Дональд Трамп – американдық белгілі миллиардер-кәсіпкер. Оның әкесі Фред Трамп неміс иммигранттарының отбасында дүниеге келген. Анасы Мэри Маклауд 1930 жылы 18 жасында Нью-Йорк қаласына жолы түсіп, сол жерде болашақ жары Фредпен танысады.
25 жастағы Фред Трамптың сол кездің өзінде жеке құрылыс компаниясы болған. 1936 жылы екі жас некелерін қиып, Нью-Йорк қаласы, Куинс ауданынан үй сатып алады. Отағасы өз бизнесімен, ал Мэри балаларының тәрбиесімен айналысады. Дональд – Трамптар шаңырағындағы бес баланың төртіншісі. Бауырларының арасында жасы кіші болса да, ол өзінің қатал әрі қайсар мінезімен ерекшеленді. Жалпы, АҚШ-тың болашақ 45-ші президентінің бойындағы табандылық пен бірбеткейлігі әкесіне тартқан. Ата-анасы да, мектептегі мұғалімдері де көп жағдайда адуынды баланың қиғылықтарына көнген. Оның қыңыр мінезіне төзбеген әке-шешесі 13 жасар ұлдарын Нью-Йорктегі әскери академияның мектеп-интернатына орналастырады. Сөйтіп, қиқар баланың әскери оқу орнында ішкі тәртібі қалыптасып, үздік оқуымен және де спорттағы жетістіктері арқылы көзге түсті. Ата-анасы өзге балаларына Дональдты үлгі ете бастады.

Қалыптасу жолы

1964 жылы Д.Трамп әскери академияны «үздік» деген бағаға аяқтап шығады. Бозбала Дональд білімін кинематографиялық жоғары оқу орнында жалғастыруды ойлайды. Алайда, Фордем университетіне түседі. Ол жерде төрт семестр оқып, Пенсильвания университетіндегі Уортон бизнес-мектебіне ауысады. 1968 жылы экономика-бакалавры дәрежесін алып шығып, әкесінің компаниясына жұмысқа тұрады. Бірінші күннен-ақ болашақ миллиардер өз саласына түскенін түсініп, жылжымайтын мүлік нарығына қызығушылығы оянады. Әке капиталын сан есе көбейтіп, құрылыс компаниясын бұдан да әлеуетті етуді өзіне мақсат етеді. Дональдтың алғашқы жобасы – Огайо штатындағы ғаламат Swifton Village тұрғын үй кешені. 1200 пәтерлік бұл нысанның құрылыс жұмысы бір жылдың ішінде аяқталады. 6 млн. доллар жұмсалғанымен, апартаменттерді сатуда 12 млн. доллар пайда түседі. Бизнесті жаңадан бастаған жас кәсіпкер үшін бұл толайым табыс еді. Әйтсе де, ол мұнымен тоқтап қалмайды. Огайодағы құрылысқа қаржылай көмекті мемлекет берген болатын. Дональд бұдан да ірі жобаларды қолға алу үшін үкіметкер емес банкирлер мен топ-менеджерлерге, мұнай магнаттарына жақындау керектігін түсінді. Сол үшін де 1971 жылы Нью-Йорктің қақ ортасындағы Манхэттен аралына көшіп барды. Сол жерде көптеген ықпалды адамдармен танысып, қарым-қатынас орната бастады.Похожее изображение

Табысты жылдар

1974 жылы Трамп ешкімнің көмегінсіз Commodore отелін қайта жөндеуден өткізу үшін тендер ұтып алады. Сондай-ақ қонақ үй маңындағы көптеген ғимараттар да ескіріп, жұпыны күйде болатын. Дональд қала әкімшілігінен 40 жылға салық жеңілдігін алып, Нью-Йорктің ірі банктері 70 млн. ипотекалық несие береді. Есесіне, оған ауданды жөнге келтіру міндеттеледі. Дональдтың фирмасы алты жыл тынымсыз еңбек етіп, Манхэттен тұрғындарына өмір сүруге қолайлы, көрікті кварталдарды салып береді. Ескірген Commodore қонақ үйі 25 қабатты шыныдан салынған келбетті ғимаратқа айналады. 1996 жылы бұл зәулім қонақ үйдің 50 пайыз акциясын сатып алып, кәсіпкер Трамп өз байлығын 142 млн. долларға көбейтеді. 1979 жылы «Тиффани» зергерлік дүкеніне қарама-қарсы жатқан жер телімін сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастайды. 1983 жылы ол жерде қалада бұрын болмаған 58 қабаттық ең биік ғимарат бой көтереді. Кіреберісінің өзінде үш метрлік су бұрқағы салынған жаңа кешеннің едені қызылқай мәрмәрдан салынады. Орталық бақ пен түрлі мейрамханалардың маңайындағы кешен апартаменттері бірнеше айдың ішінде сатылып кетіп, Трамптың дәулеті бұл жолы 200 млн. долларға еселенеді. 1977 жылы Нью-Джерси штатында құмар ойындар заңдастырылғанда, бұл салада да өз бизнесін дамытуды жоспарлайды. 1980 жылы Атлантик-Сити қаласында жер телімін сатып алып, бауыры Робертке құмар ойындарына лицензия алуын тапсырады. 1982 жылы құны 250 миллион долларды құрайтын Trump Plaza Hotel & Casino қонақжай ойын-сауық кешенін ашады. 1986 жылы қаладағы Хилто желісіндегі отельді алып, оның орнына 320 млн. долларға Trump’s Castle салып шығады. 1990 жылы әлемдегі ең үлкен казино-отель «Трамп-Тадж-Махалдың» құрылысын аяқтайды. Осылайша 1990 жылдардың басында оның дәулеті 1 млрд. долларға жетті. «Forbes» журналының 2016 жылғы мәліметі бо-йынша қазіргі байлығы 4 млрд. доллардан асып отыр.

Трамп телевидениеде

2002 жылы Трамп «Кандидат» атты реалити-шоу арқылы эфирге шығады. Қатысушылар оның компаниясында топ-менеджер болу үшін өзара жарысқа түсті. Бірінші маусымда Дональд авторлық тележобасының әр шығарылымы үшін 50 мың доллар алып отырады. Екінші маусым басталғанда оның эфирдегі бір бағдарламасы 3 млн. долларға бір-ақ жетеді. Осылайша кәсіпкер АҚШ-тағы қаламақысы қомақты тележүргізушілердің біріне айналған. 2006 жылы NBC-пен бірігіп «Америка мисі», «Әлем мисі» сынды байқауларды ұйымдастыратын «Miss Universe Organization» компаниясын сатып алады. Сонымен қатар құрылыс магнаты бірнеше фильм мен сериалдарға түсіп үлгереді. Мәселен, бүкіл әлемге белгілі «Один дома-2» кино комедиясында Д.Трампты көруге болады. 2007 жылы «Кандидат» реалити-шоуы үшін Трамптың Голливудтағы «даңқ аллеясында» өз жұлдызы пайда болады.

Похожее изображение

Саясаткер Д.Трамп

«Трамп президент болады» деген әңгімелер сонау 80-жылдардың өзінде айтылған еді. Бірақ та ол кезде оның саяси көзқарасы өзгеріп тұрды. Тек 2009 жылы шешім қабылдап, Республикалық партияның қатарына өтеді. Талантты экономистің кандидатын президенттікке 2011 жылы ұсынбақ болған. Алайда, кәсіпкер әзірге жеке секторын тастап кете алмайтынын мәлімдеген-ді. 2015 жылдың 16 маусымында өз шешімінің өзгерткенін АҚШ жұртшылығына білдіріп, сайлауалды компаниясын бастап кетеді. Түрлі штаттарда кездесулер ұйымдастырылып, оны қолдау акциялары да өте бастайды. Саясатқа алпыстан асқанда келген қайраткер өзінің ашықтығымен ерекшеленеді. Иммиграция, денсаулық сақтау, экономика мен ішкі саясат мәселелерін көтерді. Егер де президент болған жағдайда елге кеп жатқан еңбек мигранттарын тоқтату үшін ел арасындағы шекараға Қытайдың ұлы қорғаны сынды қамал тұрғызатынын айтты. Және де ИШИМ әскерін дереу жойып жіберу керектігін жария етті. Барак Обама енгізген медициналық бағдарламаны сынап, оны алып тастауды талап еткен болатын. Экономикалық сектор бойынша Д.Трамптың пікірлеріне демократтар да құлақ асты. Ол сырттағы өндірістерді АҚШ-қа алып келу керектігін айтып, Қытаймен сауда-саттық соғысы қажет екенін дәлелдеп бақты.

Сонымен, 2016 жылдың қараша айының 8 күні өткен сайлауда 70 жастағы Дональд Трамп өз бәсекелесі – 69 жастағы Хиллари Клинтонды жеңіп, АҚШ-тың 45-ші президенті атанды.

Жеке өмірі

Д. Трамп үш рет отбасын құрған. Бес баласы және алты немересі бар. Ең бірінші рет 1977 жылы чехословакиялық модель Ивана Зельничковамен некесін қияды. Ивана құрылыс магнатына үш бала тауып берсе де, олардың отбасылық өмірі 15 жылға ғана жалғасып, олар 1992 жылы айырылысып кетеді. Миллиардердің екінші жұбайы – актриса Марла Энн Мейплз. Олар өз шаңырақтарын 1993 жылы көтереді. Дональд Марладан бір қыз сүйеді. Олардың отбасылық өмірі 6 жылдан кейін аяқталып, 2005 жылы Трамп өзінен 24 жас кіші фотомодель Меланий Кнаувты әйелдікке алады. Ол өзінің үшінші әйелін өмірлік махаббаты екенін айтқан-ды. Үйлену тойларында Меланийге салмағы 13 караттық, бағасы 1,5 млн. доллар тұратын гауһар тасы бар сақинаны сыйға тартты. Арада бір жыл өткенде қалыңдық дүниеге Бэррон Уильям Трамп есімді ұлды алып келді. 2016 жылы президенттікке кандидат Д.Трамп тағы да ата атанды. Қызы Иванка Трамп үшінші баласына босанып, есімін Теодоро Джеймссон деп қойған. Сайлауалды компаниясында оның отбасына қатысты жанжал болды. Әйелі Меланийдің 1998 жылы «Мах» журналының мұқабасы үшін тәнін жалаңаштап түскен суреті баспасөз беттерінде қайта басылды. Миллиардер әйелінің бұрындары табысты модель болғанын және «Меланий ол суреттерге менімен таныспай тұрып түскен» деп мәлімдеді.

 

Пікір қосу