Ажар Түзелбекқызы 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Тасты ауылында дүниеге келген. Оның «Сағындым сені», «Анаға хат», «Бақыттымын» әндері халық арасында кеңінен таралған.

Балалық шағы

Ажар үйдің кенжесі, ерке болған. Алла тағала оның бойына өнерді туа бітті дарытқан. Тілі шыққаннан ән салып, балабақшаға барған сәтінен ел алдында өнер көрсете бастаған. Мектепте оқып жүріп, ауданда өтіп тұратын жарыстарға қатысып, мәдени шаралардың ортасында жүреді. Айтыстың аламанында да бақ сынайды. Анасы Ажардың сахналық киімдерін тіктіртіп, керегін түгендеп жүретін болған. Ата-анасы мектеп бітіргеннен кейін Ажарды Шымкент қаласына оқуға жіберсе, ол ешкімге айтпай Алматыға барған. Жолы болып қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына өз күшімен түсіп, бәрін таңғалдырған.

Оразбен қалай танысты?

«Оқуға түскеннен кейін Ажар бірінші курста-ақ тұрмысқа шығып кетті. Екеуінің біраз қиындық көргені рас. Жалғыз ол екеуі емес, 1994-95 жылдары елдің бәрі тығырыққа тірелді, тоқырауға ұшырады. Өздері студент, өздері жас, бірінен кейін бірі екі баласы дүниеге келді. Енді-енді аяғынан тұрып, ауыздары аққа жетіп келе жатқан уақытта Ораз үзіліп кетті. Ажар соңғы жылдары «Ораз осы жақсы күндерді көрмей кетті ғой. Осы баршылыққа жете алмады. Жақсы отбасы болып кетуші едік қой» деп қатты арманда болатын. Жетіспеушіліктен отбасында түсінбестік орын алған шығар, бірақ оны сан түрлі саққа жүгіртіп, әңгіме қылудың қажеті жоқ. Екеуі өзара тату еді, махаббат болса, сол екеуінікіндей-ақ болсын. Ораз отбасында үнемі Ажарды еркелетіп отыратын. Біздің өзімізді барсақ «менің күн нұрынан жаралған қайын жұртым келді» деп қалжыңдап, бауырына басатын. Ораз қайтыс болған соң Ажарға жан-жақтан жабылып көмектестік, әке-шешем зейнетақысынан беріп тұрды. Өзі тойға барып, балаларын асырады. Сол ақшасына ән жаздырды, клип түсірді. Оразға арналған естеліктің ең үлкені — Ажардың сол клипі болды. Соңғы екі жыл көлемінде Ораздың айтыстарын жинап, кітап шығарамын деп, қолға ала бастап еді. Үн таспалардан тыңдап отырып, қағазға түсіріп, оны компьютерге бастырып қойған»(әпкесі Нәзира Түзелбектің сұхбатынан)

Отбасы

Марқұмның артында Нұрайша, Нұрсұлтан, Ерғанат есімді үш баласы қалды. Нұрайша мен Нұрсұлтан қазір Шымкент қаласында тұратын үлкен ағаларының қамқорлығында.

Болмысы

«Ажар кішіпейіл, қолы ашық, бауырмал еді. Ешкімнің көңіліне келмейтін. Қимылы өте жылдам, қандай шаруаны болмасын, шапшаң бітіретін. Табан астынан серуен ұйымдастырып, дем арасында тамақ дайындап жіберетін. Ішіміздегі ерекшеміз-тін»(Нәзира Түзелбек).

«Оның көркі көз тартатын сұлу екенін жұрт жақсы біледі. Мінезі қайсар, өжет еді. Қиыншылықты көп көрсе де ешқашан еңсесі түсіп, мойымайтын. Еңбекқор еді, Оразалы екеуі күндіз-түні тырбанып жүріп қаладан пәтер сатып алды. Екеуі бақытты өмір сүрді. Менің білетінім, оның мінезі ашық-жарқын, қолы ашық керемет адам еді, амал қанша? Үйіне бара қалған адамды ешқашан құр қол қайтармайтын. Ломбардқа алтын жүзіктерін өткізіп, маған: «Мынаны қажетіңе жарата бер. Кейін құтыла жатарсың», – деп ақша беретін. Ал адамды тартып әкететін ерекше бауырмалдылығы өзінше бір бөлек әңгіме. Марқұм көзі тірісінде жарының жағдайын жасай білді. Маған бір жағынан қайынаға болып келетін Орекең айтысқа барғанда ылғи жанында жүретін. Сөйткен жары өмірден өткен соң қайтсем балаларыма тапшылық көрсетпеймін деп көп еңбектенді. Қиналды. Бірақ онысын ешкімге білдірген емес, ұлы мен қызына әкесінің жоқтығын білдірмеуге тырысып бақты» (Роза Әлқожаның сұхбатынан).

Өмірінің соңы

Қайтыс боларының алдында композитор, ән әрлеуші Ермек Елгезековтің студиясына барып, Оразға арнап жаңа ән жинақ шығармақшы болып, өзі орындайтын әр әннің алдына өлең жаздырып кетіпті. Тоғыз әннің алдына тоғыз өлең оқыған. Сөздерінің астарына үңілсек, «Жұлдыз боп ағып бара жатырмын» деп, өмірден өтетінін білген сияқты әсер етеді. Сол қаралы күні Ажармен бірге жолда болған кісілер де «Дүйсенбі жұмысым бар, студияға баруым керек» деп асықтырып, түнделетіп жолға шыққанын айтады.

2011 жылы Ажар Түзелбекқызы мінген көлік Алматы-Талдықорған трассасының бойында талға соғылған. Әнші Қапшағай ауруханасында көз жұмды. Одан алты жыл бұрын, 2005 жылы қарашада әншінің күйеуі, айтыскер ақын Оразалы Досбосынов та Алматы облысы Шонжы ауылынан келе жатқанда апатқа ұшырап көз жұмған.

Пікір қосу