Алматыда санаулы күндерден кейін алауы жағылатын XXVIII қысқы Универсиада ойындарының ашылу және жабылу салтанатты шарасы өтетін күні қаладағы 9 сауда орталығы жабылады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап sn.kz хабарлап отыр.
«2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны күндері санитарлық күндер өткізуге байланысты қаладағы тоғыз сауда орталығы жабылады», — делінген аталған хабарламада.
Жабылатын гипермаркеттер тізімі:
— «Магнум» (Ақбұлақ 273)
— «Алтын Орда» базары (Ташкент тас жолы 15 км, 1)
— «Барлық» базары (Ташкент тас жолы 18 км, 1/1)
— «Құрдас-7» базары (Ташкент тас жолы 15 км, 1/7)
— «Жібек жолы» базары (Райымбек даңғылы 517/6)
— «Жұлдыз» базары (Розыбакиева 33/1)
— «Барыс 4» базары (Райымбек даңғылы 212д/1)
— «Кар Сити» СҮ
— «Арзан» гипермаркеті (Райымбек даңғылы 507а)
Қала әкімдігінің мәліметінше, Алматыда барлығы 46 сауда орталығы бар екен. Оның ішінде төртеуі мамандандырылған, 16-сы әмбебап базарлар және 26-сы саудаға негізделмеген орталықтар. Сондай-ақ, аталған базарларда барлығы 20 мыңнан астам кәсіпкер және 25 мыңнан астам жұмысшы еңбек етуде.
Айта кетейік, Алматыдағы дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары қаңтардың 29-ы басталып, ақпанның 8-і аяқталады. Спортшылар 12 спорт түрінен сынға түспек. Қазақстандық студенттер тек 7 спорт түрінен бақтарын сынайтын болады. Жарыстар Алматыдағы 8 спорттық нысанда ұйымдастырылады.