Нұрсұлтан Жақсыгенов — жас актер. Көпшілікке «Жайдарман» ойыны арқылы танылған ол бүгінде жас актер. Нұрсұлтан бұған дейін «Жаңа қоныс», «Q елі», т.б. киноларға түскен. Жас актердің juldyz.kz порталына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

 — Нұрсұлтан, білуімізше, филологсыз. Актерлікке қалай келдіңіз?

— Мен алғашқыда Т.Жүргенов Өнер академиясына тапсырғым келді. Оған түсе алмадым. Кейін журналистика факультетіне тапсырдым, оған да түспедім. Сосын филология факультетіне түстім. КВН ойнап жүрдім. Жайдарман сахнасына Созақтың атынан 2009 жылы шықтым. Одан кейін Астанаға келіп, ҚазҰУ командасында ойнадық. «Назар аудар» кубок алған жылы біз 2-ші орын алдық. Содан Жайдарманнан кетеміз деп шештік. Бірақ, 2013 жылдың соңында Есен аға «туған күніме Ұлттық құрама қайта келсін» деді. Өтінішін орындадық. Сол жылы чемпион болдық.

— Бала Нұрсұлтан бұзық болды ма?

-Кішкене кезімде ондай қатты тентек болмадым. Көбіне маманың өасында жүрдім. Өйткені, мен 7 айлық боп дүниеге келгенмін. 900 грамм болғам. «Өліп қалады» деп ойлаған. Перзентханадан шығар кезде матаға орай берген, дауысым шықпайды екен, жылай алмаймын. Үйге апарып, матаның арасынан мені таба алмай қалыпты. Содан не керек, анамды 1-сыныпқа дейін еміп өстім. Анам мені мектепке апарып, алып келетін болды. Бір күні әңгімені соғып келе жатып, анам: «бар енді мектебіңе» деді. Сөйтсем, үйге ұмытып кетіппіз (күлді).

Кейін Жайдарманан кеткен соң жұмыс жасау керек болды. Дастан Қалдыбаев ағамыз сценарий жазуға ұсыныс тастады. Содан қазір өзекті мәселенің бірі — квартиранттар дедік те, солар туралы киноның сценарийін жаздық. 12-бөлімді сериал еді. 9-бөлімін жазып бітіргенде, 5-сериясын ұлттық арнаға өткізу керек болды. Барлық рөлдер дайын, бірақ үйдегі кішкентай баланың рөлін ойнайтын адам таппады. Алиханға айтып көріп еді, ол сабақтан босамады. Мен ол рөлді ойнаймын деген, үш ұйықтасам түсіме кірмеген. «Нұрсұлтан, сен бір сериясында ойнап көр. Одан кейін «иә» деп мақұлдаса ойнай бересің» деді. Ана жерде бәрі мықты актерлар ғой. Сөйтіп, киноны түсіріп ұлттық арнаға жібердік. Кейін бір айдан соң шешімі шықты. «Ойнайсың» деп мені бекітті. Мен бас тарттым. Өйткені, «мына бала ғана киноны құртып жүр екен ғой» дейтін сияқты әңгіме бола ма деп қорықтым. Бірақ, ақыры келістім.

ӘЛЕУМЕТТІК ПАРАҚШАЛАРДА «НЕШЕ ОҚИСЫҢ?» ДЕП ЖИІ ЖАЗАДЫ. Сондай кезде ІШТЕЙ «ЖАС КӨРІНЕМ ҒОЙ» ДЕП ҚУАНАТЫНЫМ БАР.

Одан кейін Ерлан Қасымжанұлының «Бастық боламын» деген киносы бар. Сол кісілер шақырып жатыр. Уақытын әлі белгілемедік. Менің өмірімде киноға жол ашқан — «Жаңа қоныс» болды. Кейін «Q елі» сериалында ойнадым.

  — Отбасыңыз жайында айта отырсаңыз?

— Әкем Қасқырбек зауытта істейді. Анам Сәнтай былтыр зейнетке шықты. Бұрын мұғалім, кітапханашы болып қызмет атқарды. Ғалымжан деген ағам бар.

— Жұбыңыз Арай екеуіңіз қалай таныстыңыздар?

— Мен ҚазҰУ-да 4 курс оқып жүрдім. Арасында КВН ойнайтынмын. Сол жылы бірінші курсқа «балмұздақ» болып Арай келді. Қалай тиісудің орнын білмей массовка жинайтынбыз. Содан КВН құрамыз деп бәрін жинадық. Негізі мақсат — Арайдың телефонын алу болды. Сонымен, барлығының басын құрап, бір күні жиналыс жасадық. «Таң қалмаңыз» деп қыздар командасын құрдық. Арайдан «Қай жақтансың?» деп сұрап едім. «Шымкенттенмін» деді. Мен өзім Шымкенттің Созақ ауданы, Шолаққорған ауылынанмын. Содан Арайға: «Өзіміз екенсің ғой. Бүгіннен бастап «қарындасымсың». Енді саған қарап жүремін» дедім. Арасында телефонын тексеріп қоятынмын(күлді). Бірақ, ол маған жігіт ретінде қараған жоқ. «Ағам» деп қана жүрді. Жанында 3 жыл қарауылдап мен жүрдім(күлді). Содан кейін осы команданы құрдық. Кейін Есен аға:  «Таң қалмаңызбен» ойнап көрсең қалай болады?» деп ұсыныс айтқан соң келістім.

Бақытты күндеріміз көп болсын!!!❤ #NursArai

A post shared by ???Нұрсұлтан Жақсыген ? ?? (@zhaksygen_nurs) on

Сахнада ұсыныс жасамас бұрын Арай екеуміздің арамызда сөз байласу деген сияқты нәрселер болды. Бірақ, ұсыныс жасайтынымды тек 2 қыз ғана білді. Олар — жүзік алған және гүл алған қыздар. Сосын Есен аға ғана білді. Дос-жолдастардан ешкім білмеді.

Сөз салғаннан кейін Арай сөйлемей қалды. Сахнаның сыртында бәрі құттықтап жатыр, бетінен сүйіп жатыр. Сөйлей алмайды. Бір нүктеге қарап отырып қалған. Тек пойызда ғана есін жиды.

Сөйтсем, ол үйдегілер көреді деп уайымдап кетіпті. Бұйырса, күзге тойдың уақытын жоспарлап отырмыз.

 — Арайдың ата-анасы бұған қалай қарады?

— Жақсы қарады. Өйткені, оның алдында біліп жүрген болуы керек. Өзі ескертіп айтқан болатын.

 — Қыз бен жігіт боп қанша уақыт жүрдіңіздер?

— 7 айдай жүрдік. Бірақ, үйренісе алмады. «Аға» деп жүріп әрең үйренді(күлді).

 — Арайдың басқа арулардан айырмашылығы қандай? Оның қай қылығы сізді тәнті етті?

— Шындықты айтқанды жақсы көреміз. Жалпы жігіт атаулы қызды ренжітпеуге тырысады ғой. Одан кейін әлі кішкентай. Әлеуметтік желіде «өзінше» боп көрінгенімен, өмірде әлі сәби кейпінде (күлді). Көп нәрсенің байыбына бара бермейді. Жалпы, отбасы болу үшін бір-бірін түсіну керек. Адам бақытты болам десе, кішкене бір бөлменің ішінде-ақ бақытты бола алады. Бүкіл адамның кемшілігі бар. Кемшілігін көрмей жақсы көру керек.

 — Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Қазір «Жаңа қоныс-2» сериалының түсірілімі болғалы жатыр. Айдананың рөліне басқа қыз іздеп жатырмыз. Бір қызығы осы сезонда Арай да бар. Қандай рөлде болатыны құпия болып қалсын.

Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы,

Гүлім Рысқұл

1 пікір

Пікір қосу