайтыс болды. Көз жұмарының алдында Жұмекенге: “Шешелеріңе алаңдама, оқуға кет” деп айтып үлгеріпті.
Ол балаларының ат қою рәсіміне ерекше қараған. Жары Нәсіппен қосылғаннан кейін ол үш қызына да ат дайындап қойыпты. “Бұйырса, үш қыздың әкесі боламын”, — деп Әйкен, Назкен, Бикен деген аттарды дайындапты. Әйкен дүниеге келеді, одан кейінгі Назкен сегіз айлығында қайтыс болады. Назкеннен кейінгі қызды Бикен деп қояйын дегенде, жолдастары: “Аттарды ұйқастыра берсе, ұл болмайды”, — деп айтқан соң атын Қарлығаш деп қойған екен. Қарлығаштан кейінгі дүниеге келген жалғыз ұлына сол кездері атын атауға да қорқатын, қазақтың тамаша ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімін береді.
«Менің Қазақстаным» қалай жазылды?
Жұмекен Нәжімеденов мәтінін жазған «Менің Қазақстаным» 2005 жылы әнұран болып бекітілді. Ол кісінің жұбайы Нәсіп апайдың айтуынша Жұмекен әнді осыдан 50 жыл бұрын, 1956 жылы Алматыда, белгілі қобызшы Гүлсара Бірманованың үйінде жазған. Бұл өлең бір қарағанда Қазақстан миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылған сияқты болып көрінгенімен , негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыларға қарсылықтан туған. Оны сезіп қалған коммунистер әнді мүлдем шығармай тастауға айналғанда Жамал Омарова ара түсіп, эфирден шырқауға мүмкіндік алған. Сөйтіп халыққа жетпей жатып қудалана бастаған ән бағы жанып, бейресмиден тәуелсіздіктің арқасында ресми әнұранға айналды.
Жұмекен Нәжімеденов өмірден ерте кетті. Қазір оның есімі өзінің туған жері Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы ауылға берілді.
Марапаттары
Алпысыншы жылдардан бастап Жұмекеннің өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарық көрді: «Балауса», «Сыбызғы сыры», «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Күй кітабы», «Мезгіл әуендері», «Ұлым, саған айтам», «Қызғалдақ жайлы баллада», «Темірқазық», «Менің топырағым» кітаптары, үш томдық шығармалар жинағы (1996-1997), «Мен – тамырмын» дастандар, «Қасірет пен қайсарлық», «Жұмекен», «Жаңғырық».
1967 жылы «Жоқ,ұмытуға болмайды!» атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ақын жырлары бірнеше шет ел тілдеріне аударылған.