Әнші Нұржан Керменбаев «Хабар» телеарнасындағы «Компромат» бағдарламасында қонақта болып, төтесінен қойылған сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы juldyz.kz порталы alashinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сіз «белгіленген қаржыны аудармаса, тойға бармай қояды екенсіз», — деген сұраққа «мен продюсерге бағынамын. Сондықтан барлық қаржы мәселесін сол кісілер шешеді. Біз топта екі әншіміз, есепшіміз, бухгалтеріміз бар, солардың бәріне есептеледі ғой», — деп жауап берді әнші. Нұржанды «жұлдызды ауруына» ұшыраған деген көпшіліктің сынына «мен бала емеспін. Мен де үлкейдім. Өмірге деген көзқарасым да басқа жаққа өзгерді», — деді Керменбаев.
Әншінің мұндай өзгерісіне оның жары әсер еткен. Туған күніне әншіге қасиетті Құран кітабының қазақша аудармасын сыйға тартқан. Құран кітаптың аудармасын оқыған Нұржан Керменбаевтың өмірге деген көзқарасы өзгере бастаған.
Нұржанның өмірлік жарын таңдауы да қызық. Концерттен кейін Аллаға сыйынып тұрған сурет сыйлаған қыз Нұржанды қолтықтап біраз уақыт жанында жүрген. Алғашында «жынды емес пе екен» деп ойланып қалған әнші кейін жұрт үйлену туралы әңгіме айтып мазалағанда әлгі қызды іздей бастайды. Екі-үш кездескеннен кейін анасымен таныстырған Нұржан тез шешімге келіп, үйленеді.