Көзі тірісінде-ақ «поп-музыка королі» атанған Майкл Джексонның өлімі күллі әлемді дүр сілкіндірді. Соңғы уақытта Джексонның денсаулығы жөнінде алыпқашпа әңгіме қаулап кеткен болатын. Ал 25 маусым күні Лос-Анжелестің ауруханасында поп жұлдыздың жүрегі тоқтап қалды. Алайда, Майклдың жақындары да, табынушы жанкүйерлері де оның денсаулығының шын мәнінде қандай халде екенін білген жоқ-ты…
Алғаш сахнаға қашан шықты?
Майкл Джексон 1958 жылы 29 тамызда Индиана штатына қарасты Гэри қаласында дүниеге келген. Отбасындағы тоғыз баланың жетіншісі. Шоу-бизнеске бес жасында келген. Қатарластары бәтеңкелерінің бауын байлауды енді үйреніп жүрген кезде-ақ Майкл отбасылық топтың құрамында өнер көрсетіп, жұлдыз атанған болатын. Алайда, әу баста әкесі ұлының музыкалық қабілетіне күмәнмен қараған көрінеді.
…Джексондар отбасында дастархан басында тыныш отыру отағасы Джозефтың бұрыннан қалыптастырған қағидасы-тын. Балалары артық сөз немесе артық қимылы үшін міндетті түрде таяқ жейтін. Әсіресе, Майкл мазасыз еді. Бірде ол тағы да тыныш отырмап еді, қабағы қатулы әке баласын жұдырықпен бір перді. Майклдың мұрнынан қан сау ете қалды. Анасы Кэтрин шыр-пыр болып, үнемі балаларын қорғаштайтын. Бұл жолы да балаларын тыныштандырып, жұпыны үстел басына жайғастырды.
Бұл музыкаға құмар, әнге әуес отбасы еді. Әсіресе, Джозеф әкей кешке теледидар алдында отырып, музыкалық хабарларды тамашалауды әдетке айналдырған-ды. Сол күні бәрінің ермегіне айналған теледидар аяқ астынан бұзылып қалды. Бұған, әсіресе, отағасы қатты ашуланды. Әкелерінің көңілін ауламақ болған Майкл мұрнынан аққан қанды сүрте салып:
– Әке, Джеки екеуміз саған ән айтып берейік пе? Бізді көршілердің бәрі мақтайды! – деді батылдана.
Ұлына таңданыспен қараған Джозеф астан кейін балаларының өнерін тамашалауға ықылас білдірді. Бес минуттан соң бөлменің ортасында ағайынды Джексондар ән салып жатты. Ән біткенде әкесі ойланып тұрып:
– Балалар! Көресіңдер, мен сендерден «супертоп» жасаймын. Әлі-ақ атақты, бай боласыңдар! – деді.
Міне, ағайындылардың кейіндеу атағы жер жарып, аңызға айналған «Джексон 5» атты тобы осылай дүниеге келген еді. Кейіннен осы топтан «поп-музыканың короліне» айналған Майкл Джексон жеке әнші ретінде бөлініп шықты.
1971 жылы оның ең алғашқы «I ll Be There» деп аталатын тырнақалды туындысы хит-шерулердің жоғары сатыларынан көріне бастағанда, тыңдармандар музыка көгінде жаңа бір жұлдыздың жарқырай туғанын көрді. Белгілі продюсер Куинсимен біріккен шығармашылық жұмыстың нәтижесінде, 1979 жылы «Off the Wall» деп аталатын әнжинақ жарыққа шықты. Бұл әнжинақ Майклға «болашағынан үміт күттіретін жұлдыз» деңгейінен «супержұлдыз» деңгейіне өсуге мүмкіндік берді.
Ал 1982 жылы «Триллер» атты альбомы 40 миллион данамен таралды. Бұл – әлі де әлемдік деңгейдегі рекордтық ескерткіш. Өйткені, бұл рекордты бүгінгі күнге дейін ешбір әлем жұлдызы қайталаған емес. Сол сексенінші жылдары бірден жарық жұлдыз болып көрінген Майкл Джексонның сахнадағы өзіне ғана тән мәнері, бишілігі мен ерекше дауысы тыңдарманын әрдайым тартатын, табындыратын. Нәтижесінде Майкл 8 рет «Грэмми» сыйлығын жеңіп алды және шығармашылығы сыншылар тарапынан да жоғары бағаға ие болды. Оның әрбір әні әлем халқын бейбітшілікке, адамгершілікке шақыратын. “Менің досым болғың келсе, маған сенің көзің мен шашыңның түсінің, дінің мен тіліңнің қандай екені де бәрібір екенін біл” деп ән салды ол.
Неге екенін қайдам, 1987 жылғы «Bad» және 1991 жылы шыққан «Dangerous» әнжинақтары бұрынғыларындай аса сәтті бола қойған жоқ. Соның алдында ғана ол терісін ағарту үшін операция жасатқан болатын. Сөйтіп, бұдан кейінгі жылдары оның аты шығармашылығы жағынан гөрі негізінен әртүрлі жанжалдық сипаттағы оқиғалар арқылы жиі шығатын болды.
Ол неден өлді?
Әншінің мәйітіне екі рет медициналық тексеру жүргізілді. Оның кейінгісінің қорытындысы әлі ашық жарияланған жоқ, ал алғашқы сараптаманың нәтижелері мынадай:
- Бойы 178 сантиметр болатын Майклдың салмағы бар-жоғы 51-ақ келі екен. Асқазанында астың жұғыны да білінбейді. Есесіне, медициналық препараттар – ырғын. Яғни, әнші күніне бір-ақ рет тамақтанған, тыныштандыратын, жанының қиналғанын білдірмейтін дәрілерді жиі қабылдаған.
- Денесінде пластикалық операциялардан қалған іздер өте көп. Дәрігерлердің анықтағанындай, аңыз-адам 13 рет хирург пышағына түскен!
- Жамбасында, иығында, білегінде әртүрлі шприцтардың ізі сайрап жатыр. Яғни, әншіге күніне үш реттен препараттар егіліп отырған.
- Майклдың басында бір тал шаш қалмапты. Кейінгі уақытта ол тек қана парикпен жүрген екен. Осыдан жарты жыл бұрын ағылшын тілді газеттерде әншінің тері рагына ұшырағаны жазылған болатын. Мұның өзі ұзақ уақыт бойғы химиотерапияның әсері болуы да мүмкін.
- Марқұмның бірнеше қабырғасы шытынаған («шамасы, дәрігерлер оның жанын сақтап қалу үшін жасанды тыныс алдыруға тырысып, кеудесінен басқанда қаттырақ қимылдап жіберген болуы керек» деп топшылайды мамандар). Сондай-ақ тізесі, балтыры және арқасы аздап көгерген.
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, М.Джексон 26 жасынан бастап әртүрлі дертке шалдығып, емделуге тырысқан. Оның ішінде иммундық дерт (жасушалардың бірін-бірі әлсіретіп, жеуі), тері ісігі (витилиго), асқазан ауруы да бар. Ол аз болса, кезінде биіктен құлап омыртқасын зақымдаған, терісін күйдіріп алған, ал кейінгі бірер жылда сол жақ көзі нашар көре бастаған екен.
Дәрігерлер әзірге әншінің өліміне осылардың нақты қайсысы себеп болғанын айта алмай отыр. Дүниежүзіндегі әнсүйер қауым болса, Майклдың небәрі 50 жыл, 10 ай ғана өмір сүргеніне өкініп, қайғыруда. Ал, біздіңше, осынша дерті бар адамның «ердің жасына» есен жетуінің өзіне таң қалу керек секілді…
Ажалын алдын ала сезді ме?..
13 шілде күні М.Джексонның Лондондағы жеке концерттер циклы басталуы керек еді. Үлкен сахнаға шықпағанына он жыл болған поп жұлдыз көрермендерімен қауышуға ынтызарлық танытқан-ды. Ұйымдастырушылар әуелде он концерт беруді жоспарлаған оны, құны 600 доллар шамасындағы 750 мың билет лезде сатылып кеткендіктен, қатарынан тағы 40 концерт беруге көндірсе керек.
– Майкл, есіңді жи, 50 концерт деген не сұмдық?! – деп әншінің шешесі Кэтрин Джексон бұл идеяға үзілді-кесілді қарсы тұрыпты. – Оған сенің жүрегің шыдамайды!
– Дүниеде бұған дейін сахнада өлген әртіс болған жоқ қой, – деген екен сонда Майкл. – Мен бірінші боп сахнада өлуді армандаймын.
Егер әншінің денсаулығы ертерек сыр бермегенде, оның бұл арманы орындалғандай екен-ау?..
…Бұл сөз оның биылғы жылдың 5 наурызында өткізген соңғы баспасөз мәслихатын еске түсіреді.
– Барлықтарыңызға рахмет… Міне, бәрі бітті. Айтайын дегенім: бұл – менің ең соңғы концертім болмақ. Мен шілдеде сахнаға ақырғы рет шығамын… Болды, бар айтарым осы… – деген екен ол сол кезде.
Әнші шынымен-ақ өзінің шамалы ғана өмірі қалғанын алдын ала сезді ме екен?.. Кім білсін…
Элвис Пресли мен «Битлз» тобына арнамақ болған оның концерттік турнесі, сөйтіп, өтпей қалды. Майкл Джексон тіпті 45 репетицияның небәрі екеуіне ғана қатысыпты деген әңгіме бар. Сонда оның денсаулығының әлгіндей ахуалы рас болғаны ғой… Алайда «поп музыка королінің» өзі күні кешегіге дейін денсаулығының ойдағыдай екенін айтудан танбады. Батыс баспасөзінің жазуынша, жұлдыз кейінгі жылдары біраз қарызға батып қалғанға ұқсайды. Концерттерді солардан құтылу үшін жоспарлады-мыс деген де сөз айтылып жатыр. Рас-өтірігін ажырату енді мүмкін емес шығар.
Балаларына кім бас-көз болады?
Оның балалармен қарым-қатынасы туралы саналуан қауесет бар. 1993 жылдың соңына қарай бір 13 жасар австралиялық бала Джексон тарапынан зорлана жаздағанын айтып, ақыры әншіге «кәмелеттік жасқа толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсетті» деген кінә тағылды. Мұны Майкл түбегейлі жоққа шығарғанымен, оның абыройына нұсқан келгені анық еді. Ақыр соңында әнші әлгі баланың ата-анасына 20 миллион доллар төлеп, 1994 жылы іс жабылды.
Майклдың биылғы мамыр айында әйгілі Элвис Преслидің қызы Лиза Марияға үйленуі көпшілік тарапынан «өз атына жағылған әлгі қара күйеден құтылу үшін жасалған қадам» деп топшыланды. Солай ма, әлде басқа себептері болды ма, әйтеуір 19 айдан кейін неке бұзылды. Арада екі жыл өткенде Майкл кезекті пластикалық операциядан соң оған жақсылап күтім жасаған дәрігер қыз – Дебора Роуға сырға салды. Батыс баспасөзінің жазуынша, бұл «алдын ала келісіп жасалған одақ» болса керек. Сондықтан ба екен, Дебора поп-жұлдызға І Принц Майкл және Пэрис Майкл есімді ұл-қыз тауып берген соң, екеуі ажырасып кетті. Балалардың әке тәрбиесінде қалуы да бұл жерде бәрі бекерден бекер еместігін аңғартатындай. Ал әншінің үшінші перзенті – ІІ Принц Майклдың кімнен туғаны тіптен белгісіз. Оны беймәлім суррогат-ана туып берген деседі. Әйтеуір баланың туу туралы куәлігінде «анасы» деген бағананың тұсында «жоқ» деп жазылған екен.
…2003 жылы Британия телеарнасы түсірген «Майкл Джексонның өмірі туралы» атты деректі фильмде әншінің бейтаныс 12 жасар баламен қол ұстасып, құшақтасып жүргені көрсетіледі. Бұл көріністен кейін ол баланың ата-анасы да әншіні сотқа беріпті. Әншіге тағы да «сәбилерге зорлық-зомбылық жасаумен айналысты» деген айып тағылып, ақыры Майкл 2005 жылы сот шешімімен ақталып шығады. Дегенмен, сол кездері Джексон сырт көзге көрінгісі келмей, балаларын еліне тастап, екі жыл Бахрейнде тұрды, ислам дінін қабылдады. Сөйтіп, 2006 жылы ғана атамекеніне оралды…
Әншінің анасы қазірдің өзінде үш немересіне бас-көз болу құқығын алу үшін сотқа өтініш беріп үлгеріпті. Ал бұған ересектеу екі баланың шешесі – Дебораның не дейтіні әзірге белгісіз. «Wall Street Journal» газеті жариялаған әншінің мұрагерлікке қалдырған байлығының тізімі бойынша 567 миллион доллардың 331 миллионы несиелерді өтеуге жұмсалса, қалған қаражат үш баласы мен өз шешесі Кэтринге бұйырмақ көрінеді.
* * *
Әлемдік заманауи саз саласында соңғы 30 жылда алдына қара салмаған майталман, танымал музыка өнерінің «негро-поп» атты жанрын қалыптастырып, күллі дүниеге мәшһүр еткен тұлға Майкл Джексон – әйгілі боксшы Мұхаммед Әли іспетті АҚШ-та кешеге дейін екінші дәрежелі саналып келген афро-америкалықтардың абыройын көтеріп, даңқын асыруға атсалысқан адам. Яғни, ол өз нәсілінің өзгелерден еш кем еместігін дәлелдей алды.
Әпкесі Ла Тойяның айтуынша, сахнада жарқылдап, жанып тұратын Майкл былайғы өмірде өте ұяң, қарапайым болған көрінеді. Және өзін жер-жаһандағы миллиондаған адамдар сүйгенімен, өзін үнемі жалғыз сезінген екен. «Менің өнерім бүкіл әлемді шарлап, дүние жұртшылығын маған дос, жанашыр, тілеулес етті, бірақ мен жүрегімдегі сырды ешкім түсінбеген жападан-жалғыз күйімде қалдым», – депті ол бір сұхбатында.
…Ол осыдан 15-20 жыл бұрынғы даңқының қайта келуін аңсаушы еді. Әншінің бұл арманы орындалды да. Қазір бүкіл әлем баспасөзі ол туралы жазып жатыр. Әндері Атланттың қос жағалауындағы хит-шерулерде де алдыңғы орындарға шырқай көтерілді. Бірақ, ол үшін әншінің өлуі қажет болғаны өкінішті…
Дайындаған Алтын-Ай