Қазақстандық балуан Нұрбақыт Теңізбаевқа ресми түрде Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі берілді , деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы unitedworldwrestling.org халықаралық сайтында жарияланды.
Біраз күн бұрын «грек-рим күресі бойынша қазақстандық балуан Нұрбақыт Теңізбаевқа 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі берілуі мүмкін» деген ақпарат тараған болатын.
Бірақ, балуанның өзі: «Құрметті достар! Бейжің Олимпиадасы мен үшін спорттық мансабымның шыңы болды. Әрбір спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпазы немесе жүлдегері болғысы келетіні анық. Спортта ұзақ уақыт жүріп, ешқашан жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүргенді қолдамайтынмын және қолдамаймын да. Қандай медаль болсын, оны кілем үстінде жеңіп алғанды қолдаймын. Дәл сол күні, мені Әзербайжан балуаны Виталий Рагимов ұтқан болатын, Виталийді талантты да мықты балуан ретінде танимын. Сол күні үшінші орын иелену менің маңдайыма жазылған болар, маған өзімнің ұтқан қола медалым аса қымбат. Күміс Виталийге және оның жанұясына тиесілі. Ол медальдың артында көптеген адамның еңбегі жатыр. Күміс сол еңбектің жемісі деп ойлаймын! Сіздердің жылы лебіз және қолдауларыңызға үлкен алғыс айтамын», — деп мәлімдеді.
Анық болғандай, Теңізбаевтың қарсыласы Виталий допинг қолданғаны үшін медалінен айырылды. Есесіне ХОК оның жүлдесін Олимпиадада үшінші орын алған Нұрбақыт Теңізбаевтың еншісіне берді.