— Сәкен аға, бүгін сіз «Жұлдыздар отбасына» жарыңызбен бірге жарасымды жұп ретінде алғаш рет сұхбат бергелі отырсыз. Сондықтан, әңгімені жарыңыз Динарамен алғаш танысқан кездеріңізден бастасақ деп едім…

— Жұбайым Динарамен алғаш рет Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде танысып, табыстық. Мектепті бітіргеннен кейін мен мақсатты түрде бар өмірімді өнерге арнау үшін Алматы қаласына келіп, аталмыш колледжге оқуға түстім. Бір жылдан кейін мені өзіне бір көргеннен ғашық еткен Динарамен жолықтым. Студенттердің жатақханаға жайғасып жатқан кезі еді. Біз ол кезде екінші курста оқимыз. Серілік құрып, жаңадан оқуға түскен қыздардың бөлмесін аралап, жігіттермен танысып, ортаны кеңейтіп жүрген жайымымыз бар-тын. Содан сол күні оқуға түскен бір қыз баланың туған күнін атап өттік. Мән-жайды білетін біз болғандықтан, төрде отырып алып, шат-шадыман қалыпта: «Осындай ұстаздардан дәріс алыңдар!» — деп өзімізше данышпансып, оқуға енді келген қыз-жігіттерге бағыт-бағдар беріп отырғанбыз. Кенет бөлменің есігі ашылып, ішке аққудың көгілдіріндей бір қыз бала кірді. Тап-таза, мөп-мөлдір, теңіздің тұңғиығындай терең тұнық жанары менің көзіме оттай басылды. Сөйтіп, мен ең алғаш ол қыздың көздеріне ғашық болдым.

— Демек, бір көргеннен ғашық болдыңыз ғой?

— Бір көргеннен құладым ғой (күліп). Ең алдымен көзіне, сосын өзіне ғашық болдым. Адам ретінде өзіндік пікірі мен ұстанымының барын, сонымен қатар, оның маған жар болғанға дейін ерке бойжеткен емес, өнегелі отбасының тәрбиесін сіңірген қыз болғанын бағаладым. «Иә» деген сөзін күткен 4 аптам төрт ғасырдай болды ғой мен үшін (күліп). Уақыт өте келе анам Алматыға келгенде Динараны үйге апарып, таныстырдым. Анам: «Бұдан артық келіннің керегі жоқ!» — деп, бірден ризашылығын білдірді. Өзімнің де күткенім сол еді. Динара ауылға келін болып түскенде әжем марқұмның «Өзімнен айнымайтын келін әкеліпсің!» деп қуанғанын көрсеңіз?! Сөзсіз, ер адамның бір бақыты оның жары болса керек. Алла тіл-көзден сақтасын, өзімді жар таңдауда жолы болған жігітпін деп айта аламын.

сакен— Ал жүрегіңізде алғаш бүр жарған сезімді қалай жеткіздіңіз?

— Сол көрген күні жеткіздім. Өйткені, студенттік кезді өзіңіз білесіз, бізден де өтіп кеткен «қасқырлар» бар дегендей… Көп ойлана берудің қажеті шамалы еді. Ізін суытпай, ғашық екенімді білдіргім келді. Білдірдім. Динара: «Реңі тәуір жігіт көрінесіз, мен қазір көкірегіңізден итеріп, көңіліңізді қалдырмай-ақ қояйын, бірақ маған бір айдың көлемінде ойлануға рұқсат беріңіз», — деді. Динараның тәлім-тәрбиесі, көрегенділігі, қарапайымдылығы және екеуміздің мінез-құлқымыздың өзіндік ұқсастығы мені шексіз қуантты. Кейін батыл шешім қабылдап, бір байламға келдік.

Алғашқы жылдары Динараға ағалық қамқорлық көрсеттім десем артық айтқандығым емес. Колледжге цирк өнеріне буыны қатпаған балаларды қаршадайынан қабылдайды ғой. Сол себепті, Динараның бөлмесінде екі бірдей кішкентай қыз бала тұратын. Динара екеуміз сол екеуін өз қамқорлығымызға алып, ата-аналарындай «қанаттыға қақтырмадық, тұмсықтыға шоқыттырмадық». Басқа бөлмелерде де өзге ұлт өкілдерінен бүлдіршіндер болды. Солардың барлығының Динара екеумізге бауыр басқаны соншалық, Динараны «мама», мені «папа» дейтін. Сөйтіп, біз әке-шешенің қадірін ерте түсініп, сәбилерге де сездіріп үлгердік. Екеуміз кәдімгі отбасын құрғандай өмір сүрдік. Әріге бармасақ та, бір-бірімізді түсініп, сыйлап жүрдік. Тіпті, дүкенге де бірге баратын болдық. Тек рухани жағынан емес, материалдық жағынан да Динараны өзімше қиналдырмауға тырысып бақтым. Мен өзімнің ер-азаматтық қызметімді студенттік кездің өзінде атқардым деп ойлаймын.

_mg_8088— Отбасын құрып, шаңырақ көтеруді адам өміріндегі ең жауапты іс деп білемін. Сіз Динараға үйлену туралы ойыңызды ата-анаңыздың қайсысына бірінші жеткіздіңіз?

— Біз отбасында әкеміздің қас-қабағына қатты қарайтынбыз. Алыстан әкеміздің төбесі көрінсе болғаны, демімізді ішімізге алып, сап тыйыламыз. Әдетте кез келген үлкен басшыға кірердің алдында төменгі сатыдағы адамдардан бастап, жоғарғы лауазымдағылардың есігіне әрең жетесің ғой. Сол сияқты біздің отбасымызда да сондай үрдіс қалыптасқан еді. Қандай да бір ойымызды әкемізге шешеміз арқылы жеткізетінбіз. Бір күні анам осындағы үлкен ағамның үйіне қонаққа келді. Сол кезде әңгіменің шет-жағасын анама айтып, Динараны сырттай таныстырдым. Анам: «Ақыры тоқтамға келген екенсің, ерігіп жүрген жас болмасаң, қызды осында алып кел, танысайын», — деді. Қуанғаным соншалық, шапқылап отырып жатақханаға барып, Динараны алып келдім. Анаммен, аға-жеңгеммен таныстырдым да, өзім келіншек алып келген жігіт сияқты қобалжып сыртта жүрдім. Не керек, бір уақытта ұзаққа созылған жиналыс бітті-ау, әйтеуір. Динараны жатақханаға әкеліп тастап, іле-шала қайтадан ағамның үйіне қарай зауладым. Қипалақтап жүріп анамның ойын білдім. Анам үзілді-кесілді: «Маған бұдан басқа келіннің керегі жоқ!» — деді. Сол кезде қуанғанымнан төбем көкке бір елі жетпей қалды.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№16 (57) тамыз, 2009 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Алтын-Ай ҚАБИДЕНҚЫЗЫ

Пікір қосу