— Салтанат, орамалыңыз құтты болсын! Ұзатылу тойыңыз қай кезде болды?

Алла сәтін салса әп-сәтте екен, барлығы бас-аяғы екі айдың ішінде болды. Қараша айының басында таныстық. Араға бір ай салып ол жігіт қайта хабарласты. Осыдан соң араласа бастадық. Наурыз, сәуір айларында ол үйленуге ұсынысын білдіріп, жүзік сыйлады. Азғана уақыт болса да арамызда романтикалық әдемі, ұмытылмастай кездер өтті. Бұдан соң «болашақ күйеу балаларыңыз» деп, әке-шешеммен таныстырдым. Нұржан, әсіресе, анама бірден ұнады. Мүмкін, басқа ғашықтар сияқты біраз уақыт бірге жүріп, бір-бірімізді сынап көруге де болар ма еді, бірақ, біз сол аз уақыттың ішінде бір-бірімізді таныған сияқтымыз. Сондықтан, үйленуге шешім қабылдадық.

 — Жолдасыңыз туралы айтып берсеңіз…

— Есімі — Нұржан. 1980 жылдың қыркүйек айында Кентау қаласында дүниеге келген. Қазір отбасымен Алматы қаласында тұрады, осында көшіп келген. Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы политехникалық университетті бітірген. Мамандығы технологиямен байланысты. Қазір өзінің шағын кәсібімен айналысады. Отбасында екі әпкесі бар, өзі үйдің кенжесі әрі жалғыз перзенті.

 — Қалай таныстыңыздар?

— Нұржанның бір әпкесі Тұңғышбай Жаманқұловтың әйелі — Дария Жүсіп. Біздің танысуымызға да сол кісі себепші болды. Дария әпке бір күні ойын айтып, үйіне түскі асқа шақырды. Нұржанның ата-анасы, бауырларымен бірге отырып, ас іштік. Екеумізді сол жерде Дария әпке арнайы табыстырды. Оны алғаш көргенде «көрікті жігіт екен» деп ойладым. Кейін бір айдай хабарласпағанына қарап «мүмкін мені ұнатпаған болар» дедім де, жүре бердім. Бірақ, бір айдан соң Дәрия әпкеден ұялы телефонымның номерін алып, кездесуге шақырды.

 — Нұржан сіздің әндеріңізді тыңдаған ба?

— Жоқ, алғашында ол мені танымады. Әнімізді де тыңдамаған екен. Тек актриса екенімді, театрда әпкесімен бірге жұмыс істейтінімді ғана білген. Кейін ойламаған жерден бір кеште менің ән салғанымды көріп, «жақсы айтады екен» деген ой кепті.

 — Нұржан жұбайлық өмірде қызғаншақ емес пе?

— Жоқ, әлі ондай қасиетін байқаған жоқпын. Әр қадам сайын қызғана беретін болса, ол өмір ме? Оның үстіне өзім де кішкентай кезімнен еркіндікті жақсы көретін адаммын. Қызғандыратын жағдайға өзім де апармаймын. Бір жағынан жолдасыңмен араңдағы жас айырмашылықтың да маңызы бар екен. Нұржан менен жеті жас үлкен. Титтейінен қалада өскендіктен тілі де, көзқарасы да орысшалау. Қазақилығы да жоқ емес.

 — Бір үйдің келіні болу қиынға түсіп жатқан жоқ па?

— Бір адамның жасағанын екінші адам жасайды екен. Қазір ата-анаммен бірге тұрамыз. Тіл-көзден аулақ, тату-тәтті тұрып жатырмыз. Шыны керек, менің білгенімнен білмегенім көп. Дұрыс ас та пісіре алмаймын (күлді). Бірақ, соның бәріне енем түсіністікпен қарап, қатем болса түсіндіріп, үйретіп жатыр. Енем өте мейірімді кісі. Қыз күніңмен келіндік ғұмырды салыстыруға келмейді екен. Таңертең ерте тұрып, ата-енеме сәлемімді салып, шайын беремін.

 — Үйлену тойларыңда қандай қызықтар болды?

— Бірінші біздің үйде ұзату тойы, кейін араға бірер күн салып үйлен тойымыз өтті. Тойымыздың жақсы өтуіне Нұржанның аға-әпке, жезделері атсалысты. Тойымызды Нұржан Әлімжан жүргізді. «МузАрт» тобы, Алтынай Жорабаева, Сәкен Қалымов, Гаухар Әлімбекова, Нұржан Керменбаев, т.б. өнер адамдары болды. Тойда «Арнаудағы» Нұржанмен емес, жолдасым Нұржанмен «Егіз-лебіз» әнін орындадық. Тойдан соң Нұржан екеуміз бал айын өткізу үшін Түркияға барып демалып қайттық.

Сұхбаттасқан Әлия Құдайбергенова

(толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы»

журналының №18 (108) 2011 жылғы санынан

оқи аласыздар)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу