«Жаңа зауыт салғанмен, оған шикізат жетіспеуі мүмкін»

0
809 қаралды

Жанармай нарығындағы тапшылық Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керектігі жайлы әңгімені қайта қозғады. Қазақстан тұтынатын жанармайдың шамамен 30 пайызын Ресейден сатып алады.
Сарапшылар жаңа зауытқа қажетті көлемде шикізат жоғын айтады.

Әлеуметтік желілер «мұнайға бай Қазақстанның жанар-жағармай тапшылығына» тап болғаны жайлы пікірлерге толды. Кей қолданушылар Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салатыны туралы биліктің бұған дейін бірнеше рет уәде бергенін еске алды. «Егер төртінші мұнай өңдеу зауыты салынғанда қазіргідей тапшылық болмас еді» деген пікірлер айтылды.

Қазақстанда Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарынан өзге тағы бір мұнай өңдеу зауытын салуды биліктің сөз еткеніне он жылға таяды. 2009 жылы сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов елге жаңа мұнай зауыты қажеттігін айтып, оның құрылысы шамамен 3,5 миллиард долларға түседі деп мәлімдеген. Кейін мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев жаңа зауыттың құнын 6 миллиард долларға жеткізген. Мыңбаевтың жоспары бойынша, жаңа зауыт құрылысы 2016 жылы басталып 2019 жылы іске қосылуы тиіс еді.

Жаңа зауыт салу қажеттігі жайлы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та 2013-2014 жылдары бірнеше рет мәлімдеп, құрылысын бастауды тапсырған. Бірақ зауыт құрылысы сол күйі басталған жоқ.

Азаттық тілшісі энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа хат жолдап, жаңа зауыт салына ма, оған қанша қаржы керек, жаңа зауыт салуға не кедергі болды, қазіргі зауыттар не себептен жиі жөнделеді деген сұрақтар қойған еді. Бірақ, министрліктен келген хатта жаңа зауыт жайлы Азаттық қойған сұрақтар жауапсыз қалған.

Қазақстан энергетика министрі Қанат Бозымбаев парламентте сөйлеп тұр. Астана, 2 қараша 2016 жыл.
Энергетика министрлігінің Азаттыққа берген жауабында қазір Қазақстандағы үш МӨЗ ішкі нарықтағы жоғарыоктанды бензинге сұраныстың шамамен 70 пайызын, дизель отынының – 85-90 пайызын және авиаотынға сұраныстың 45 пайызын өтейтіні айтылған.

«Үш МӨЗ қайта жөнделген соң жоғарыоктанды АИ-92 бензинін 2,2 есе, АИ-95/98 – 9,6 есе, дизель отынын 30 пайыз, авиаотынды – шамамен 3 есе көп шығаруға мүмкіндік береді. Ал төменоктанды бензин шығарылмайды. Зауыттарды қайта жаңарту 2017-2018 жылдары аяқталуы тиіс. Онан кейін жөндеу жұмыстары 3-4 жылда бір рет жүргізілетін болады, бұл жылына қосымша 300 мың тонна мұнайды қайта өңдеуге мүмкіндік береді» делінген хатта.

Елдегі үш МӨЗ жаңартылған соң шикізат өңдеу қуаты жылына 13,8 миллион тоннадан 16,5 миллион тоннаға дейін артады деп сендіреді министрлік.

Қазақстан тұтынатын жанармайдың шамамен 30 пайызын Ресейден сатып алады.

«ТӨРТІНШІ ЗАУЫТҚА МҰНАЙ ЖЕТПЕЙДІ»

Азаттық тілшісі әңгімелескен сарапшылар Қазақстанда төртінші мұнай зауытының салынбай қалуының себебін оған жеткізетін мұнай тапшылығымен байланыстырады.

Қазақстанның мұнай саласын зерттеуші, таяуда жарық көрген «Черная кровь Казахстана» деп аталатын кітаптың авторы Олег Червинскийдің айтуынша, жалпы жиынтығы 15 миллион тоннадан астам мұнай өңдей алатын үш зауыт 2016 жылы 14 миллион тоннаға жетпейтін мұнай өңдеген.

Журналист Олег Червинский Қазақстан мұнайы туралы жаңа кітабын таныстырып тұр. (Олег Червинскийдің жеке мұрағатындағы сурет.)

— Тағы бір мұнай өңдейтін зауыт салынды делік, бірақ оған жеткізілетін шикі мұнайды қайдан алады? «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» АҚ жұмыс істейтін мұнай кеніштерінде мұнай жыл сайын азайып келеді. Оның үстіне миноритарлы акционерлері мұнай өңдеу зауыттарына жіберілетін мұнай бағасы қаншалықты әділ деген мәселе көтере бастайды, — дейді ол.

Олег Червинскийдің сөзінше, «Қазақстандағы мұнай өндірісі Қашаған кеніші толық қуатына шыққан кезде және Теңіз бен Қарашығанақ жобалары ұлғайса ғана әрі қарай өседі. Ал ол жобалардың акционерлері өнімді кім қымбатқа алса соған сатуға ерікті.

— Ал Қазақстандағы жанармай бағасы әлемдік деңгейге жетпей мұнай өңдеу зауытында шикізат өңдеу – оның иесіне экономикалық тұрғыдан тиімді емес, сондықтан мұнан кейін де бензин тапшылығы бола береді, — дейді ол.

Азаттықпен сөйлескен Мұнай сервис компаниялар одағының директоры Нұрлан Жұмағұлов та осыған ұқсас пікір айтады. Оның сөзінше, қазіргі жағдайда төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға инвесторларың құлқы жоқ. Өйткені, мұнай өндіруші компаниялар мұнайын ішкі МӨЗ-дерге емес экспортқа шығаруға тырысады.

— Қазақстан мұнайының жартысын, яғни шамамен 40 миллион тоннасын өндіретін «Қарашығанақ», «Теңізшевройл», «Қашағанға» үкіметтің ықпал етуі өте қиын. Олар өнімдерін экспортқа шығарады. Келісімшарт солай. 20-30 пайыз мұнайын ішкі рынокқа өткізуді міндеттесе де оны әлемдік бағамен сатар еді. Әлемдік баға бойынша бензин бізде қазіргіден екі есе қымбат болуы тиіс. Халық оған дайын емес, — дейді ол.

Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты. 13 маусым 2006 жыл.
Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, өзге мұнай өндіруші компаниялар 30 пайызын, тіпті «Қазмұнайгаз» компаниясы 50 пайыз мұнайын ішкі рынокқа беруі тиіс. Әлемдік рынокта баға 50-55 доллар болса, ішкі рынокта 20-25 доллар ғана.

— Мысалы, «Шеврон» компаниясы үкімет талабына келісетін болса экспортттан Қазақстан бюджетіне өткізетін салықтары азаятынын ескертті. Бірақ «Шеврон» өндірісі мардымсыз ескі кеніштерді сұрады. Оны жаңа технологиямен игеріп, шыққан мұнайды ішкі рынокқа бере алатынын айтты. «Қазмұнайгаз» бұл мәселені ойластырып жатыр, — дейді ол.

Нұрлан Жұмағұлов қуаты 200-300 мың тонналық шағын мұнай өңдеу зауыттарын салу да тиімсіз екенін айтады.

— Қазақстан 2016 жылы «Еуро-4», «Еуро-5» стандарттарына өтуі тиіс болған. Шағын зауытпен ол стандартқа жету қиын. Оның үстіне үлкен зауыттарға мұнай құбырмен келеді. Ал шағын зауыттарға 200-300 мың тонна мұнай жеткізу үшін ешкім құбыр салмайды, — дейді ол.

Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты жаңарған кезде ішкі рынокты бензинмен қамтамасыз етуге болады. Яғни жаңартылғаннан кейін бензин сапасы жоғарылап, зауыт қуаттары да өседі.

Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш зауыт совет заманынан бері жұмыс істеп тұр. Атыраудағы зауыт 1945 жылы, Павлодардағы – 1978 жылы және Шымкенттегі зауыт 1985 жылы салынған. 1992 жылы 25,8 миллион тонна мұнай өндірген Қазақстан 2012 жылы көрсеткішін 80 миллион тоннаға дейін жеткізген. Ал 2016 жылы өндірілген мұнай көлемі қайтадан 77 миллион тоннаға түскен.
Асылхан МАМАШҰЛЫ
(Ескерту! Мақала азаттық сайтынан қысқартылып берілді, және соңына түйін сөз қосылды.)

Түйін:
Байқағанымыз Қазақстандағы «қара алтын» саласының шаруалары ақылға сыймайтын тұжырымдарға, құпия мен өсекке толып тұр. Өзіңіз мына деректі ақылға сап қараңызшы:
— Мұнайға бай Қазақстан жанар-жағармайдың 30-пайызын шетелден(Ресейден) сатып алуда, әрі оны болашақта да жалғастыра бермек. Себебі, егер 4-ші МӨЗ (мұнай өңдеу зауоды салынса, онда оған шикізат (мұнай) жетіспейді-мыс.
— Көрші Қырғыз елінде мұнайы жоқ болса да төрт МӨЗ бар. Олар шикізаттың жетіспеушілігінен мүмкіншілігінің 10-20-пайыз деңгейінде жұмыс атқаруда. Ресми деректер бойынша, Қырғыз еліндегі МӨЗ-дер шикізатты негізінен Ресей мен Қытаймен келісім-шарттарға отырып алуда көрінеді. «Неге Қазақстаннан алмайды?»-деген сұраққа анық жауап жоқ!
— Қытай мен Ресейден Қырғыз еліне баратын мұнай құбыры жоқ. Қазақстаннан Қытайға баратын мұнай құбыры ғана Қырғыз еліне жақын жерде. Сол қыбырмен Ресей ишкізатын да өткізуге келісім жасалған екен.

Жоғарыда келтірілген ақылға сиымсыздау «ресми» деректер, әлбетте бейресми сарапшылардың, көше білгірлерінің өсек аралас пікірлерінің қаулауына жағдай жасайды. Мысалыға, бір көше білгірі мынадай да пікір айтады:
— Қырғыз елі «арзан мұнайды» Ресей мен Қытайдан емес, солардың делдалдығымен Қазақстаннан алып отыр-мыс. Яғни, орыс компаниялары Қазақстан мұнайын Қырғыздың Шу өлкесіндегі Қарабалта өңіріндегі қытайлар салған Джунда-МӨЗ-не өзбағасын қоса отырып сатып бір пайда тапса, сосын ол МӨЗ-дің өндірген бензинін Қазақстанға «ресей бензині» деген атаумен әкеп сатып тағы да пайда табатын көрінеді. Әрине, мұны жәй өсек дейік. Ал бірақ шындығы қандай деп, сұрап көрелікші:
1-ден, Қазақстаннан қанша мұнайды, қандай бағамен, қандай елдерге экспорттауда екені жайлы нақты мәліметті жариялаңыздаршы.
2-ші, Ресейден біздің құбырмен Қытайға жіберіліп жатқан мұнайдың көлемі қанша, әрі ол үшін қандай төлем алынуда?
3-ші, Ресейдің қай қаласынан, қандай компаниясынан бензин-керосин алынуда? Алынып жатқан бензин-керосиннің көлемі мен бағасы қанша, және олар қай өңірлерге әкелініп сатылып жатыр?
— Бұл сұрақтардың нақты жауабы боларына сенімім аз. …

Шіркін! Қазақстанның мұнайы елдің пайдасына жарап жатса, бензин сапалы да арзан болса ғой! — Мұндай жағдайда, «Черная кровь Казахстана» деп кітап жазған Олег Червинскийге дау айтар едік:
«Неге сен Қазақстанды құбыжықтай етіп сипаттап, кітабыңды «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАРА ҚАНЫ» деп атайсың?!» — деп…

Төлеген Сейдолла-ұлы

Пікір қосу