көз

Мақпал Жүнісова, Қазақстанның Халық әртісі: Шешемнің үш баласы қатарынан көз тиіп шетінеген

мақпал– Мақпал апай, қазіргі кезде «көз тиіп ауырып қалыпты» деген әңгімені жиі еститін болдық. Жалпы, өзіңіз көз тиюдің бар екеніне сенесіз бе?

– Әрине, сенемін. Себебі «тіл-көз тиді» дегенді бала кезден естіп өстік. «Пәленшенің баласына көз тиіпті. Ұшықтап жіберіңдер, бақсыға, емшіге апарып емдетіңдер» деген сөздерді жиі еститінбіз. Баламыз ғой, түсінбейміз, шешемізден «көз тию деген не?» деп сұрайтынбыз. Сонда шешем «Менің үш балам да тіл-көзден шетінеп кетті» деп айтып отыратын. Балалары екі жасқа келгенде үйге қонақ шақырады. Қонақтар кеткеннен кейін бала өзінен-өзі көкпеңбек болып, бірден тілсіз кетеді екен. Бұл жағдай үш баласында да қайталанған. Балалары бірінен соң бірі өмірден өте берген соң шешем «енді менде бала тұрақтамайтын шығар» деп түңіліп жүргенде, айналасындағы жақын адамдары Баянауыл жақта тұратын бір бақсыға апарады. Сол кісі «Сенің үш балаңа да бір кемпірдің көзі тиген» депті. Негізінде, көзі тиетін адам әдейі жамандық ойлап жасамайды екен. Тек сұқтанып немесе шын көңілден сүйсініп, «мынаның әдемісін-ай!», «қандай аппақ еді, торсықтай екен!» деп айтса, бала бірден жалп етіп ауырып қалады екен. Кейбір адамдар көзі бар екенін өздері де білмейді. Содан әлгі бақсы анама «Қыз тусаң да, ұл тусаң да атын Елемес деп қой. Сенің балаңды ешкім елемесін» дейді. Анам келесі туған баласының есімін Елемес деп қойғаннан кейін ғана балалары тұрақтап, тоғыз бала көтереді.

– Өзіңізге көз тиіп, ауырып қалған кездеріңіз болып па еді?

– Мұндай жағдайлар менің басымда талай болған. Мен өзім тіл-көзге жақын адаммын. Үлкен концерттерден кейін қатты ауырып қалатын кездерім жиі болады. Мұндайда көбіне-көп анамның көмегіне жүгінемін. Анам – қожаның қызы. Өзінің айтуынша, аталарының қасиеті бар болған екен. Бұл қасиет шешеме де жұққан. Балаларын, немерелерін өзі ұшықтап отырады.

– Есіңізде қалып кеткен сондай бір оқиғаларды айтып берсеңіз…

– Жеке концерттерімді өткізгенде үйге үлкен табыспен, ерекше қуанышты сезіммен жап-жақсы ораламын. Халықтың көрсеткен қошеметі мені марқайтып тастайды. Бірақ ертесіне таңертең мойным сіресіп, орнымнан тұра алмай қаламын. Соның бірі, қателеспесем, 1999 жылы мамыр айында болды. Алматыда өткен жеке концертімнен кейін қатты ауырып, орнымнан тұра алмай қалдым. Айнаға қарасам, бір бетім қисайып кетіпті. Шошып, не істерімді білмей қалдым. Зәкең (жұбайы Заманбек) емші-домшыларға бір кісілер арқылы хабарласып, Айсұлу деген емші келіншекті әкелді. Айсұлу тамырымды ұстап көріп: «Сіздің суретіңізді орыс емшілеріне берген. Сол сурет арқылы сізді дуалап, сахнаға шыға алмай қалсын, өліп кетсін деген ниетпен жасаған», – деді. Содан жатпай-тұрмай он бес күн бойы мені Құранмен, дұғалармен оқып емдеді. Аузымнан да, мұрнымнан да неше түрлі нәрселер шықты. Еш жерім ауырмайды, бірақ өзінен-өзі көзімнен жас сорғалап аға берді. Сонда да бетімнің қисайғаны қайта қоймады. Емші қыз бетіме тоғыз сүлік салды. Сүліктер сау бетіме жоламай, қисайған бетімнен қан алды. Осыдан кейін дуалау дегенге сенетін болдым.

– Халықтың алдында көп жүресіз, осындай нәрселерден сақтану үшін көзмоншақтар тағып немесе қандай да бір ырымдар ұстанасыз ба?

– Әрине. Тұмарым ылғи мойнымда. Дұға, Құраннан сүрелер оқып, түйреуіштер тағып жүремін. Қайда жүрсем де тәспімді тастамаймын. Сүрелердің біразын жатқа білемін. Құдай қаласа, бес уақыт намазға жығылу ойымда бар.

– Өзіңіз ауыра қалсаңыз халық емшілеріне барасыз ба жоқ әлде дәстүрлі медицинаның көмегіне жүгінесіз бе?

– Ешқайсысына жиі бармаймын. Жылына екі рет анализ тапсырып, тексеріліп тұрамын.

меруертМеруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші: Екі рет шетелдіктер­дің көзі тиіп ауырғанмын

– Меруерт апай, көз тиіп ауырған кездеріңіз болды ма?

– Иә. Өмірімде екі рет көз тиіп ауырғанмын. Бір қызығы, екеуінде де шетел азаматтарының көзі тиген.

1996 жылы «Омпа» фильмінің алғашқы көрсетілімінде екі француз жігіті болды. Солар маған тесіліп қарап, өз тілдерінде бір нәрселерді айтып отырған. Сол-ақ екен, жарты сағат өтер-өтпес, бірден қатты ауырып, мазам қашып, орнымнан тұрып кеттім. Қатты қиналдым. Содан сіңлім үстіме су шашып, дұғаларды оқыды. Екі сағат өткеннен кейін ғана өз-өзіме келіп, жағдайым жақсарды. Екінші оқиға Қытайда болған. Шанхай қаласына фотосессия жасатуға барғанмын. Фотосессия жасау барысында қытайлар маған таңғалып, эмоцияларын жасырмай, киімдерімді, бетімді ұстап көріп мазамды алды. Олардың сұқтанғандарына шыдай алмай, фотосессияны тоқтатып, қонақүйге қайтып кеттім. Жол бойы құсып, басым ауырды. Жанымдағы аудармашы қыз не істерін білмей, «Жедел жәрдем шақырайын ба?» деп жанталасуда. Мен мұның көз екенін біліп, «Қажеті жоқ, қазір жақсы боламын» деп ауруханаға емес, тіке қонақүйге келіп, суға шайынып, дұғаларымды оқыдым.

– Сонда оның көз екенін қалай сезесіз?

– Маған көз тигенде жүрегім айнып, уланған секілді боламын. Медицина диагноз қоятын болса, «уланған» деп айтуы мүмкін. Өйткені менің ішім өтіп, ыстығым көтеріледі.

– Өмірде түрлі оқиғалар болып жатады. Соның бірі – Ислам дініне қайшы келетін дуа жасау. Өзіңіздің немесе жақындарыңыздың басынан мұндай оқиғалар өткен бе еді?

– Иә. Мен дуа жасау дегенге сенемін. Себебі өзімнің бауырым бір әйелге байланып қалған. Ол әйелдің қаншалықты нашар, жаман пиғылды адам екенін біліп тұрса да, ешқашан оны тас­тап кете алмайды. Ешқандай тәрбие көрмеген әйел ініме дуа жасап, басын айналдырып алған. Ажырасу туралы айтылады да, сол күйінде қалады. Өйткені одан кетейін десе, белгісіз бір күш жібермейді. Дуаланған адам өздігінен шешім қабылдай алмай қалады екен. Осыған ұқсас әңгімелерді жиі естимін. Алайда «Еркек әйелді дуалап, өзіне қаратып алыпты» дегенді естіген емеспін. Соған қарағанда әйелдер табиғатынан әлсіздеу келе ме екен деп ойлаймын. Ер адамдардың тамақтарына түрлі нәрселерді қосып немесе басқа жолдармен дуалап жатады. Мұндай жиіркенішті істерден Құдай сақтасын! Мен өзім біреуге қатты ғашық болып, онсыз өмір сүре алмаймын десем де, ешқашан дуа жасамас едім. Бұл имансыз, надан әйелдердің қылығы деп есептеймін. Махаббаттан жүрегің жарылып бара жатса да, ғашығыңның дуаның күшімен ғана жаныңда өмір сүргені керек емес. Дуа жасап, біреудің обалына қалып, күнәға батып, жер басып жүретін адамдарды түсінбеймін. Мұндайларға лағнет айтамын. Бұл өмірде жазаланбаса да, ақыретте жазасын алады. Менің айтарым, егер біреуге дуа жасағыңыз келіп жүрсе, жүз рет ойланып барып қадам жасаңыз. Біреудің басын байлағанша, одан да жауапсыз махаббатпен бақытсыз ғұмыр кешсең де, Алланың алдында адал өмір сүргенің мың есе артық!

– Бауырыңызға жасалған дуаға қарсы ешнәрсе жасамадыңыздар ма?

– Жоқ. Ешнәрсе жасамадық, жасамаймыз да! Себебі мұның емі тек Алланың қолында. Қазіргі уақытта емші-домшының атын жамылып жүрген небір адамдар көбейіп кетті ғой. Оларға еш сенбеймін. Бәрі – ақша табудың қамымен жүргендер. Орысша тәрбиеленгендіктен бауырымыздың әйелімен бір күн де тұрғысы келмейтінін, қиналып жүргенін сезсек те, ешқандай антидуа жасауға біздің қақымыз жоқ. Тек қана Алладан шипасын бере гөр деп тілейміз. Әркім жасаған жамандығы үшін жазасын алады деп ойлаймын.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№4 (142) ақпан 2013 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Фариза ДӘУЛЕТ

 

Пікір қосу