– Кімге нені дәлелдей алмай жүрсің?

– Басты бәсекелесім өзіммін. Өзімнің ішкі жоспарларым, ішкі есептерім бар. Алға қойған мақсаттарым сол жоспарларымның арқасында іске асуда. Алдымен өзімді-өзіме дәлелдегім келеді. Өз-өзіме талап қойып, өз-өзіммен күресемін. Табиғатымнан қызуқандымын. Соңғы кезде кей жағдайларда сабырлылық таныту керек екенін түсініп жүрмін. Әр адам өзін маркетолог ретінде көрсете білуі керек. Яғни сен өзіңді қалай көрсетесің, қоғам да сені солай қабылдайды. Әрбір адам өзін тауар ретінде көріп және өз бағасын дұрыс қоя білуі керек. Мысалы, мен бұрын той-томалақтарда асаба болдым. Қазір салмақты дүниелерді жасап жүрген соң ол кәсібімді тоқтаттым. Өйткені адам өз имиджіне қарап жұмыс істеуі керек.

– Сен қазір «Хабар» арнасының бетке ұстар журналистерінің бірісің. Айгүл Мүкейді сенің тірегің, туысың екен деп естідік…

– Экраннан көп көрініп кеттің дегенді меңзеп тұрсыз ба? (Күліп). Айгүл Мүкейге ешқандай туыстық қатысым жоқ. Ондай алып-қашпа сөздерді өзім де естідім. Осы әңгімені шығарып жүргендер тым болмаса туған жерлерімізге қараса болады ғой. Екеуміз екі өңірдің адамдарымыз. Айгүл Мүкейдің туған жері – Орталық Қазақстан, ал менің туып-өскен жерім – Оңтүстік. Айгүл Мүкейді үлгі алатын ұстазым деп есептеймін. Содан кейін мені «депутаттың баласы екен» дегендерді де құлағым шалды.

– Ендеше, ата-анаң туралы да айта отырсаң…

– Әкем мен анамды табыстырған – Алматы қаласы. Әкем Оңтүстіктен, ал анам Арқадан келіп ҚазПИ-дің филология факультетінде оқыған. Әкем әскерге барып келген соң, екеуі бас қосқан. Содан 1989 жылы 11 тамызда Арыстан баб, Шәмші Қалдаяқов, Өзбекәлі Жәнібековтер дүниеге келген Отырарда мен өмірге келдім. Әкем аумалы-төкпелі 90-жылдарда кәсіпкерлікке кетті, қазір өзінің жеке кәсібі бар. Ал анам – мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Отбасында үш ағайындымыз. Соңымнан ерген екі інім бар. Ердәулет – Астанада спорт саласының қызметкері, Айбатыр – студент. Екеуі де спортшы, палуан. Үлкен әжемнің Қажымұқанға қатысы бар екен. Нағашыларым – негізінен журналистер. Жұмабек Кенжалин – нағашым, анамның ағасы. «Журналистиканы таңдауың нағашыларыңа тартып кеткен» деп жатады. Бірақ мен бұл пікірмен толық келіспеймін. Өйткені өз әулетімізден де қазаққа белгілі Өзбекәлі Жәнібеков шыққан.

– Енді әңгімемізді жеке өміріңе қарай бұрсақ…

– Әзірше мен сүйген қыз жоқ. Таңдау көп… Осыдан бір жыл бұрын ата-анам «Саған үйленуге әлі ерте, оң-солыңды танып ал, өзіңді көрсет, жұмыс істе» дейтін. Ал қазір хабарласса амандық-саулық сұрасып болғасын: «Үйленетін қыз бар ма Астанада?» – деп қояды (күліп). Мен «Іздеп жатырмын» деймін. Бірақ қатты іздеп жатқан түгім жоқ. Мен жүрген салада ел-жұртқа танымал боласың, қыздардың қошеметіне бөленіп, соған алданып жүре бересің. Ал уақыт өте береді. Әрі есейген сайын қыздарға қояр талабың да өсе беретін секілді…

– Олай болса қыздарға құлаққағыс болсын, болашақ жарыңа қояр талабың қандай?

– Бәзбіреулер болашақ жары туралы айтқанда «жан дүниесі сұлу, иманды, адамгершілігі болса болды» деп жатады. Меніңше, ол өтірік сияқты. «Киіміңе қарап қарсы алып, ақылыңа қарап шығарып салады» деген орыстың мақалы бар ғой. Мен ең алдымен қыздың түр-сымбатына қараймын. Өйткені ол сені алғаш сыртқы сұлулығымен тартады, содан кейін барып жанына үңілесің ғой. Онымен тілдесіп, зияткерлік деңгейі, әлеуетінің қандай екенін білесің. Содан кейін маған өзіне күтіммен қарап, талғаммен киінетін қыздар да ұнайды. Бірақ «Таңдаған тазға жолығады» деп, содан қорқам…

– Ал егер сенің таңдауыңа ата-анаң қарсы шығып жатса ше?

– Үйдегілердің пікірімен 100 пайыз келісемін. Жүрек жүрек қой, бірақ ата-ананың пікірімен де санасу керек деп ойлаймын. Ұнатқан қыздарды көрсеткенімде, ата-анамның көңілінен шықпай, менімен келіспеген кездері де болды. Содан ол қыздардан бас тарттым. Негізі, біздің үйдегілер – өте қатал сарапшылар. «Келініміз адамгершілігі бар, дәстүрді білсе, бізді сыйлай алатын текті жердің қызы болсын. Әнші, актриса дегендерге жолама» дейді (күліп).

– Сонда өнер адамы болуына қарсы ма?

– Екеуміз де даланың адамы болсақ, шаңырақтың берекесін кім келтіреді?! Менің әулетімді кім көркейтеді?! Үйдің үлкені болған соң жауапкершілік өте зор. Болашақ жарым інілеріме үлгілі жеңеше, ата-анамның көргенді келіні болуы керек.

– Оңтүстіктің жігітісің. Ата-анаң тек Оңтүстіктің қызы болсын демей ме?

– Жоқ. Көпшілік Шымкенттенмін десең үрке қарайды ғой, оңтүстіктен не жаманшылық көргенін білмеймін. Оңтүстік – дәстүрді сары майдай сақтап отырған өңіріміз. Алматыға оқуға келгенде алғашында тобымыздағы батыс, солтүстіктің қыздары «Ой, Шымкент?!» деп бөлектейтін. Бірақ сол қыздардің көбісі кейін оңтүстікке келін болды (күліп).

– Нұрсұлтан, сенің ойыңша, қыз бен жігіттің арасында достық бар ма?

– Достық жоқ деп ойлаймын. Сен ғашық болып қаласың немесе ол сені ұнатып қалады. Содан бір-біріңді дос­пыз деп алдайсың. Бірақ адамның сезімі сөйлескенде даусынан, кездес­кенде көздерінен байқалып тұрады.

Достық болмайды дейсің. Сонда Диана Қырықбай екеуің ше?

– Дианамен мектеп кезінен араласамын. Шымкент қаласында өзін-өзі басқару ұйымы болатын. Сол жерде мектеп президенттері болып жиналып, өзара пікірлесетінбіз. Диана өз мектебінің, мен өз мектебімнің басшысы едік. Негізі, ол ер бала сияқты болатын, түсінігі де. Кейін бойжете келе өзгерді ғой (күліп). Диана екеуміздің арамызда достық та, әріптестік қатынас та бар. Сырласамыз, болашаққа жос­парды да бірге құрамыз, бірақ қыз бен жігіт сияқты емес.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№4 (166) ақпан 2014 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Әйгерім САМАЛБЕКҚЫЗЫ

Жазбаша нұсқасын дайындаған

Ай-нұры ЕРМАХАНОВА

Пікір қосу