Туған жылы, жері, білімі

Әшірбек Сығай 1947 жылы 11 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында дүниеге келді. Ол — театр сыншысы, аудармашы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Балалық шағы

Әшірбек Сығай кенші отбасында өсті. Әкесі Төребай — қара жұмысшы, анасы Аққыз үй шаруасымен айналысқан. Кішкене кезінен ән айтып, пьесада ойнаған Әшірбек мектеп бітіргеннен соң Құрманғазы атындағы консерваторияның актер бөліміне оқуға түскен. Кейін Мәскеуде сырттай театртанушы мамандығын бітірген.

Отбасы

Жары Күләш қазіргі ҚазҰПУ-дің математика факультетін бітірген. Қанат, Сұңғат, Нұрзат атты ұлдары бар. Екі ұлы Прагада тұрады.

Еңбек жолы

1969 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтын бітірген соң, ол бүкіл саналы ғұмырын мәдениет саласына арнады. Атап айтқанда, 1974-1978 жылдары республика Мәдениет министрлігінде театр бөлімінің бастығы, Алматы қалалық өнер басқармасының бастығы, 1979-1983 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің нұсқау­шысы, Мәдениет министрінің орынбасары болды. Бұдан кейін 1989-1991 жылдары Алматы театр және көркемсурет институтының ректоры, 1991-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 1994-2003 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы өнертану факультетінің профессоры, 2003-2011 жылдары Мәдениет, туризм және спорт министрлігінің Алматы қаласындағы өкілі, 2011 жылдан бастап Қазақ ұлттық өнер университеті өнертану кафедрасының профессоры болған.

Кітаптары:

«Іңкәр шақ» (1978)

«Сыр сандық» (1981)

«Сахнаға сапар» (1990)

«Жарнама алдындағы ой» (1993)

«Сахна саңлақтары» (1998; Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы, 2000),

«Театр тағылымы» (2003)

«Толғам» (2004),

«Талдықорған театры» (2005), т.б.

Жеткен жетістіктері мен марапаттары

Әшірбек Сығай 2000 жылы «Сахна саңлақтары» атты еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Кейін платиналы «Тарлан» сыйлығын алып, «Құрмет» орденімен марапатталды.Сондай-ақ, ол Кентау, Түркістан қалаларының құрметті азаматы.

Пікір қосу