Сыртқы қарызымыз 150 миллиард долларға жетті

– Ержан мырза, сіз 2006 жылдан бері саяси себептермен шетелде жүрсіз. Бірақ Қазақстандағы саяси-экономикалық ахуалды жіті бақылап отыратыныңызды фейсбуктегі парақшаңыздан және БАҚ-тарға беріп жүрген сұхбаттарыңыздан жақсы білеміз. Сондықтан әңгімемізді еліміздегі қазіргі саяси жағдайдан бастасақ…
– Қазақстандағы қазіргі жағдай – революцияның алдындағы ахуалды еске салады. Ал «Хабар» мен ҚР президентінің Қазақстандағы тамаша өмір туралы айтып жүрген ертегілері – соңғы кезде ел ішінде де, шетелдіктер арасында да күлкіге ұшырап жүр. Себебі, Қазақстан сияқты бай мемлекетте не экономика дұрыс дамымай келеді, не саясатты дұрыс жүргізе алмай отырса, әлем бізге күлмегенде қайтеді? Оны елімізді жайлаған кедей-шіліктен, жұмыссыздықтан, талан-тараж бен жемқорлықтан-ақ көруге болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары президент жиі айтып жүрген «экономикалық таңғажайыпты» да («чудо») көре алмадық. Қазір тек шикізатқа тәуелді «жұпыны» мемлекет болып отырмыз.
Қарапайым ғана дәлел келтіре кетейін: көмірсутегі қоры бойынша әлемде 5-ші орында тұрған Қазақстанда 25 жылда бірде-бір заманауи мұнай өңдеу зауыты салынбады. Оның орнына жанар-жағармайдың бағасы жыл сайын шарықтап барады. Сыртқы қарызымыз 150 миллиард долларға жетті. Мұны, тіпті экономикалық қылмыс деуге келеді. Қазіргі ұрпақ осы жыртқыштық қылмыстың зардабын әлі ұзақ тартады.

– Соңғы жылдары Қазақстанда маңызды тақырыптардың бірі – «билік транзиті» туралы не дер едіңіз?
– Бұл – халықты алдау үшін Ақорданың ойлап тапқан және көптен бері «ойнатып» жүрген ойыншығы. Халыққа рух беріп, көңілін көншітетін басқа ештеңе таппаған соң, «осы тақырып төңірегінде ойнай тұрыңдар» дегендей, «Назарбаев әне кетеді, міне кетеді…» деген қауесеттермен елді алдап жүр. Есіңізде болса, бір кезде «алдымен экономика, содан соң демократия мен саясат» деп бәрімізді алдап келген еді. Бірақ одан 20 жыл бойы еш нәтиже шықпаған соң, «Қазақстанның Азиядағы ерекше даму жолы бар» деген ертегіні ойлап тапты. Халық бірақ сол «ерекше дамуды» да көріп отырған жоқ. Мұның бәрі түк түсінбейтін қараңғы халыққа арналған аңыздар.
Керек десеңіз, бізде президент ауыс­са да, режим өзгермейді, елді билеу әдісі мен авторитаризм әлі ұзақ уақыт сақталып қала береді. Шынайы өзгерістерді қалаған, әділ сайлауларды талап еткен адал саясаткерлердің көзін құртты, одан аман қалғандарын түрмеге тоғытты, ал қашып үлгергендері шетелге кетуге мәжбүр болды.
Соған қарамастан, Ақорда халықтың жаппай қолдауын көрсетпек болып, құнсызданып кеткен медальдары мен ордендерін нөкерлеріне, жағымпаздарына қар жауғандай сылдырлатып тағып жатыр. Бұл көрініс бір кездері отаршылардың Америка үндістерін жылтырақ шыны моншақтармен алдағанына ұқсас.

– Онда келесі сұраққа көшелік. Биліктің «қас жауы» саналатын Мұхтар Әбләзовтің Франция түрмесінен бостандыққа шығуы Қазақстанның саяси өміріне қандай өзгерістер әкелуі мүмкін?
Оның бостандыққа шығуы – Қазақстандағы саяси күрестің күшеюіне, оппозицияның жандануына септігін тигізері анық. Себебі, ол бостандыққа шыға салысымен, ҚР билігі үшін қауіп төндіретін бірнеше сұхбат беріп, мәлім-демелер жасап үлгерді. Соның өзі Қазақстан билігін селк еткізіп, әлеуметтік желілерде «жанартау жарылысын» тудырды. Керек десеңіз, содан қорыққан билік республикадағы әлеуметтік желілерді 16 желтоқсанда бұғаттауға дейін барды. Ал оның сұхбатының мазмұнына назар аударсақ, ол Ақорданың үрейін енді бұрынғыдан бетер ұшыра береді. Себебі, ол «Қазақстан режиміне қарсы күресімді жалғастыра беремін» деді. Оның үстіне үш жарым жыл түрмеде отырып шыққан ол бұрынғыдан бетер шынығып, билікке қатты өшігіп шықты. Және оның тамаша шахматшы екенін ескерсек, ол өзінің жүрістерін түрмеде жатып-ақ жақсылап ойластырып қойған шығар. Сондықтан бізді алда әлі талай шулы оқиғалар күтіп тұр. Олай болса, біздің халықтың көзі ашық, көкірегі ояу бөлігі сақ болып, құлағын түріп жүруі керек…
Мүмкін, осыдан кейін біз үшін жаңа мүмкіндіктер туып, саяси реформаларға дайын болуымыз қажет болар. Егер сондай күн туа қалса, Зәкең мен Алтекеңді Қазақстанда, ал Рахат Әлиевті Австрия түрмесінде өлтіруге тапсырыс бергендер әділ сот алдында жауап беретін күнге де жететін шығармыз. Сондай-ақ ел байлығын миллиардтап ұрлағандар да жазасыз қалмауы тиіс. Олардың заң мен ар алдында Мұхтарды айыптауға моральдық еш құқы жоқ. Әбләзов ешкімнің алдында тізе бүкпей, Францияның ең жоғарғы заң органы оны ақтап шыққан соң, Мұхтар құрметтеуге лайық тұлға деп санаймын. Әбләзовтің одан да үлкен батырлығы мен еңбегі – ол «Форбс» тізімінде жүрген миллиардер-«әріптестері» сияқты ақшасын офшорларға тықпай, 20 жыл бойы Қазақстандағы режиммен күрескендерге қаржылай көмек көрсетіп келді, 2001 жылдан бері өзі де күреске кірісті.
– Сіздің сөзіңізге қарағанда, алда бізді үлкен оқиғалар күтіп тұрған сияқты. Бірақ «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, Әбләзов пен Қажыгелдиннің күш біріктіруі мүмкін бе? Егер солай бола қалған күнде, олар Батыстың назарын Қазақстанда кең етек алған заңсыздықтар мен жемқорлыққа аудара ала ма? Өзіңіз солардың альянсына қосылар ма едіңіз?
– Күш пен қаржы біріктіруіне қатысты сұрағыңызды солардың өзіне қойған дұрыс болар. Дегенмен, өз пікірімді білдіре кетейін. Олар екеуі де лидер болғанымен, бір-біріне ұқсамайтын дара, ірі тұлғалар. Әдетте, саясатта эмоциялар мен «ұнату-ұнатпау» дегендер болмайды, саясатта тек рационалды мүдде ғана алдыңғы орында тұрады. Ал қазақта «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» десе де, саясатта әртүрлі көзқарастағы адамдарды бір мақсатқа жұмыс істетуге болады дегенге сенімдімін.
Менің оларға қосылуыма келетін болсам, мен ондай мақсатты алдыма қойған жоқпын. Мен өзімнің таңдауымды жасап қойғанмын. Менің өз шамшырағым (маяк) және мақсаттарым бар және ол жолдан тайған емеспін. Ол – халқыма адал қызмет етіп, әділет жолынан ауытқымау. Оның үстіне еліміз үшін жауапты кезеңдер жақындап келе жатқанда, бір қайықтан екіншісіне секірудің қажеті қанша? Сондықтан мен өз мақсатыма өз жолыммен ары қарай жүре беремін. Осыған орай арабтардың бір жақсы мақалы бар: «тез жүргің келсе – жалғыз жүр, алысқа барғың келсе – көппен бірге жүр».
– Билік Әбләзовке қарсы енді қандай әрекеттер қолданады деп ойлайсыз?
– Ақорда не істесе де, оның бәрі ел ішінде де, шетелдерде де биліктің беделіне кері әсер етеді. Себебі, Әбләзовке бірнеше рет қастандық жасалғанын оның өзі жазды. Ондай әрекеттерді ол Қазақстан түрмесінде отырған кезде де қолданғанын білеміз, Франция абақтысында ондай әрекеттер болған шығар деп ойлаймын. Оған Рахат Әлиевтің Вена түрмесіндегі өлімі дәлел бола алады. Ол туралы Әбләзовтің өзі кейін айтып беретін шығар.
Бірақ мен сізге басқа бір маңызды мәселені айтып берейін. Әдетте, ақылды саясаткерлер өз жауларын жанында ұстайды. Мысалы, Ұлыбританияның басшылары сондай саясатты ұстанып, бірнеше жүздеген жылдар бойы бүкіл әлемге өз билігін жүргізіп келді. Егер Назарбаев өзі жиі айтып жүретін Ли Куан Юдің саясатын ұстанғанда, біз тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын шынайы мереке ретінде және нақты жетістіктермен қарсы алар едік. Оған дәлел ретінде Сингапурдың өмірінен бір нақты мысал келтірейін. 1994 жылы мен осы елдің білікті экономисі Шангамуратнаммен таныстым. Кейін ол Сингапурдың Орталық банк төрағасы және үкімет мүшесі болды. Міне, сол адаммен бірге түскі ас ішіп отырғанда, ол кезінде Ли Куан Ю үкіметіне қарсы болып, жастардың оппозициялық қозғалысын басқарып, диссиденттік өмір кешкенін айтты. Бірақ артынан Ли Куан Ю оны шақырып алып, мемлекет пен халық мүддесі үшін бірлесіп жұмыс істеуге көзін жеткізген екен. Нәтижесінде, Сингапур мықты банкирге, министрге ие болды. Ал Шангамуратнам Сингапурдың тез дамуына үлкен үлес қосты.
Қазақстанда бірақ ондайды көз алдымызға елестету мүмкін емес. Себебі, Назарбаев пен Әбләзов келіссөздер ресурстарын туысқандықтан емес, олар екеуі екі басқа мүдделерге қызмет етіп жүргендіктен. Ли Куан Ю мен доктор Шангамуратнам Сингапурды алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосуды бірінші орынға қойғандықтан ортақ тіл таба білсе, біздің президенттің мақсаты мүлдем басқа…

Халық құл емес екенін көрсете білді

– Енді Макс Боқаев пен Талғат Аян туралы пікіріңізді білсек. Оларды не үшін соттады деп ойлайсыз?
– Оларды Қазақстанның ұлттық Батырлары деп толық сеніммен айта аламын. Өз жері мен өз халқын Макс пен Талғат сияқты жақсы көрмейтіндер ғана оларға осындай қатал үкім шығара алады. Біздің билік өз жерін қорғап митингке шығатындардан, өзінің үлгісімен халықты соңынан ерте білетін батыл азаматтардан өлердей қорқады. Оларды 5 жылға соттау да, 250 мың теңгеден айыппұл салу да, түрмеден шыққан соң үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға тыйым салу да – сол үрейдің нәтижесі. Ал оларға ақылға қонбайтын, заңға да томпақ келетін айыптар тағуы – «қорыққанға қос көрінеді» дегеннің жемісі. Тіпті «сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, билік өз қылмысын жасыру үшін қай-қайдағы Төлешев дегенді тауып алды.
Тағы да қайталаймын, Ақорда соңғы кезде елдің басын біріктіре алатын, халықтың құл емес екенін көрсете алатын батыл да ержүрек азаматтардан тезірек құтылуға кірісіп жатыр. Біздің билік қазір Сталиндік режимді еске салады. Егер Сталин алдымен елдің беткеұстар мақтаныштарының көзін құртып, содан соң бас көтерер азаматтарын шетінен соттап, қамап, халықты мал сияқты бағынышта ұстаса, соған ұқсас процестер бізде де жүріп жатыр. Тек олардың масштабы мен қаталдығы басқашалау, бірақ әдіс-тәсілдері мен қолтаңбалары бір…
– Атыраудағы масқара соттан кейін Батыс мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың Макс пен Талғатты бостандыққа шығаруды талап еткен мәлімдемелері көп жарияланды. Соның әсері бола ма?..
– Халықаралық ұйымдар мен шетелдік БАҚ-тардың қысымынан кейін АҚШ-та «Магнитскийдің заңы» қабылданды. Сол Заң бойынша Ресейде Магнитскийдің өліміне қатысы бар барлық шенеуніктер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарсы қатал санкциялар қабылданды. Ал 2017 жылдан бастап, ол заңның аясы кеңейіп, адам құқықтарын бұзған, азаптау мен репрессиялар ұйымдастырған кез келген елге қарсы сондай санкциялар қолданатын болады. Мұның Қазақстанға да тікелей қатысы бар. Сондықтан Макс пен Талғаттан бастап, Мұхтар Әбләзов, Арон Атабек, Вадим Курамшин т.б. саяси тұтқындарға қолданған заңсыз әрекеттері үшін Қазақстандағы билік өкілдері де жауап беретініне сенімдімін. Жаңаөзен қырғыны үшін де жауап береді.
– Атырауда Макс пен Талғатты соттап тынған соң және президент жерді сатуға 5 жылға мораторий жариялайтын заңға қол қойғаннан кейін жер мәселесі шешілді деп айтуға бола ма?
– Жоқ, әрине. Қазіргі режим кезінде бұл мәселе шешілмейді. Себебі, қазірдің өзінде Қазақстан билігі миллиондаған гектар жерімізді Ресейге әскери сынақ полигондары ретінде беріп қойды. Оған Байқоңырды қосыңыз және ол аз болғандай, сол жерлерден ұшып, құлап жатқан зымырандар мен ғарыш кемелері Қазақстан жерін гептилмен уландырып жатқан кезде жер мәселесі шешілді деп айтуға әлі ерте. Керек десеңіз, Жапонияның ядролық қалдықтарын біздің жерге әкеп көмуге, сақтауға рұқсат беріп қойды. Ал Қытайға Қазақстанның ең биік шыңы – Хан Тәңірін о бастан-ақ берген болатын. Енді келіп, Аспан асты елінің 51 кәсіпорнын біздің жерге көшірейін деп жатыр. Бұдан кейін біздің қасиетті жеріміздің, Атамекеніміздің не тамтығы қалады?! Жалпы, біз үшін қасиетті де киелі деген ұғымдар да қалмайын деп тұр.
Саяси элитаның бұған дейін ба­йып алғаны аздай, ол бұдан кейін де жемқорлықпен, талан-таражбен емін-еркін айналысқысы келеді. Біздің өкіметтің қолынан игілікті істер атқару келмегендіктен, шенеуніктер жер мен шикізаттан өзіне керемет байлық жасап алуды алдына мақсат қойып отыр. Ал онысын елден жасыру үшін жағымпаздар мен өсекшілерді алға шығарып қойды. Олар өздерінің майда, улы тілімен халықтың назарын басқа нәрселерге аударып, сақтығын «ұйықтатқан» соң, билік қайтадан жерді сатуға кіріседі. Мен бұған сенімдімін. Бірақ ол оны енді ашық емес, астыртын, жымысқы жолдармен жүзеге асырады. Мәселен, Қытайды есіктен болмаса, терезеден кіргізеді. Қысқасы, тонау мен талан-тараж, жемқорлық жалғаса береді.
– Сонда мұны тоқтататын жол жоқ па?
– Халық пен биліктің мақсат-мүддесі бір, жүрегі мен қаны ортақ болғанда ғана мұның бәрі тоқтайды. Сонда ғана біздің жер қорғалып, кім көрінгеннің жемсауытына айналмайды. Ал билік түрлі алаяқтардың алдауына көнбейді. Алайда, өкінішке қарай, біздің халық та, билік те ол деңгейге әлі жеткен жоқ. Дұрысы – билік өз халқын алдап, оның рухани өсуіне, патриоттық сезімінің оянуына мүмкіндік бермей отыр. Бірақ «солай болды екен» деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Ол үшін алдымен Конституцияны түбегейлі реформалап, халыққа жалған емес, шынайы сайлау құқын беру қажет. Содан кейін заң шығарушы, сот биліктерін атқарушы биліктің езгісінен құтқару керек. Міне, осыған қол жеткізсек, қазақстандықтардың өмірі де өзгереді, Қазақстан да гүлденіп, көркейе бастайды. Бірақ қазіргі билік оған жол бермейді.
Ең болмаса, экономикамыздың шикізатқа тәуелділігін азайту керек еді. Қазақстан индустриялды даму жолына түсіп, өңдеу саласын күшейтуі керек еді. Бірақ ол да біздің үкіметтің қолынан келмеді. Мысалы, ол өзінің ФИИР деген бағдарламасымен масқара болды.

Жағымпаздықтың шарықтау шегі

– Ал парламент депутаттарының жақында Астанаға Назарбаевтың атын беру бастамасы туралы және 10 мың теңгеге президенттің суретін шығаруға қатысты не дер едіңіз? Мүмкін, бұл да «транзиттің» бір белгісі шығар…
– Депуттардың бастамасы мен 10 мың теңгені мен жағымпаздықтың емес, жеке басқа табынудың шарықтау шегіне жеткен түрі дер едім. Сондай-ақ бұл – биліктің «транзитті» жоспарлап отырмағанын білдіреді. Жалпы, менің ойымша, қазіргі президент көзі тірісінде билікті ешкімге бермейді. Оның ондай ойы бұрын да болмаған, ал қазір жеке билігін әбден күшейтіп алған кезде – биліктен кетуді одан бетер ойлап жүрген жоқ. Қайта керісінше, жаңағыдай бастамалармен оның айналасындағы жағымпаздар Назарбаевтың билігін одан сайын соза түскісі келеді.
Соның кесірінен билік пен қоғам арасында өркениетті диалог жүргізу мүмкіндігі де жойылды. Оның үстіне Жаңаөзендегі «қырғыннан» кейін біздің биліктің елдің бетіне тіке қарайтын ар-ұяты мен намысы да қалған жоқ. Олай болса, жоғарғы жақтан да, төменгі жақтан да кез келген оқыс оқиғаларды күтуге болады. Соны түсінген өкімет те әдептілік бетпердесін сыпырып тастап, ашық репрессиялар жолына түсті. Нәтижесінде, Қазақстанда билік саяси қарсыластарын өлтіретін жағдайға жетті, саяи тұтқындар пайда болды. Қазақстан сотталғандар мен түрмелер, жемқорлық жағынан, азаптау мен балалар суициді, туберкулезден әлемде алдыңғы орындарға шығып отыр. Мұның бәрін халықаралық, мемлекеттік емес ұйымдар құжаттап, дәлелдеп отыр. Ал билік болса, өзінің баяндамаларында мұндай ұят, масқара статистиканы көрсетпейді. Оны айтқысы келген тәуелсіз журналистиканың тілін жұлып тастаған.
– Дегенмен, Қазақстанда билік транзиті күн тәртібінен түспей келеді. Тіпті президенттің орнын кімдер басатыны туралы да әңгімелер көп. Одан да нақтырақ айтар болсам, бізде әрбір клан мен олигарх сол транзитінің өз сценарийін құрып қойған сияқты…
– Сіз меңзеп отырған кландар мен олигархтар – мәйіттің денесі суымай жатып-ақ, ар-ұятты ысырып тастап, арсыз әрекеттерге барады. Бірақ оған таңғалуға болмайды. Барлық уақытта патша өлгенде оны шоқып жеу үшін «құзғындар» бірінші болып жетеді. Дүниеқор адамдардың табиғаты ешқашан өзгермейді. Біздің олигархтар да өздерінің керемет байлығын қазіргі режим тұсында жемқорлық жолдармен жасап алды. Сондықтан оларға қазіргі биліктің әрбір сантиметрі миллиондаған доллар пайда әкеліп отырғанда, оны ауыстыруға олар мүдделі емес.
Ал сіз айтқан сценарийлерге келсек, оларды қаншалықты мұқият дайындағанымен, қоғам мен мемлекет арасында текетірес күшейіп келе жатқан кезде, олардың бірде-бірі сол ойлаған күйінде жүзеге аспайды. Сондықтан биліктен үміті бар барлық тұлғалар мен топтар, бәрібір, халыққа жүгінуге, елдің пікірімен санасуға мәжбүр болады. Ал Назарбаевтан кейінгі өтпелі кезеңде халықтың наразылығы өсіп, оның арты бақылаусыз әлеуметтік жарылыстарға әкеп соғуы да мүмкін. Сол кезде репрессиялар да күшейеді. Сол кезде азаматтық соғысты да жоққа шығаруға болмас.
– Соның алғышарты ретінде соңғы жылдары терактілер де көбейіп барады. Мысалы, биыл Ақтөбе мен Алматыда, 2011 жылы тағы сол Ақтөбе мен Атырауда, Таразда, Алматыда дегендей…
– Мен бұларды терактілер демес едім. Билік пен құқық қорғау органдары, күш құрылымдары қоғамды қорқынышта ұстап отыру үшін мұның бәрін әдейі ұйымдастырып жүр деп білемін. Соны сылтау қылып, олар репрессиялық қысымды және адам құқықтары мен демократиялық бостандықтарды шектеуді жылдан-жылға күшейтіп келеді. Сонымен бірге бюджеттен өздеріне бөлінетін қаржыны да арттырып отыр. Сондай-ақ олардың бұл әрекеттері Батыс үкіметтері мен БАҚ-тарға арналған: «біз террористермен күресу үшін полиция мен ҰҚК-ны күшейтіп, олардың құқықтарын кеңейтіп отырмыз, сондықтан бізді адам құқықтарын бұзды деп көп сынай бермеңдер» дейді Батысқа. Ал ел ішінде жерін, елін қорғағысы келген белсенділерді Макс пен Талғат сияқты соттармен, ал оларға қосылғысы келетін азаматтарды айыппұлдармен қорқытып, елдің бәрін үнемі үрейде ұстағысы келіп отыр.

Демократия тек митингтердің күшімен келеді

– Сонда біздің елде билік Өзбекстанның сценарийімен өзгереді деп ойлайсыз ба?..
– Назарбаев өз еркімен кетпейді деп жоғарыда айттым. Себебі, ол оны көзі тірісінде істесе, халық қаһарына ұшырайды. Бірақ біздегідей жағдайда мемлекеттік төңкерісті де жоққа шығаруға болмайды. Егер ондай құбылыс орын алса, кейбір күштер халық толқуының алдын алу үшін ғана соған барады. Әдетте, мемтөңкерісті биліктің 2-ші, 3-ші шебінде жүргендер ұйымдастырады. Және олар оны «халықтың атынан және халық үшін істедік» дейді. Бірақ, шындығында оларға халықтың да, демократияның да керегі жоқ. Олардың шынайы мақсаты – билік басына келіп, Қазақстанды бұрынғыдай басқару, тек бұрынғы олигархтар мен кландардың байлығын тартып алып, өзара қайта бөлісу. Мүмкін, тізгінді аздап босатып, көзбояу реформаларға баратын да шығар. Оны біз қазір Өзбекстаннан көріп отырмыз. Ол елде қазір меншікті қайта бөлу процесі жүріп жатыр. Сондықтан бізде де президенттің ауысуынан ештеңе өзгермейді. Сол сияқты мемлекеттік төңкерістің күшімен белгілі бір клан билікке келсе де, одан да ештеңе өзгермейді. Тек меншікті қайта бөлу орын алады.
Біздің олигархтар қазір «Х» сағатын тосып жүр. Сол кезде президентке ең жақын күш бірінші болып оның тағына отырып үлгеруді аңсап жүр. Ал шынайы демократия мен әділ сайлаулар бізде тек халықтың талабымен, митингтердің күшімен жүзеге асады немесе адал, таза, шешен лидерлер саяси сахнаға шыққан кезде орын алуы да мүмкін. Түбегейлі өзгерістер мен шынайы бостандықтар да сол кезде ғана келеді. Қалғанының бәрі әдемі сөздер бен бос уәделер, тәтті үміттер…
– Қазақстанда заңдарды қаталдатып жатқан үрдіс туралы не дейсіз?
– Дін туралы заңнан кейін терроризм мен экстремизмге қарсы күрес заңдарын қаталдатамыз деп қазір азаматтардың бәрін тіркеуге отыруға міндеттеп жатыр. БАҚ туралы заңды да қаталдатпақ. Бұлардың бәрі менің жоғарыда айтқан – биліктің қоғамды үрейде ұстауынан туындап жатқан «өнертабыстары». Егер ең болмағанда, бес мың адам Макс пен Талғаттың үкімін тыңдау үшін сот ғимаратының алдына жиналмайынша немесе соншама адам Бас прокуратураның алдына келіп, ана өзін-өзі өртеген әйел сияқты талап қоймайынша, бізде бәрі «бұға барсең, сұға береді» деген принциппен істеледі.
– Әңгіме соңында өзіңіз туралы да айта кетсеңіз…
– Мен 1968 жылы туғанмын. Санкт-Петербургтің мемлекеттік университетін үздік бітіріп, АҚШ-та құқық магистрі, одан кейін Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінде құқық докторы диссертациясын қорғадым. Бір жыл Йельск университетінің (АҚШ) заң факультетінде стажер-ғалым болып жұмыс істедім. Содан кейін Англияға оралып, Оксфорд университетінің Жоғары жиналысына екі жылға мүше болып сайландым. 1999-2002 жылдары Оксфордтық банк форумының президенті болдым.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Жоғарғы кеңес аппаратының заң-сараптама бөлімінде аға кеңесші болып жұмыс істедім. ҚР вице-президентінің көмекшісі, аппарат жетекшісі, ҚР-дың ГФР-дағы (ФРГ) кеңесші-елшісі қызметін атқардым. Сондай-ақ Қазақ-американ университетінің заң факультетінде профессор және декан болдым. «ҚазМұнайТеңіз» АҚ бас директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ президентінің кеңесшісі, «KazEnergy» Ассоциациясы президентінің кеңесшісі қызметтерін атқардым. 1994-1996 жылдары Қазақстанда қабылданған бірнеше заңның бірлескен авторымын. Ұлыбритания мен АҚШ-та монографиям екі рет жарияланды. Британиялық мұнай институтының Пол Фрэнкель атындағы сыйлықтың иегері атандым.
2006 жылы «Атамекен» саяси партиясының төрағасы болып сайландым. Бірақ партияны тіркемеген соң, мені қудалау басталды да, шетелге кетуге мәжбүр болдым..
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет! Алла жазса, Қазақстанда жүздесерміз деп үміттенемін…
– Лайым солай болсын. Сізге де рақмет!

Сұхбаттасқан Шәріп ҚҰРАҚБАЙ

Пікір қосу