— «Көлденең келген көк аттымен» өмірімді қор қылғым келмейді, Жанымда парасатты бір азаматтың болғанын қалаймын» депсіз бір сұхбатыңызда. Ойыңыздағы адамды жолықтырдым деп ойлайсыз ба?
– Әрине. Егер Ерлан ойымдағы азамат болмаса, оған тұрмысқа шықпас едім. Біз әріптес ретінде бұрыннан таныспыз. Концерттерде, гастрольдік сапарларда, тойларда жолығып қалғанда үнемі өнер туралы, шығарма­шылығымыз туралы әңгімелесетінбіз, ой бөлісетінбіз. Бірақ ол кезде Ерланға тұрмысқа шығамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті.
– Ол кезде сезім ұшқыны байқалмап па еді?
– Жо-жоқ. Оған тұрмысқа шығамын деген ой мүлдем болған емес. Әріптес ретінде ғана сөйлесетінбіз. Бірақ кездейсоқ жолығып қалғанда Ерлан: «Радиоға сұхбат беруге бара жатырмын» немесе «Телевидение­ге кетіп бара жатырмын. Уақытың босқа өтпесін, жүр, бірге барып сұхбат беріп қайтайық», – деп қол ұшын беріп, көмектесіп жүретін. Сонда оның қамқорлығына, бауырмалдығына іштей риза болатынмын. Бірақ ол кезде арамызда сезім, махаббат болған жоқ.

Баян Нұрмышева
– Продюсер болу туралы ұсынысты Ерланға өзіңіз жасапсыз. Тәжірибелі, білікті продюсерлер көп қой. Неге таңдауыңыз Ерланға түсті?
– Ән жаздыру, бейнебаян түсіру, облыстарды аралап концерт беру – оның барлығын ұйымдастыру қыз балаға оңай емес екен. Қиналған сәттерде «шіркін, жанымда продюсерім болса ғой» деп ойлайтынмын. Сөйтіп жүргенде бір күні Ерланды кездестіріп қалдым. Ол Алматының маңындағы бір ауданда жеке концертін бергелі жатыр екен. «Сен де концертіме қатыс, бірге жүр», – деп қолқалады. Оның осы салаға икемі бар, еңбекқор жігіт екенін бұрыннан байқайтынмын. Сол концерттен кейін мен: «Жалғыз өзім ештеңеге үлгере алмаймын. Болашақта бірге жұмыс істесек қалай қарайсың? Мүмкін, продюсерім боларсың?» – деп ұсынысымды айттым. Содан бастап екеуміз Алматының маңындағы ауыл-аймақтарға концерт бере бастадық. Кейін гастрольдік сапарымыз өзге қалаларда, облыстарда жалғасын тауып жатты. «Жаныңдағы досыңды танығың келсе, сапарға шық» дейді ғой, екеуміз біраз уақыт сапарлас болдық. Жақын араласып, бір-бірімізді бұрынғыдан тереңірек тани түстік. Бір сөзбен айтқанда, бізді өнер тоғыстырды.
– Сіздей аруға көз салушылар да, сөз салушылар да көп қой. Алайда солардың ішінен Ерлан сіздің көңіліңізге қалай жол тапты? Қандай қасиеттерімен жүрегіңізді жаулады?
– Ер адамға тән барлық қасиеттер Ерланның бо­йында бар. Ең алдымен ол айтқан сөзінде, уәдесінде тұрады. Алдына қойған мақсатына жетуге, оны жүзеге асыруға тырысады. Адамдарға жаны ашып, қолынан келгенше көмектеседі, мейірімді. Жалпы, мен жанымнан Ерландай азаматты көргім келген. Осындай азаматты кездестіргенім үшін Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Осы уақытқа дейін қайда жүрсем де қамқорлық танытып, жанашырым бола білді. Ол шығармашылығыма да, өміріме де ешқашан бей-жай қараған емес.

Баян Ерлан
– Ерекше тосын сыйлық жасап, сізді қуантқан сәттері болды ма?
– Әрине, болды. 8 наурыз мерекесінде туған-туыс, таныстардан құттықтаулар естігеніммен, бұрын-соңды өзге біреуден арнайы сыйлық алып көрмеппін. Өткен жылғы 8 наурызда жұмыс арасында Ерлан: «Жүр, мейрамханаға барып тамақ ішіп қайтайық», – деді. Ойымда ештеңе жоқ, бардым. Әңгіме арасында «Оң қолыңды берші», – деді, бердім. Сөйтсем, ол тосын сый жасағысы келген екен. Қолыма алтын білезік тақты. Шыны керек, одан мұндай сыйлық күтпеген едім.
– Сезімін де осы кезде білдірді ме?
– Біз үш жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Бір жарым жылдан кейін ол маған сезімін білдіре бас­тады. Негізі, үйленгенімізге бір жылдай уақыт болды. Бірақ отбасын құрғанымызды бірден халыққа айтқан жоқпыз. Өйткені алдымен ата-аналарымыздың, туған-туыстарымыздың келісімін алайық, алдынан өтейік деп шештік. Ол жос­парымызды орындаған соң, халыққа бірігіп жасаған жұмысымыздың нәтижесін көрсетейік, халықтың көзі үйренсін дедік. Қазір соны айтатын уақыт келген сияқты.
– Ерлан үйлену туралы ұсынысты қалай айтты?
– (Күліп). Бұл күнді ешқашан ұмытпайтын шығармын. Ерлан екеуміз қай күні үйленетінімізді өзімізше алдын ала жоспарлап жүрген едік. Алайда бұл жоспарымыз өзгеріп, аяқ асты үйлендік.

Ерлан Баян
– Қалай сонда?
– Әкеміздің (Ерланның әкесі – авт.) туған жері – Мойынқұм ауылы. Ол кісінің өмірден өткеніне бес жыл болған екен. Бір күні Ерлан: «Мойынқұмға концерт қойып, артынан әкеме ас беріп қайтайық. Әрі сені де туыстарыммен таныстырамын», – деді. Мойынқұмға барып концерт қойдық. Концерттен кейін Ерланның үйіне бардық. Барған бойда әжесі: «Менің балам келін әкеліпті ғой», – деп мәз-мейрам болып, басыма орамал салды. «Мен… жай… танысуға келген едім…» – деп сасқалақтап, аң-таң болып қалдым. Үлкен кісілер таныстыру деген нәрсені онша түсіне бермейді ғой. Бүкіл келіндерін шақырып, отқа май құйғызу ырымдарын жасап кетті. Екінші күні ас беретін күн еді. Келген қонақтың барлығы «келініңіз құтты болсын!» деп мамамды (Ерланның анасы – авт.) құттықтап жүр. Осыдан кейін үйленбеске амалымыз қалмады (күлді).
– Бұл жаңалығыңызды анаңыз қалай қабылдады?
– Қанша дегенмен уайымдай­ды ғой, бұрын анам маған «Өтке­ніңді ойлай берме. Керісінше, болашағыңды ойла» деп жиі айтатын. Әрине, анам қуанып, батасын берді. Қызының құтты орнына қонып, теңін тапқанына кез келген ата-ана қуанады ғой.
– Танысуға бара жатқанда «Ерланның отбасы қалай қабылдар екен?» деп жүрексінген жоқсыз ба?
– «Қалай болар екен? Анасы қалай қабылдар екен?» деп қатты уайымдадым. Бірақ алғаш көргенде-ақ ол кісі мені жылы шыраймен қарсы алды. Мамам мені келініндей емес, өз қызындай қабылдады. Сондықтан үйге барғанда өз ауылыма барғандай боламын.
Қазір қайда тұрып жатырсыздар? Ата-енеңізбен бірге тұруға қалай қарайсыз?
– Мамам Таразда, Ерланның кіші бауырының қолында тұрады. Егер мамам Алматыға көшіп келсе, неге бірге тұрмасқа?! Қайта қуана қарсы алар едік. Өйткені үлкен кісілер шаңырақтың берекесі ғой.
– Бұған дейінгі өміріңіз оңай болған жоқ. Біраз қиындықты басыңыздан өткердіңіз. Шыныңызды айтыңызшы, қазір бақыттысыз ба?
– Осы көрген күнімді Құдай көпсінбесінші, Аллаға шүкір, бақыттымын.

(…толық нұсқасы «Жұлдыздар отбасы» журналының

№6 (192) 2015 жылғы санында)

Пікір қосу