Болашақ жарымның өнерге қатысы жоқ

– Ақбота, Асқар Ұзабаевтың «Гламур для дур» киносы жарыққа шыққалы әлеуметтік желіде өзің туралы алыпқашпа әңгімелер көбейіп кетті. Жанкүйерлеріңіз көкейіндегі сұрақтардың барлығына жауап беріп, нүкте қоятын уақыт келген сияқты. Қалай ойлайсың?

– Мен де көптен бері осы жайында ойлап жүр едім.

– Ендеше алғашқы сұрағым – сені жұрт «КешYouдан» кетеді» деп шулап жүр. Осы рас па?
– Иә, бұйыртса, желтоқсан айының аяғында продюсер екеуміздің арамыздағы келісімшарттың мерзімі аяқталады. Негізі, о баста Баян Мақсатқызымен жеті жылға келісімшартқа отырғанмын. Бірақ денсаулығыма және отбасылық мәселелерге байланысты топтан кетуіме тура келді. Бұл жайында Баян ханым да Инстаграм парақшасында жазды.
– Бұл шешіміңді алғаш естігенде продюсерің қалай қабылдады? Бірден келісті ме? Әлде ренжіді ме?
– Шыны керек, Баян ханым менен мұндайды күткен жоқ. Сондықтан болар алғаш естігенде қатты таңғалды. Сосын сәл ойланып: «Егер шынында тұрмысқа шығатын жоспарың болса, бағыңды байламаймын. Саған бақыт тілеймін», – деді. Өзі де әйел адам ғой, менің жағдайыма түсіністікпен қарады. Ол кісіге төлейтін біраз айыппұлым бар. Бірақ арамызда ешқандай реніш, кикілжің болған жоқ.

– Ал тұрмысқа шығатының рас па?
– Иә, рас. Алла қаласа, жазда үйлену тойымыз болады.


– Ендеше сендей сұлудың жүрегін жаулаған азаматтың кім екенін білуге бола ма?
– Ол жайында қазір ашып айта алмаймын. Есімін жасырмай-ақ айтар едім, бірақ мұнымды жігітім қаламайды. Сәл шыдасаңыздар, бір-екі айдан кейін оның кім екенін айтып, суретін әлеуметтік желіде жариялайтын боламын. Қазір фотосессиямызды жасап жатырмыз. Бір айтарым, ол кісінің өнерге қатысы жоқ.
– Солай ма?
– Иә, солай. Дегенмен де оқырмандарыңыз үшін қызық болар, ол туралы аз-маз ақпарат айта кетейін (күлді). Болашақ жарым Алматы өңірінің азаматы. Жасы отызға таяп қалған, бұрын үйленбеген.

Мені Дәурен Айдарқұловпен байланыстырудың қажеті жоқ

– Бұған дейін сені жанкүйерлерің біресе «Алау» тобының әншісі Ержан Мұқатаевқа, біресе Әли Оқаповқа қосып, сыртыңнан бал ашқан еді. Ал «Гламур для дур» фильмі жарыққа шыққаннан кейін басың тіптен дауға қалды. Жұрт сені «актер Дәурен Айдарқұловқа тұрмысқа шығады» деп жүр…
– (Күлді) Осы жұрт қызық, әріптестеріммен суретке түссем де, олардың бейнебаяндарында ойнасам да мені әйтеуір біреуіне апарып қосып қояды. Енді міне, «Гламур для дур» фильмі жарыққа шығып еді, актер Дәурен Айдарқұловқа қосып, тіпті «үйленеді екен» деген қауесет таратты. Осы ақпарат тарағаннан кейін-ақ, жұрт мені балағаттап, ауыздарына келгенді жазды. Мән-жайдың анық-қанығын білместен сыртымнан өсек айтып, пікір жазған адамдарға айтарым: «Мені Дәурен Айдарқұловпен байланыстырудың қажеті жоқ! Мен сіздер ойлағандай жеңілтек, арсыз адам емеспін!».
– Продюсерің Баян Мақсатқызы да өз парақшасында «Ақбота өз бақытын «Гламур для дур» фильмінің түсірілімінде тапты» деп жазды. Сонда ол кісінің де айтқаны өтірік пе?
– Баян Мақсатқызы: «Бақытын түсірілім алаңынан тапты» деп жазғанымен, нақты кім екенін айтқан жоқ қой. Мүмкін, Баян меңзеп отырған азамат түсірілім тобының арасында болған шығар? Енді ол айтты екен деп, мені Дәурен Айдарқұловқа қосып қоймайтын шығарсыздар?! Рас, ол түсірілім алаңында болды, бірақ жұрт ойлағандай танымал адам емес.


– Жақында өзін «Дәурен Айдарқұловтың жарымын» деп таныстырған Баян Әкімжанова есімді азаматша: «Ақботамен алысып келе жатқаныма көп болды. Ол жүктімін деп жарымды тартып алмақшы» деп Инстаграмға жазды. Сонда ол әйелдің айтқаны да өтірік пе? Әлде бұл өздерің ұйымдастырған «қара пиар» ма?
– Менің бұған еш қатысым жоқ. Бұл олардың «пиары» ма, әлде кинодан кейін туған қызғаныш па, білмеймін. Ең бастысы, олардың араларына түсіп, ажырастыратындай ештеңе істеген жоқпын. Естуімше, олардың ажырасқанына бірнеше жыл болыпты. Бірақ соған қарамастан мені неге ортаға салып отырғандарын түсінбеймін.
– «Қара пиар» болмаса, неге ол кісінің жазбасына бірден жауап бермедің?
– Мен о баста-ақ жауап берер едім. Бірақ белгісіз біреулердің менің парақшамды бұзғанына байланысты, өз парақшама кіре алмай жүрмін. Дегенмен де мен ол кісіге газет-журнал, телеарналар арқылы бұл қауесеттің өтірік екенін айтып, сұхбат беріп жатырмын. Тағы да қайталап айтамын, олардың отбасылық мәселелеріне менің еш қатысым жоқ. Ажырасқандарына да мен кінәлі емеспін.
– Осы жағдайдан кейін жұрт сенің атыңа әртүрлі жаман сөздер жазып, тіпті балағаттады. Мұндай ауыр сөздерді есту саған да оңай болмаған шығар?
– Әрине, оңай болмады. Жұрттың жазықсыздан жазықсыз мені балағаттағаны жаныма қатты батты. Дегенмен ондай жел сөзге бола жүйкемді жұқартпауға, ашуланбауға, көңіл-күйімді түсірмеуге тырыстым. Өйткені менің арым таза. Ешқандай кінәм жоқ.

– Ал бұл жағдайға ата-анаң қалай қарады?
– Шыны керек, «Ақбота мен Дәурен үйленеді екен» деген өсек тарағаннан кейін Дәуреннің де, менің де туыстарым түсінбей қалды. Бірақ мен жақындарыма мән-жайды айтып, әншейін «қара пиар» екенін түсіндірдім. Оның үстіне үйдегілер менің сөйлесіп жүрген азаматым жайлы білетін.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№1 (235) қаңтар 2017 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Сәуле АБЫЛАЙ

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу