Үміт АЙСАҚАЛОВА — Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылының тұрғыны, жеңімпаз.
– Үміт апай, ұтысыңыз құтты болсын!
– Рақмет. Сіздің алдыңызда ғана естіп, бір қуанып алған едім.
– Қос журналға да жазылып келесіз бе?
– Журнал шыққан жылдардан бері үзбей оқып келемін. «Жұлдыздар отбасы» журналына үш жылдан бері жазыламын.Ішіндегі сұхбаттарды оқығанды ұнатамын. Биыл «Аңыз Адамға» да жазылған едім.
– Ұтыс ойынына қай уақыттан бері қатысасыз?
– Ұтыс ойынына биыл ғана қатысып отырмын. Бірінші жылы білмей қалдым. Екінші ретінде түбіртегімді беруге үлгермедім. Осы жылы күні бұрын қозғалып, түбіртекті Алматыда тұратын ұлымнан беріп жіберген болатынмын.
– Ойынымызға қаншалықты сенетін едіңіз? Кейбір оқырмандарымыз онша сенбей жатады…
– Бұрыннан сенемін. Сіздер әділ ойнатасыздар. Ол жағынан еш күмәнім болған емес. Қос журналдың бас редакторы және сонда жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің көзқарасы мен пікіріне толықтай қосыламын. Сіздер тек қана шынайы жазасыздар. Кейде отбасылық мәселеге де тоқталып өтесіздер. «Аңыз Адам» журналынан тарихымызды біліп-танимыз.
– Өзіңіз қайда жұмыс істейсіз?
– Текес ауылында кішігірім балабақша бар. Сол жерде есепші болып істеймін.
– Түбіртегіңізді салғанда ұтысқа ие болуды қатты қалаған ба едіңіз?
– Өзім мұндай ұтыс ойындарына жиі қатысамын. Баяғыда бір лотерея билетінен 25 сом ұтып алғанмын. Қайсы күні түс кезінде осы Райымбек ауданынан бір жігіт «Ұтысыңыз құтты болсын! Менің анам да ойынға қатысып, құжаттарын жіберген еді. Бірақ ол кісі шықпапты. Текес ауылы деген соң, сізге хабарлап отырмын» деп сүйінші сұрап хабарласты. Ол да өзіміз секілді оқырман екен. Бұл жақсы хабарды ести сала редакцияларыңызға телефон соғып, рақметімді айттым.