Бала Мақпал

Мақпал Исабекова 1984 жылы Талдықорған облысы (қазіргі Алматы облысы) Жаркент қаласында туған. Мақпал бала кезден әнші болуды армандап, сол арманның жетегінде музыка мектебіне оқуға түскен. Алайда, алғашында домбыра сыныбына қабылданған оның музыкаға деген қызығушылығы бәсеңдеп, музыка мектебін тастап кеткен. Мектеп бітірген соң Алматы мемлекеттік университетінің қаржы-эконмика факультетіне оқуға түседі.

Отбасы

Әкесі Әбдіманап – суретші, анасы Бибінұр – мектеп психологы. Мақпал отбасында үшеудің кенжесі. Өзінен 7 жас үлкен әпкесі Дидар тұрмыста. Одан кейін Данияр атты ағасы бар.

Өнерге қалай келді?

Мақпал 2003 жылы ғана «Superstar.kz» тележобасы басталған кезде музыкаға қайта бет бұруға шешім қабылдаған. Іріктеу концерттерінде сәтті өнер көрсеткенімен, 2004 жылдың қаңтар айында көрермендердің тиісті дауыс санын жинай алмай, жобадан шығып қалады. Алайда, жобада оның өнері мен талантын байқаған кәсіби продюссер Эрик Тастембеков Мақпалдың жеке шығармашылық жолын бастауына ықпал етеді.

Мақпал  алғашқы бейнебаянын Иван Бреусовтың «Была ли любовь» әніне Түркияда түсіреді. Жаздың аяғында ротацияға түскен клип Мақпалды бірден танымал етеді. Мақпал мұнымен тоқтап қалмай, күзде «101» тобының әншісі, «Жұлдыздар Фабрикасы-4» жобасының қатысушысы Иван Бреусовпен бірге «Ноябрь» әніне түсірілген бейнебаянды жариялады. «Ноябрь» аз уақыт ішінде меха-гитке айналып, «Московский комсомолец» газітенінің «Дыбыс жолдары» нұсқасы бойынша 2004 жылдың ең танымал әні атанады.

Шығармашылығы

2005 жылы Мақпал өз шығармашылық жолында биік сатыларды бағындырады – Мәскеуде Иван Бреусовтың «Сердце, скажи» әніне арнап түсірілген бейнебаянда басты рөлді сомдайды. Аталған бейнебаян 2005 жылы «МузТВ» арнасында кеңінен таралады. Сонымен қатар, Мақпал сол жылы «Кто остановит дождь?», «Аяла», «О тебе», «Мен жайлы» әндеріне бейнебаян түсіреді. 2005 жылы алғашқы «Первый поцелуй» атты альбомы жарық көрді. Сонымен қатар, «Новая волна» ән байқауына қатысып, «Көрермен көзайымы» атағына ие болды, Ресей примадоннасы Алла Пугачеваның қолынан ерекше сыйлық – Стефан Ричидің дизайнымен соғылған үлкен гауһар тасы бар алтын сақинаны алды. Бұл Мақпалдың ресейлік Нюша, Доминик Джокер сияқты әншілермен шығармашылық байланыста болуына жол ашты.

Жетістіктері

Мақпал 2005 жылы Алматы қаласында өткен «Жыл таңдауы» фестивалінде «Алтын адам» номинациясын алады. 2006 жылы — Қазақстан меценаттарының «Тарлан» тәуелсіз сылығын («Жаңа есім — үміт» санаты бойынша)  иеленеді. Ал 2007 жылы «Esquire Казахстан» ерлер журналының нұсқасы бойынша «Жыл әншісі» атанса, 2008 жылы белгілі ресейлік продюссер Доминик Джокермен бірлесіп жұмыс істейді («Бесконечность» хиті — «Музыкальная фишка» сыйлығы). 2009 жылдың басында Мәскеуде «Руки вверх!» тобының экс-әншісі Сергей Жуковпен бірге қызмет атқарады. (MAKI жобасы, «Мне не больно» хиті). 2009 жылдың көктемінде Мақпал Sunsilk компаниясын жарнамалай бастады. Ал, 28 мамырда Алматы қаласындағы Республика сарайында Мақпалдың жеке концерті өтті. Осы жылы жазда ГИТИС-тің эстрада факультетіне оқуға түсті (Мәскеу қ.). 2014 жылы әнші белгілі клипмейкер, режиссер Сапар Төлегеннің драма-экшн жанрындағы  «Тығырыққа тірелген» («Загнанная»)  фильмінде басты рөлді сомдады. Бұл рөлді алып шығу үшін Мақпал бір жылдан астам уақыт бойы бокс, таэквондо, джиу-джитсу секілді спорт түрлерімен шұғылданды.


Фильм «БҰҰ әйелдері» ұйымының қолдауымен түсірілді. Мақпал фильмге түскені үшін ешқандай қаражат алмаған және режиссердің алғашқы тырнақалды туындысына қолдау көрсетуді мақсат еткен. Фильм Қазақстанның үш қаласында – Астана,Ақтөбе және Шымкент шахарларында түсірілген. 2015 жылы Мақпал Маңғыстауда түсірілген «Қазына» сериалында тағы бір қырынан көрінді. Осы жылы Дилназ  Ахмадиевамен бірге дуэт құрып, MUZZONE EMA-2015 телеарнасының IV Евразиялық музыкалық сыйлығының «Үздік дуэт»  номинациясын жеңіп алды. Және осы жылғы Мақпалдың тағы бір жетістігі – Алматыдағы SeoulSound дүкендер желісінің қыз-келіншектерге арналған киімдерінің ресми өкілі болып тағайындалды. Мақпал 2016 жылы «Бала дауысы» І Ұлттық балалар ән конкурсының тәлімгерлерінің бірі болды. Ол осы  жылы қыркүйекте Қазақстанның басқа танымал жұлдыздарымен бірге Disney-дің «Моана» анимациялық фильмін қазақтіліне дубляждауға қатысты.

1 пікір

Пікір қосу