Туған жері, жылы, білімі

Сәкен Майғазиев 1975 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрадамыздағы танымал «МузАРТ» тобының белді мүшесі. 

Әнші 1993 жылы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде «соқпалы аспаптар және эстрада» бөлімі бойынша білім алған. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «эстрада» әншісі мамандығын алып шыққан. Бір қызығы, алғашында оны нота білмегендіктен эстрада-цирк колледжіне қабылдамай қояды. Сөйтіп, дәлізде  отырғанында Күзембай Бектаев атты ұстазы нота білмесе де, ұрмалы аспаптар факультетіне қабылдайды.

Бір жылдан кейін «эстрада» бөліміне құжат тапсырады. Сөйтіп, 3 жыл оқитын колледжде 4 жыл оқып, екі мамандықты қатар алып шығады.

               Отбасы

Әкесі Қордабай Майғазыұлы (2005 жылы дүниеден өткен) бұрын кассир және бугхалтер болып қызмет етсе, анасы Ұлтай Мырзамбекқызы бүгінгі таңда 79 жастағы немере-шөбересін тәрбиелеп отырған әже. Сәкен отбасындағы 11 баланың тоғызыншысы. Бауырларының бәрі қарапайым жұмысшылар. Үйленген, 1 ұлы және 2 қызы бар. Жұбайының есімі – Динара, ұлы — Әділет (1998 жылғы), қыздары — Райана (2013 жылғы) және Мәриям (2016 жылғы).

Бала Сәкен …

Кішкентай Сәкеннің денесінде қал көп болыпты. Ауылда ойнап жүргенде әншіні «Қалдыбек» деп шақырады екен. Тағы бір ерекшелігі, шашында 5 орай бар. Әншінің айтуынша, қазір икемге көніп, орайы сәл басылған. Бала кезінде әпкесінің сыныптасына ғашық болған Сәкен осы кезден әнге бейім болады. Ғашығы мұны өзінен кіші болғасын  елемеген. Ерте есеюіне, алғаш махаббат сезімін білдіруіне сол кісі себеп болған. Алтыншы сыныптан бастап соқпалы аспапта ойнаған. Бастапқыда аспап орнына кітаптардан әртүрлі дыбыс шығарып ойнаған.

 Біздің анықтама:

Жұлдызы: Тауешкі

Лақап аты: Сәкеш

Сүйікті ісі: ән айту

Тағамы: ет

Әншісі: М.Кэри, С.Уандер

Актері: Досхан Жолжақсынов

Жек көретін сөзі: «Қазақ десең, өзіңе тиеді…»

 Шығармашылығы

2001 жылы «МузАРТ» тобының мүшесі болып қабылданады. 2012 жылдан бері Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк коледжінде ұстаз қызметін атқарып келеді.

Сәкен Майғазиев 2009 жылы «Екі жұлдыз» жобасында актриса Әйгерім Жаңылбаевамен бірге қатысады. Бағдарламаның келесі маусымында ол өзін жүргізушілік қырынан байқатып, жобаны жүргізіп шығады. Сонымен қатар, «Айгөлек» балалар байқауында жас таланттарға қолдау көрсетіп, сахнада олармен бірге дуэт дайындауға атсалысып жүрген жұлдыздардың бірі.

 Жетістіктері

Оның алғашқы жетістігі 1996 жылы Тараз қаласында өткен Ш.Қалдаяқов атындағы Халықаралық фестивальдің дипломанты атанудан басталады. 1997 жылы Республикалық «Жас қанат» байқауының «Алтын домбыра» иегері болса, 1998 жылы «Алматы – 98» фестивалінде 1–ші орын иеленеді. Кейін 1998 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанады.

2010 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанса, 2012 жылы «Д.Қонаевқа – 100 жыл» медалімен марапатталады. 2013 жылы  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанады.

Пікір қосу