Қазақстан Үстел теннисінің федерациясын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын болды. Бұл шешім 26 желтоқсанда Астанада федерацияның кезектен тыс өткен конференциясында қабылданды, — деп juldyz.kz порталы baistars.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды .
Бұл лауазымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында Бақтықожа Ізмұхамбетов болған еді. Сондай-ақ, федерацияның басшылық органы сайланып, Данияр Абулгазин Бас хатшы болды.
«Нәтижелі жұмысқа және маған көрсетілген сенімге орай мен Конференцияға қатысушыларға алғыс білдіремін. Біздің алдымызда төрт жылдық жаңа кезең басталды. 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадағы маңызды жарыстарда сынға түсетін боламыз. Үстел теннисіндегі нәтижелерді жақсарту жөніндегі күрделі де қиын жолдарды бірге бағындырамыз. Сондықтан аймақтардағы материалдық-техникалық базаны нығайту және аймақтық федерацияны дамыту, жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру, біздің спортшыларды сапалы жаттығу жағдайларымен қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және үстел теннисінен әлемдік спорт аренасында Қазақстан орнын күшейту қажет деп санаймын. Федерацияның басты міндеттерінің бірі – үстел теннисінің елімізде кеңінен қанат жаюын қамтамасыз ету, спорттың осы түріне бұқаралық сипат беру болып табылады. Сондай-ақ үстел теннисін дамыту саласында озық тәжірибелермен алмасуды ұйымдастыру да маңызды», — деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Естеріңізге сала кетсек, биыл Қазақстан үстел теннисінен Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алып, Риода Қазақстан атынан Кирилл Герасименко сайысқа шыққан болатын.