Дінмұхамед атамыз – өз заманының адамы. Сол заманның тілімен айтсақ, партия мен үкіметке адал қызмет етті. Ал ол күнге бүгінгі күннің биігінен қарасам, Қонаев ар-ұят, қанағат, жауапкершілік, әділет деген құндылықтарды дәріптеген қарапайым тұлға, өзімшіл емес, мемлекетшіл адам болыпты. Әділетті шешім қабылдау деген жалпақшешейлік таныту емес. Ол шешім біреуге әділетсіз болып көрінуі де әбден мүмкін.
Қазіргі кезде ол кісінің аты аңызға айналғаны рас. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас. «Рулық, жүздік принципке негізделген ел басқару принципі Қонаевтан басталған» деген сөздерді мен де естігенмін. Растай да, жоққа шығара да алмаймын. Себебі білмеймін. Білетінім, кеңестену, яғни орыстану саясатының күйіп тұрған кезінде қызмет етті. Қазақ тілін қолдану аясы күрт тарылған кез. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология және басқа салалар жөніндегі хатшылары тікелей Мәскеуге бағынышты болды. Ол кезде ұлттық мәселені көтеру деген ерлік болды.
Д.Қонаевтың тұсында еуропалық өнердің түрлері – опера, балет, классикалық музыка салтанат құрды. Вокалды-аспапты топтар көбейді. «Үлкен орыс ағамыз» не істеді, біз соны қайталадық. Қазақтың дәстүрлі музыкасының батыстық үлгіде орындалуы күшейді. Тіпті Қонаевтың кезінде құрылған «Гүлдер» жастар ұжымының концерттік бағдарламасы орыс мәдениетінің озық үлгісінде жасалды. Алғашқы театр режиссерлері де Мәскеуден білім алып, сол жерден тәжірибесін ұштап келді. Қазақ өнерінің бағыт-бағдары сол заңдылықтармен қалыптасты. Бірақ Қонаев кезеңінің өзінде жұлдызы жанған қазақы қоңыр дауысты әншілер болған. Ж.Омарова, Р.Есімжанова, Р.Қойшыбаева, Р.Бағланова, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Ж.Кәрменов, М.Ешекеев – міне, қазақ өнерінде ұлттың этнобейнесін жасаған әншілер!

Дайындаған Әлия Құдайбергенова

Толық нұсқасы «АҢЫЗ АДАМ» журналы,

№1(13) Қаңтар 2011 жылғы санында

Пікір қосу