— Аға, бақытты адам деп өмірде жолы болған, кәсібінен бақыт тапқан, жүрегі тыныш адамды айтатын шығармыз. Ал, Сіз үшін бақыттың өлшемі қандай?
— Бақ – соқыр. Кім көрінгеннің иығына қона салады. Иығыңа бақыт құсы қонғанын ұғыну да бақыт. Үркітіп алмау – даналық. Құдай кещеліктен сақтасын! Бақытта басқалай өлшем боларын менен гөрі ақылдылар айтатын шығар. Мен жер басып аман, күннің көзін көріп сау, адамдар арасында сәләмат жүргенімді бақыт деп санаймын. Басқасы өз қолымда.
— Жалпы, өнерден бақытын тапқан жандардың көпшілігі өмірден бақытын таба алмай жатады. Кезі келгенде кесек-кесек сөйлейтін ағалар осы сұрақтың аясына келгенде кібіртіктеп қалады. Бұл шығармашылық адамдарының тым талапшыл болғаны ма, әлде аса сезімталдығынан ба?
— Екеуінен де. Өнер мен өлеңнен тапқан бақытты азсыну пендешілік болар. Ол Алланың дарытқан қасиеті. Тәубешіл болған дұрыс. Өмірдегі бақытты өнердегі бақыттан бөле-жара қарау, екеуін екі бөлек әлемнен іздеу де алаңғасарлық. Бақыт деген бір-ақ ұғым емес пе? Ал анда жолым болғанмен, мұнда болмады деген нәрсе мазасыздық, тынымсыздық. Бұл да өмірге ғашық ететін құдіретті күш, бақытқа талпындыратын серпіліс. Ол тек адам баласына ғана біткен қасиет. Бақытқа адам тойған ба, алайда қанағат деген ұғым бар. Бірі кем дүниенің қай кемтігін толтырарсың? Тек шүкіршілік айтамын.
— Қазақтың басынан аштық та, тоқтық та өтті. Талай тарихқа арқау болған халықпыз. Сіздіңше Қазақ деген ел қандай ел?
— Құдайдың ең шебер жаратқан құбылысы. Алла-Тағала қазақты жақсы көреді, еркелетеді. Байқайсыз ба, ренжігенде де сол Құдайдың өзін жерден алып-жерге салатын басқа халық бар ма? (рахаттана бір күліп алды). Бірін-бірі шұқылап жүрсін деп, қазақтың қолына таяқ ұстатып қойғаны да бекер емес сияқты. Қызығына қарап отыру үшін әдейі істегендей. Өзің айтқандай, қазақтың қара басы қайда соғылмады?! Жұбан ағаша жырласақ, мың өліп, мың тірілген! Менің атам Жаманқұлдың тілімен тіліп сөйлесек, тамырына талай балта шабылған. Алайда, бір Алланың әмірімен құрып кетпей, өз алдына мемлекет болып, төрткүл дүниені жайлаған сан мыңдаған ұлттардай өз жерінде өмір сүріп, ұрпағын өсіріп, өркениетті мемлекетін құрып жатыр. Тілі де, діні де бар. Ақын-жазушылары, артистері, театры мен киносы, «Жұлдыз» деген де, «Жұлдыздар отбасы» деген де жорналы бар…(күлді)
— Аға, мен сіздің сөз мәйегін ағыза, шешендерше шешіле сөйлегеніңізге қарап, таңданып отырмын. Сөз қадірін бір кісідей байыптайсыз. Актер емес, жазушы болып кетуіңіз мүмкін бе еді?
— Қарағым, сен өзі маған бүгін таң қала бердің ғой (күлді). «Хабар» арнасынан «Таң қалмаңыз» деген хабарды жиі-жиі қарап тұрсайшы. Олар ештеңеге таң қалмауды үйрететін көрінеді… Әзілім ғой. Сөз қадірін білгеннің бәріне жазушы болу міндет емес. Жазғанды оқи білген, оны өзің сияқты көңілге тоқи білген де — бекзаттық. Есте жоқ ескі замандардағы Қараменде бидің шерлене айтарындай «Сөз ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде болған заманынан» сақтасын. Жоқ, жазушы бола алмас едім. Актер болмасам, инженерлік оқуымды тәмамдап, әуелі бір трестің бастығы, кейіндері әр түрлі деңгейдегі әкім бола алмай қалсам да, олигарх болар едім, оның түк те қиындығы жоқ екен. Бетіңді тіліп жіберсе, қан шықпастай қара бастың қамын күйттесең болды.
— Барлық нәрсенің өлшемі абырой емес, ақшаға тірелген мына аласапыран заманға қарап отырып, қандай ой түйесіз?
— Ой емес, мұң түйемін. Алайда, қай заманда да солай болған. Шығыстың жеті жұлдызының бірі, Әлішер Науаидай алыпты бас уәзірлікке тағайындаған Хұсейін Байқараның заманында да ақша адамгершіліктің алдына шыққан.
— «Көбіне рахметтің орнына шапалақ жеймін» дегеніңізге қарағанда көп қиянат көргенсіз-ау деймін…
— Көргем, көріп те жүрмін, көре беретін шығармын… Бірін білімнен тапсам, бірінде тілімнен табамын… Бәріне өзім кінәлімін. Шыннан емес, судан тұратын сұхбат беріп, тек жүрсем — тоқ жүрер едім, домаланып көп жүрер едім. Бірақ, мен олай жасай алмадым. Пешенеме солай жазылған шығар…
(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№ 24 (41/118). Желтоқсан. 2008 жылғы
санында)
Сұхбаттасқан Әлия ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА