– Тұңғыштарыңыз өмірге келгенде Айбектің сізге көлік сыйлағаны есімізде. Ал бұл жолы сізге қандай сыйлық тарту етті?
– Қажет нәрсенің бәрі өзімде бар болғандықтан шығар, бұл жолы үлкен сыйлық жасамады.
– Сахна, балалар күтімі, үйдің шаруасы… Барлығына бірдей қалай үлгеріп жүрсіз? Әлде көмекшілеріңіз бар ма?
– Барлығына бірдей үлгеріп жүрмін деп айту қиын. Омар өмірге келгеннен кейін үй шаруасына қарайласатын көмекші ұстауға тура келді. Балалы үй болған соң, шашылмай тұрмайды (күлді). Үйде тамақты мен әзірлеймін, балаларға да өзім қараймын. Бірақ арасында өз жұмыстарыммен кеткенде көмекшілерім балаларға қарай тұрады. Бізбен бірге тұратын жиеніміз бар. Ол да бізге қолғабыс етеді.
– Ата-енеңіздің алдындағы келіндік қызметіңізді қалай атқарып жүрсіз?
– Барлық іс қолымнан келе бермейді. Шамам келгенше жақсы келін болуға тырысып бағамын. Мінсіз болу оңай емес. Кейде басқа адамдар секілді мен де қателесемін.
– Ол кісілермен бірге тұру жоспарларыңызда бар ма?
– Ата-енем Тараз қаласында тұрады. Біздің әзірге Таразға көшіп бару ойымызда жоқ. Ал олар Алматыға келетін болса, бірге тұруға қарсы емеспін. Бәріміздің бір шаңырақ астында тұрғанымыз жақсы емес пе?
– Мамандығыңыз қандай?
– Мен Қазақ Бас Сәулет-құрылыс академиясында интерьер дизайны мамандығы бойынша білім алдым. Мамандығыма сәйкес жұмыс істеуге тырыстым. Жиһаз, гүлдер, мата, аксессуар таңдап, декорация жасауға ебім бар. Тек сызба дайындауға келгенде, көп қателік жіберіп қоямын (күлді). Салып жатқан жаңа үйімізге де қажеттінің бәрін өзім таңдадым.
– Әдетте отбасында соңғы шешімді кім қабылдайды? Өзіңізге жақсы жар ретінде баға бере аласыз ба?
– Соңғы кесімді, әлбетте, отағасы айтады. Ауқымды мәселелерді жолдасым өзі шешеді. Бірақ кейбір істерді ақылдасып жасаймыз. Ол менің пікіріммен санасады. Өзімді мінсіз әйелмін деп айта алмаймын. Әр күні өзімді тәрбиелеп отыруға тырысамын. Жақсы болғанның үстіне жақсы бола түссем деймін.
– Сіздіңше, нағыз әйел бақытының көрінісі қандай?
– Әйел адам бақытын отбасынан ғана табуы керек деп ойлаймын. Қыз баласы қанша жерден даңқты, бай болғанымен, оның жылулық табар ошақ қасы болмаса, мұны толыққанды әйел бақыты деп атауға болмайды. Әйел – өзінің шынайы бақытын отбасында ғана сезіне алады. Сондай-ақ, әрбір қыздың сүйікті ісі, ләззат алар кәсібі болғаны дұрыс. Құдайға деген сенімді де жоғалтпауы тиіс. Сенім бар жерде, өмір де гүлдене түседі.
(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының
№12 (222) маусым 2016 жылғы санында)
Сұхбаттасқан Данагүл БЕРЕКЕТ
Қазаққа күйеуге шыққанан соң, сол ортаны сыйлап өзін мінсіз санағысы келсе қазақша сөйлеп, денесін ашық-шашық ұстамаса!…
өте сабырлы келіншек. мен танимын оны
Айбек оны әлі қазақша сөйлете алмай жүр ме?