Туған жылы, жері

Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусымда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Мәтібұлақ  өңірінде дүниеге келген. (12 сәуір, 1976) — қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Боздаланың бозторғайы

Деректерге жүгінсек, ақынның атасы Мандабай мен одан туған үш ұл – Әзірбай, Ниязбай, Абданбайлар да өлеңші, әнші, сауыққой, өнерпаз жандар болыпты. Бәйбішесі Алуа мен екі ұлы жастай өмірден өтіп, алпысты алқымдап қалған Әзірбай Ақыш деген батырдың Ұлдар атты қызын алады. Әзірбай мен Ұлдардың шаңырағында халық ақыны, әнші және композитор ­Кенен Әзірбаев дүниеге келеді.

К.Әзірбаевтың өзі анасы жөнінде: «Анам бойшаң, көрікті, өзі әнші, дауысы өте келісті, өлеңді суырып салып айта беретін кісі екен. Сол ауылдың той-жиынының гүлі болатын. Мен туған соң «Әзірбай шал ұлды болды» деп ел қуаныпты» деп еске алады.

Бала Кенен ерке болып өседі. ­Алайда бақытты кезең ұзаққа созылмай, Ұлдар да, ­Кененнен кейін туған Бибісара да көз жұмады. Ағайынның қолына қарап қалған Кенен жетімдіктің зардабын әбден тартады. Кенен 9-10 жасқа келгенде Құлжабай, Әймен деген ағайындарының қозысын бағады. Ауыл балаларымен бірге Бейімбет молдадан сабақ алуға барған Кенен молданың шыбығынан қашып құтылған соң, ол жаққа қайта беттемейді. Қой соңында жүрген бала Кенен бір күні түс көреді. Түсінде шөлдеген Кененге ­Сарыбас ақынның өзі айран ішкізіп, шөлін қандырады. Осы түстің өзі жас баланың болашағынан аян бергендей. Кенен Әзірбаевтың өзі ол туралы былай дейді: «Көрген түсімді атама айтып бердім. Әкем: «Шырағым, Сарыбас ақынның өткеніне биыл үш жыл болыпты. Мынау түсіңде көргендеріңді Сарыбас атаңның саған берген батасы деп ұғын. Иншалла, ақындыққа жолың ашылар» деген еді».
Расымен де, Кенен жастайынан өлең-жырға ерекше құмар болады. Әкесінің аузынан шыққан өлең, аңыз-әңгімелерді бірден жаттап алатын. Сүйінбай, Қаңтарбай, Қуандық, ­Сарыбас, Майкөт сияқты ақындардың жырларымен де алғаш әкесі арқылы танысады. ­Кенен домбыраға да әуес еді. Еркебай деген жігіттің домбырасын бірде сұрап, енді бірде ұрлап алып үйреніп жүреді. Кененнің өнерге құштарлығын байқаған Еркебай оған кішкене ақ домбыра сыйлайды. Алғашқы домбырасын Кенекең кейінге дейін көзінің қарашығындай сақтаған.
Осылайша, Кенен домбырасына өлеңін қосып әндетіп жүреді. Жеті күнде бір болатын базарға шығып, асхана, шайханада жүрген саудагер байларға ән айтып беріп, тиын-тебен тапқан кездері де болыпты.

Қойшы Кененнің бойындағы талантты, өнерді таныған – Еркебай Базарұлы. Оның өзі де қыран құс, алғыр тазы ұстаған өнерпаз, Жетісуға келген жанның барлығы соның үйіне тоқтайтын ауқатты жан болса керек. Сол Еркебай қырғыз манабы Шәбденге берілетін асқа Кененді де алып барады. Бұрын-соңды мұндай тойды көрмеген әрі атақты төкпе ақындардан кейін кезек алған Кенен екі рет ұмтылғанда да аузына сөз түспей, өлең айта алмапты. Жиылған жұрт «Ер кезегі үшке дейін. Жас бала ғой, тағы бір көрсін!» деп шулайды. Сонда ғана жас баланың кеудесінен өлең-жыр жарып шығып, «Көпшілік, тыңда әнімді» деген жаңа әнін орындап, бас жүлденің бірін алыпты. Сол аста тағынған қамар белдікті Кенекең өмірінің соңына дейін тастамаған екен. Қазір ол белдік ақынның мұражайында сақтаулы тұр.

Ал Жамбыл мен Кенен арасындағы аға мен іні, ұстаз және шәкірт ретіндегі қарым-қатынас тіпті ерекше еді. Екі ақын Мәскеуге де талай рет бірге барды, Жамбыл Кавказға да шәкіртін ерте кетті. Арқалы ақын шәкіртінің қайғы-қуанышын да бөлісті. Базары мен Назарын ажал қатар жалмап, көкірегі қайғыдан қарс айырылған Кененнің Көркемжаны туғанда әдейілеп барып батасын беріп, нәрестеге «Көркемжан» деп ат қойған да Жамбыл қарт болатын. Өмірінің соңғы күндерінде Жамбыл ақын «Осы Кененнің үнінен басқаны ұқпаймын» дегенді жиі айтқан көрінеді. Бұл да шәкіртіне деген сүйіспеншіліктен айтылған сөз болса керек. Кенен де ұстазына арнап дастан жазып, жырдан ескерткіш қойды.

Отбасы

«Әкем де немересін сүйіп кетті, Арманым енді жоқ деп шүкір етті…»
Кенен бірінші әйелі Үлпілдекке он жеті жасында үйленген. Кенен мен Үлпілдектің шаңырағында Талжібек атты қыз бала дүниеге келіп, 85 жастағы Әзірбай ақсақалды қуанышқа бөлеген екен. Бұл жайында Кенен:
Әкем де немересін сүйіп кетті,
Арманым енді жоқ деп шүкір етті.
Ел танып, адам болып ержеттің деп,
Пәниден бағы-жайға жүріп кетті,
– деп еске алады.

55 жыл бірге өмір сүрген жұбайы Нәсихамен

Талжібектен соң Зұлухия, Ұлтай атты қыздар туады. Ұлтай дүниеге келгеннен кейін бәйбішесі Үлпілдек сал ауруына ұшырайды. Ауру әйел, жас балаға қарау ер-азаматқа оңай емес. Қиналған Кенен 16 жасар Нәсиханы өз келісімімен алады. Алайда бірінен кейін бірі өмір есігін ашқан Болысбек, Тұрар атты ұлдары тұрақтамай, қайтыс болады. Әсіресе үш жарым жастағы Базары мен бір жарым жастағы Назарының шешек ауруынан бір күнде көз жұмуы Кенекеңнің қабырғасын қайыстырады. Қатты қайғырған ақын «Ақ ешкінің зары» деген атақты жоқтау әнін шығарады. Кейін бұл ән халық арасына «Базар-Назар» деген атпен тарап кетеді. «Базар-Назардың» сөзі қандай зарлы болса, әні де сондай мұңды еді. Жылдар өте балалы-шағалы болған Кенекең осы әнді орындаудан қашқақтайды екен. Орындай қалса, баласын бүгін жоғалтқан жандай өзі де жылап, өзгені де жылататын көрінеді. Оның күпірліктен қашып, «Базар-Назарды» орындағысы келмегеніне қарамастан, қапыда баласынан айырылған аналар осы әнді Кененнің өз аузынан естуге құмартып, жиі іздеп келетін болған.
Кенен 1931-1933 жылдары қазақ даласына зор қасірет әкелген ұжымдастыру саясатының куәгері болды. Кеңес өкіметінің солақай саясатын, аштықтан бас сауғалаған қазақтың ауыр тірлігін көріп, 1932 жылы жұбайы Нәсиха мен қызы Ұлтайды алып қырғыз ағайындарды паналауға мәжбүр болды. Сол жақта дүниеге келген Қырғызбала небәрі жеті айлығында шетінеп кетеді.

Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығындағы тарихи кезеңдер:

1884 – 19 маусымда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген.
1894 – он жасында қолына домбыра алып, той-жиындарда ән сала бастаған.
1897 – 13 жасында тұңғыш әні «Бозторғайды» шығарды. Бала Кененнің аты қырғыз-қазаққа мәлім бола бастады. Жасөспірім әншіні «Боздаланың бозторғайы» деп атады.
16-17 жасында шығарған «Көкшолақ» әні Кененнің даңқын арттыра түсті.
1904 – атақты қырғыз манабы Шәбденнің асында өзінің «Көпшілік, тыңда әнімді» деген әнін шығарды.
1914 – Жетісуға келген Арқаның атақты әншісі Балуан Шолақтың жанына еріп жүріп, 12 әнін өз аузынан үйренеді.
1916 – Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысты. Осы жылдары «Аттаныңдар!», «Бұлбұлға», «Қайран елім қайда?» деген әндерін шығарды.
1919-1922 – Қордай аудандық революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарды. «Шаңқ етпе», «Жас екпін», «Екпінділерге» деген әндері дүниеге келді.
1922 – ақынның Базар-Назар деген екі ұлы бірдей бір күнде шешек ауруынан қайтыс болады. Қатты қайғырған ақын өзінің «Ақ ешкінің зары» деген атақты жоқтау әнін шығарады. Кейін бұл ән халық арасына «Базар-Назар» деген атпен тарап кетті.
1931-1933 – ұжымдастыру саясатының куәгері болды.
1932 – жұбайы Нәсиха және қызы Ұлтаймен қырғыз ағайындарды паналауға мәжбүр болды.
1934 – Төрткен атты қызы дүниеге келді. Оның азан шақырып қойған аты – Төрткемпірбіршал.
1934 – Түрксіб теміржолында көшпелі театрда әнші болған.
1936 – тұңғыш рет Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысты. Кремльдің үлкен сарайында «Жаңа заң» деген әнін орындады.
1937 – Жамбыл Жабаевпен Кавказға сапар шегіп, Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдығына арналған мерекеге қатысты.
1937 – КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
1937 – О.Жандосов досына арнаған «Оразжан» деген қоштасу әні үшін қамауға алынды. Алматы қаласының түрмесінде 5-6 ай отырып шықты.
1939 – ақын ұлды болады. «Базар-Назар ұлдарыңның өтеуі» деп ұлы жырау Жамбыл Жабаев ақынның тұрған жері Иірсуға арнайы келіп, батасын берген. «Көркемжан» деп атын қойған.
1939 – әнші-композитор К.Әзірбаев КСРО Композиторлар одағының мүшесі болды.
1940 – Мәскеуге барып, КСРО Халық әртісі, композитор Р.М.Глиердің бастамасымен ашылған әнші-композиторлар курсына қатысты.
1941-1945 – Ұлы Отан соғысы кезінде домбырасын қолына алып, күндіз-түні халқының ортасында болды. Алапат соғыстың бірінші күні-ақ «Біздің Отан жеңеді!» деп саңқ ете қалған ақынның даусы бүкіл қазақ жерін шарлап кетті.
1945 – 1 қаңтарда «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
1945 – ұлы ұстазы Жамбыл дүние салғанда ұзақ жоқтау жырын айтқан. Кейін осы жырын толықтырып, «Жамбыл – жыр» атты дастанын жазды.
1945 – 5 шілдеде екінші ұлы туды. Көркемжанға ұқсатып, атын «Бақытжан» деп өзі қояды.
1947 – Мәскеу қаласының 800 жылдық мерейтойына қатысты. Осы мерекеге арнап «Батыр Москва» деген әнін шығарды.
1948 – Ақтамақ атты қызы дүниеге келді.
1948 – Қазақстан композиторларының І съезін ашты.
1952 – қызы Ақбілек өмірге келді.
1959 – ақынның 75 жылдық мерейтойы Қордай жерінде өтті. Тойды қазақтың біртуар азамат жазушысы Сәбит Мұқанов басқарды. Осы мерекеге орай ақынға екінші рет «Құрмет белгісі» ордені берілді.
1960 – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге Мәскеуде өткен Шығыс фольклорын зерттеушілердің дүниежүзілік ХХV конгресіне қатысты. Осы алқалы жиында «Қобыланды» жырындағы «Тайбурылдың шабысы» үзіндісін аса шеберлікпен орындап шықты.
1961 – 8 ақпанда Қазақ КСР-інің халық ақыны деген құрметті атақ берілді.
1964 – 80 жылдық мерейтойы республика көлемінде атап өтілді. Осы жылдары ақын «Бес қуаныш», «Қайран, жастық», «Қазақстан аймағы» деген әндерін шығарды.
1967 – 28 қазанда «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
1974 – 90 жылдық мерейтойы Қордай тауының етегінде өтті. Қарт ақынның кеудесіне ең жоғарғы награда – Ленин ордені тағылды.
1976 –12 сәуірде дүниеден озды. Оның мәйіті өзі тұрған сол елді мекенге қойылды. Қазіргі таңда ол Кенен ауылы деп аталады.
1981 – Кенен ауылында ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды.

«Ер емес, ез екенсің Кенен ақын» немесе Кенен ғашық болған арулар

Кененнің өмірінде қолы жетпеген екі ару болған. Алғашқысы – Мөртай сұлу. Ел ішінде ән айтып жүрген ­Кенен Шөрегей еліндегі Мөртай деген қызға ғашық болады. Қыздың да кетәрі еместігін байқап, алып қашады. Алайда қыздың атастырып қойған жері бар. Екі елдің арасы бұзылатын болған соң, қызды төркініне қайтаруға мәжбүр болады. Мөртай қызға деген сүйіспеншілігі тарқамаған Кенен «Мөртай сұлу» деген әнімен қала береді.
Екіншісі – Ләтипа атты ақын келіншек. Бірде Кенен «әскер үшін 100 түйе жинау керек» деген өкіметтің бұйрығымен жолға шығып, Балқаш, Мойынқұм өңірлерін аралайды. Жолай бұрыннан «бір көрсем» деп жүрген Ләтипа ақынның келін боп түскен ауылына ат басын бұрады. Ауыл адамдары Кененнің алдынан шығып, құрметпен қарсы алады, үйге жайғастырып әнін тыңдайды. Көп ішінде Ләтипа да бар еді. Ауыл ақсақалы: «Әнге жүйрік екенсің, қарағым. Мына біздің Ләтипа келін де өнер иесі, суырып салатын ақындығы да бар. Екеуің біраз өнер сынассаңдар», – деп айтысқа шақырады. Шегінерге жол қалмаған Кенен амалсыздан айтысты бастап кетеді. Екеуі біраз сөз сынасады. Талай ақынға бет қаратпаған Ләтипаның әзілі басым түсіп жатады. Содан ­Кенен келіншектің осал тұсын сөз етіп, жаңа өкімет келгенін, өз қалауы болса, қалаға әкетіп, теңіне қоспақ ойы бар екенін айтады. Сол жерде Ләтипаның күйеуі келіп қалып, айтыстың шырқын бұзады. Кенен қоштасарда Ләтипамен кездеседі. Ол жөнінде Кененнің өзі: «Ұзақ әңгімелестік. Мүмкін болса, расында, қалаға барып өнер жолына бой ұсынсам деген арманын қоса айтты, мен қоштадым. Осы жолы Ләтипаның шын жүйрік, суырыпсалма дарын иесі екенін өз көзінше мойындадым. Сөйтіп, 40 күн дегенде Қостөбенің етегінде ол күтетін болып, мен алып кететін болып уәде еттік. Бұл кездесуіміз уәдеден гөрі сертке көбірек ұқсайтын еді», – деп еске алады.
Кенен ауылына келсе, жұрт «­Кенен екі әйелдің үстіне тағы бір ақын келіншекті алатын болыпты» деп шулап жүр екен. Халық ақынын тағы да тоқтатты, ақылға шақырды. «Ескі дүниенің ақыны. Намаз оқиды, екі әйелі бар» деп өкімет ревкомдықтан алып тастады. Базар-Назар өмірден өтті. Арада біраз уақыт өтіп, Кенен Ләтипаға берген уәдесін орындай алмай қалады. Солай ішқұса болып жүргенінде бір жолаушы хат әкеліп береді. Онда Ләтипаның:
Сәлем айт төрт дулаттың Кененіне,
Ынтық ем өлеңі мен әуеніне.
Ер емес, ез екенсің Кенен ақын,
Артыңа бір қарамай жөнедің бе?
Қостөбе көз алдыма елестейді,
Ләтипаға обал-ау бір демейді,
– деген алты-ақ жол өлеңі жазылған екен. Мұңын да, ренішін де алты-ақ жол өлеңге сыйдырған ақын келіншек көп уақыт өтпей дүние салыпты. Ал осы бір орындалмай қалған уәдесі Кененнің жүрегінде өкініш болып қала беріпті…

Өмірбаяны

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «маусым жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия , соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі туындатып, бұған қоса асқан шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі.[1] Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық , дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кенші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихи-әлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты. Оның «Бозторғай», « Көкшолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады. Бұл әндердің қай-қайсысының да астарында уақыт тынысына қоса, ең алдымен Кененнің өзінің тарихи түйсік-зердесі, жалтағы жоқ болмысы аңғарылады. Мәселен, 16-шы жылғы толқудан көп бұрын дүниеге келген «Ой, бұлбұл» өлеңінде бұлбұлмен мұңдаса отырып, «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деген сөзді айту үшін ыза-кекке қоса, сол кездегі іріп-шіріген саяси ахуалды түсінетін көреген зерде керек қой. Немесе, күндей күркіреген Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақ иық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салуы – ерге лайық жалтақсыз сенімнің, ақынға лайық оптимизмнің , ақылгөйге лайық көрегендіктің айғағы болса керек.

Әзірбаевтың есімі

  • Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар станциясындағы №42 орта мектебіне
  • Алматы қаласындағы бір көшеге
  • Жамбыл қаласындағы кинотеатрға берілген.
  • Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының және бұрынғы Шымкент мәдениет институтының үздік студенттері үшін Әзірбаев атындағы стипендия тағайындалған.
  • Жамбыл облысында ақын ұзақ жылдар бойы тұрған елді мекен Кенен ауылы аталады. Онда Әзірбаев мұражайы жұмыс істейді.

Әрі дүлдүл, әрі бұлбұл Кенен Әзірбаев 1976 жылдың көктемінде Қордай баурайындағы Сұлутөр етегінде дүние салды. Ұрпағына өшпес мұра қалдырған Кенекеңнің 100 жылдығында да халқы естен кетпес той жасады. Содан бері ақынның 110, 120, 125 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде үзбей тойланып келеді. Кенен Әзірбаев кейінгі ұрпаққа 120-дан астам ән, 7 күй, 10 жыр-дастан, 1000-ға жуық өлең-жырларын, айтыстарын қалдырды. Дінмұхамед Қонаевтың сөзімен айтар болсақ, «Кенен Әзірбаев – өмірде де, өнерде де қайталана бермейтін құбылыс». Кенен Әзірбаев артына өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан өнерпаз.

Пікір қосу