КешYOU тобының жас әншісі Ақбота Сейітмағамбет тұрмысқа шығып, топтан кетеді. Бұл туралы продюсер Баян Есентаева әлеуметтік парақшасында жариялады.
«Әркімнің өз тағдыры бар және ол дүниеге келмей тұрып жазылып қойған. Ақботаның өміріндегі өзгерістер де мен үшін, барша КешYOU тыңдармандары үшін күтпеген жаңалық болғаны рас. Ақбота тұрмысқа шыққалы жатыр және мен оған бақыт пен денсаулық тілеймін», — деп жазды Б.Есентаева.
Сондай-ақ, Баян Есентаева Ақботаның өз сүйіктісін «Гламур для дур» фильмінің түсірілімі барысында кездестіргенін айтты.
«Бұл фильм Ақботаның тұтас тағдырына ықпал етті. Ал біз тоқтап қалмай, ілгері жылжуды жалғастырамыз. Жақын күндері КешYOU тобының жаңа құрамын таныстырамын», — деді продюсер.
Бұған дейін де Ақбота Сейітмағамбет ана болуды армандайтынын және топтан кететінін мәлімдеген еді.
Айта кетсек, Ақбота 2015 жылдың ақпан айында топ құрамына қабылданды және КешYOU тобының 10 жылдық есеп беру концертінде өнер көрсетті.