— Назым, көпшілік сізді телевизиялық «Айгөлек» балалар байқауының («Қазақстан» телеарнасы) жүргізушісі ретінде жақсы танитын. Ал қазір елімізге белгілі Kesh you тобының мүшесісіз. Бұл топқа қалай келдіңіз?

— Топқа кастингтен өтіп солист болып қабылдандым. Кастингке топтың музыкалық продюсері Бағым Мақсатқызы шақырды. Іріктеуге еліміздің түпкір-түпкірінен 50 шақты қыз қатысты.  Алдымен бізді Kesh you тобының директоры Назым Басқынбаева қабылдады. Бойымыз, салмағымыз, түр-келбетіміз, қазақ тілін меңгеруіміз, ата-анамыздың көзқарасы жайында сұрап білді. Бойы мен салмағы сәйкес келмеген қыздар іріктеуден өтпеді. Одан кейін Баян Мақсатқызы мен Бағым Мақсатқызы келді. Олар дауысымыздың мүмкіншілігін тексеріп, бірнеше ән айтқызып көрді. Әдетте көп адамдар «Баян Мақсатқызы қыздарды келбетіне қарап таңдайды» деп айтып жатады. Шын мәнінде бұл олай емес. Бізді қабылдарда дауысымызды ұзақ уақыт тексеріп, сынап көрді. Одан кейін менен билеп беруімді сұрады. Мен бұрын «Лүпіл» тобында айтқан бір әніме  жасалған би қойылымын көрсетіп едім, олар «мына биің қойылған әнге сәйкес келмейді, басқа би қимылдарын көрсет» деді. Мен осыған дейін  клубтарда, би алаңдарында көп болмағандықтан бастапқыда не істерімді білмей, абдырап қалдым. Ары қарай қорқынышымды білдірмей әннің ырғағына үйлесімді етіп билеуге тырыстым. Соңында барлық талаптарға сай келген  екі қыз ғана қалдық. Екеуімізге бірнеше тілде ән айттырып көрді. Топтың репертуарындағы әнді айтуымды сұрағанда, қобалжығаннан ешбір әнінің мәтінінін есіме түсіре алмадым. Сосын маған әннің басын, әуенін айтып есіме түсірді. Сөйтіп кастинг аяқталғанда топқа қабылданғанымды білдім.

 — Топтағы қыздарға қарағанда жасыңыз кіші, әрі тәжірибеңіз аз. Талапшыл продюсермен, әрі танымал топта жұмыс істеу қиын емес пе екен?

— Мен кастингке келерде бұл топқа қабылданатынымды білмедім. Бірақ басқа продюсермен жұмыс істеуді ойлап жүрген едім. Барлығы продюсері анасы болғаннан кейін ештеңе қиын емес деп ойлайды. Шын мәнінде оның өз алдына қиындығы бар. Анам менің қабілетімді жақсы біледі. Бізге бірге жұмыс істеу оңай болған жоқ. Ал Баян Мақсатқызының продюсерлігінде барлығы оңай немес бірақ қиын деп те айта алмаймын. Бастысы бұл жұмыс маған ұнайды. Ұнағаны соншалық, тіпті шаршағанымды білмей қаламын. Ол кісілердің ескертпелерін мұқият тыңдаймын. Анам мені кішкентайымнан осылай тәрбиеледі. Kesh you тобына келген қыздар ән жаздыру кезінде жылап шығады деп жатады. Ал менде ондай жағдай болмады. (күлді)

 — Топтың құрамында қанша уақыт болуыңыз мүмкін? Продюсермен қанша уақытқа келісімшартқа отырдыңыз?

— 7 жыл келісімшартқа отырдық. Алда не боларын уақыт көрсетер. Мен барынша продюсерімнің көңілін қалдырмауға, сенімін ақтауға тырысамын. Басқа қыздар секілді аяқ астынан ойымды өзгертіп, кетіп қалмаймын деп ойлаймын.

Kew you?

A post shared by Назым Абильдина (@nazym_abildinaofficial) on

 — Қазір қайда білім алып жатырсыз? Шетелде оқып, біліміңізді жетілдіру ойыңызда бар ма?

— Қазір П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледже 3 курст студенттімін. Бұйырса келесі жылы қолыма дипломымды алып, оқуымды бітіремін. Колледжді бітіргеннен кейін бакалаврға түсіп, оқуымды жалғастырамын. Әрине, шетелде оқу туралы ойым бар. Бірақ қай елде, қашан болатынын нақты айта алмаймын.

 — «Kesh you-ға» келгелі өміріңіз қаншалықты өзгерді?

— Kesh you тобынына келген кезден-ақ кейбір адамдардың маған деген көзқарасы өзгерді. Мысалы бұрын маған мұрын шүйіріп, менсінбей қарайтындар қазір жанына танысқысы келіп тұрады. Көшеде жүрсем, суретке түскісі келетін жанкүйерлерім көбейді. Десе де кейде сабағыма үлгере алмай қаламын. Қазір қатыса алмаған сабақтарымды оқып, тапсырып жатырмын. Маған түсіністікпен қарап отырған ұстаздарыма ризамын.

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

(…толық нұсқасын

«Жұлдыздар отбасы» журналының

№8, 2017 жылғы санынан оқи аласыздар)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материал ішінен сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу