Құралай, жақында жарық көрген «Брат или брак» фильміңіздің тұсаукесері өтті. Алғашқы продюсерлік жұмысыңызды неліктен осы фильмнен бастадыңыз?

«Брат или брак» фильмінің сценарийі өзіме қатты ұнады. Фильмнің мазмұны бойынша Гаухар есімді қыздың бес ағасы болады. Ағалары Гаухардың сүйіктісі Айдармен бірге отау құруына қарсы болады. Бұл сценарий менің жаныма өте жақын. Өйткені осы фильмдегі оқиға желісі біздің отбасымызда да болған. Менің әкемнің де бауырларынан бөлек, жалғыз кенже қарындасы бар. Олар қарындасын  өзгелерден қызғанып, жанына ер-азаматты жолатпай қойған ғой. Осылайша әпкем 28 жасына дейін тұрмысқа шыға алмай жүріп қалды.

Толықметражды фильмге продюсерлік ету қалай екен? Қиын емес пе?

«Жаужүрек мың бала» фильмінен кейін мен бірден дүйім жұртқа танымал болып кеттім. Осы танымалдылықпен актрисалық мансабымды жалғастырып, бірнеше телехикая, жарнамаға түсіп жүре беруіме де болатын еді. Алайда, ертеңімді, өз болашағымды ойладым. Қазір қанша атақты болғаныңмен 5-10 жыл өткеннен кейін дәл қазіргідей сұранысқа ие актриса бола алмауым мүмкін. Сол себепті ұзақ ойланып, киноға түсіп қана қоймай, киноны өзім түсіріп үйренгім келді. Продюсер болудың оңай жұмыс емес екеніне менің Мәскеуде оқып жүргенде-ақ көзім жеткен. Бұл жұмыстың қыры да көп, сыры да мол. Біздің орталық аз уақыттың ішінде жарнама, әртүрлі әлеуметтік роликтер, қысқаметражды фильмдер түсірумен айналысып, біраз тәжірибе жинады. Тек осыдан кейін ғана біз бұл фильмге продюсерлік етуді бастадық.

Жалпы, фильм өз көңіліңізден шықты ма? Қанша дегенмен кино саласындағы тырнақалды туындыңыз ғой?

Фильм көңілімнен шықты. Өйткені бұл фильмді кәсіби мамандар түсірді. Актерлік құрамнан бастап, режиссерге дейін барлығы дерлік өз ісін жетік меңгерген мамандар. Сол себепті аса қатты уайымдап қобалжымадым. Фильм түсіруді бастаған уақытта күтпеген жағдайға, жол апатына ұшырадым. Ауыр соққыдан оң жақ бетім көгеріп қалды. Бір жақ бетімнің көгергенін қанша жасырсақ та, кейбір сәттерде фильмде білініп қалады. Осындай кішігірім олқылықтарды есепке алмағанда, барлығы да ойдағыдай болды деп ойлаймын.

Отбасыңыз фильмді көрді ме? Ата-анаңыз, бауырларыңызға фильм ұнады ма?

Ата-анама фильм қатты ұнады. Фильм кинотеатрларда көрсетіле бастаған күннен олар фильмді көріп, риза болды. Отбасым фильмнің тұсаукесерінде Алматыға ұшып келіп, маған үлкен қолдау білдірді. Ата-анам достарымен де, туыстарымен де барып, киноны бірнеше рет тамашалап үлгерді.

Бұл фильмге актерлер қалай іріктелді? Кастинг жарияланды ма?

Айтарлықтай ауқымды қастинг болған жоқ. Біз сценарийді жазар алдында бұл фильмге нақты кімдер түсу керектігін жоспарлап қойған едік. Алайда біраз қиындықтардың орын алғаны да жасырын емес. Ресейден актер Нұрлан Сабуровты ұзақ келіссөздер арқылы шақырдық. Тәуекел Мүсілім фильмге түсуге келісе қойған жоқ. Ол өз-өзіне ғашық, мақтаншақ жігіттің рөлін ойнауы керек болатын. Тәуекел «Онсыз да жұрт мен туралы осылай ойлайды. Бұл фильмге түссем не болмақ? Халық мені дұрыс қабылдай ала ма?» деп біраз қарсылық білдірді. Ақырында режиссеріміздің өзі Тәуекелмен сөйлесіп, оның келісімін алдық. Шын мәнінде, Тәуекел – өте мейірімді, ақылды. Фильм біткен соң ол: «Осы киноға түсуге келісім бергенім үшін бақыттымын» деп ризашылығын білдірді.

Нұрлан Сабуров сіздің кинодағы кіші ағаңыздың рөлін ойнайды. Ол кісі бұл фильмге қалай келді? Білуімізше, осыған дейін ол қазақстандық бірде-бір фильмге түсуге келісім бермеген.

Нұрлан біздің фильмнің сценарисі Алишер Утевтің жақын досы болып келеді. Алишер оған хабарласып, фильмге түсуге ұсыныс білдірді. Ол фильмнің идеясымен, сценарийімен танысқан соң қуана келісімін берді. Нұрланға біздің фильмнен бөлек қаншама ұсыныстар түсті десеңізші, соған қарамастан біздің фильмге түсуге келісімін берді.

Кейде түсірілім барысында актерлер бір-бірімен түсініспей жатады, сіздерде осындай мәселелер туындаған жоқ па?

Фильмдегі актерлермен түсініспеушіліктер болған жоқ. Дәуренмен түсірілім барысында сөзге келіп қалғанымыз рас. Артынан мен одан кешірім сұрадым. Ол кәсіби актер болғандықтан әрбір көріністі 100 пайыз орындауға тырысады. Ал менің продюсер ретінде де жұмысым бар, киноның процесін бақылауым керек. Сол себепті  өз-өзімнен мазам кетіп, репетицияға уақытым бола бермеді. Дәурен осы әрекетім  үшін біраз ренжіді. Онымен дұрыстап сөйлескен соң, бір-бірімізбен түсінісіп кеттік.

Фильмдегі Гаухардың тұрмыс құруына ағалары кедергі келтірген еді. Ал сіздің тұрмыс құруыңызға қазір не кедергі болып жүр?

Менің тұрмыс құруыма ешкім кедергі емес. Керісінше, барлығы менің тезірек тұрмыс құрғанымды қалайды. Бірақ өзімде әлі ондай жоспар жоқ.

Шынайы өмірде Айдар секілді жігітке тұрмысқа шығар ма едіңіз?

Айдар секілді жігітке тұрмысқа шықпас едім. Өйткені мен өзімді жақсы білемін. Маған жұмсақ мінезді адам жар бола алмайды. Ер мінезді, рухы мықты, өзіне де, өзгеге де қатал талап қоя алатын азамат керек.

«Қасымда арқа сүйер азаматым бар. Жылдар бойы бір-бірімізге қолдау білдіріп келеміз» дедіңіз бір телеарнаға берген сұхбатыңызда. Ол кісінің есімін қашанға дейін құпияда ұстамақшысыз?

Жеке өмір жеке өмір күйінде қалу керек. Сол себепті де, отбасымды, сүйікті адамымды дүйім жұртқа жариялағым келмейді. Сүйіктім көп жылдар бойы қасымда, екеуміз бір-бірімізді үнемі демеп келеміз. Жақындарымның суретін жариялап, сүйіктімді көрсетіп, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырғым келмейді. Сол себепті менен ол туралы қазбалап сұрамаңыздаршы…

Жалпы тұрмыс құрып, ана атану ойыңызда бар ма? Сіз үшін отбасылы болудың маңызы қандай?

Өмірдегі әрбір әйелдің арманы – отбасы құру, ана болу. Ана атанатын менің де күнім келер, бұйырса. Бірақ бұл жөнінде бұқаралық ақпарат көздеріне жарияламаймын. «Тұрмыс құрдым, ана атандым» деп өз-өзімді жарнамалаудан аулақпын.

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Сұхбаттың толық нұсқасын журналдан оқи аласыздар!

(«Жұлдыздар отбасы» журналының 2017жыл, №22 санынан қысқартылып алынды)

Пікір қосу