Мешін жылына кім өкпелі? Бұл жылы кімдердің бағы жанды? Осы орайда өнер адамдарының арасында жыл қорытындысы ретінде juldyz.kz сауалнама жүргізді. Назарларыңызға ұсынамыз:

  1. Биылғы жыл несімен есте қалды?

  2. Келер жылдан не күтесіз?

  3. Жаңа жылды кіммен, қайда қарсы аласыз?

1.Назым Қызайбай, боксшы (Тауық):

  1. Биыл мен үшін көп жақсы жағдайлар болмады. Дегенмен, көңіл қуантарлық мәселелер де болды. Мәселен, әлемнің екі дүркін чемпионы болуым және отбасымызбен Бауыржан Оспанов салып берген жаңа қонысқа кірдік. Осындай қуанышты жағдайлар болды.
  2. Келер жылы күндегідей жаттығулар жасап, жарысқа дайындаламыз. Алдағы жылы үлкен жарыстардың бір Қазақстан біріншілігі мен Азия чемпионаты болады. Осы екі жарыстардан жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.
  3. Жаңа жылды биыл бірінші рет отбасымнан өзге жерде, басқа қалада қарсы алмақпын. Яғни, Түркияның Стамбул қаласында боламын.

2. Нұржан Тәжікенов, күйші (Жылан):

  1. Биылғы жыл мен үшін жақсы жағынан есте қалды. Жыл басталғанда еліміздің түкпір-түкпіріне қойылатын жеке концертімді жоспарлап, көктем айында бастап кеттік. Яғни, Батыс Қазақстанды толық араладық, жеке концерттерімді бердім. Жаз айында голивуддық Джеф атты керемет режиссердін шақыртуымен қазақтың өнер майталманы Əміре Қашаубаевқа арналған «Əміре» кинофильміне түстім. Өзімнін өнерімнің саң қырын халыққа паш етіп жатқан жайым бар. Сонын қатарында əншілік, актерлық та бар. Сондай-ақ, Б.Есентаеваның «Қазақ Аруы» сериалына түсіп, өз рөлімді сомдадым. Жоспарлаған істер толық орындалды деп айта алмаймын. Күллі Қазақстанның аймағын гастрольмен аралау жоспарым болған. Белгілі шаруалармен тоқтатылып қалды. Бірақ, шүкір, біраз істер орындалғанына ризамын.
  2. Келер жылдан күтетініміз өте көп. Еліміздегі басты өтетін шара — «ЭКСПО-2017» жоғарғы деңгейде өтсе дейміз. Қазағымыздың домбырасын барша қонақтарға паш етуге,насихаттауға дайынмын. Келер жылдан шығармашылық табыс күтемін!
  3. Жаңа жылды үйде, ағайын- туыс, бауырларымның қасында қарсы аламын.

3.Қуандық Рахым, жас әнші:

  1. Биылғы жылдың басқа жылдан ерекшелігі — үлкен сахнаға,шығармашылыққа, қазақ эстрадасына ақырындап аяқ бастағаным болды. Өмір бойы күткен арманым биыл орындалып жатыр.Өзім армандаған продюсерге жолықтым. Өзімнің мектеп кезінен «айтамын» деп мақсат қойған әндерді орындадым және алғаш рет қазақ эстрада әншілерімен бірге иық тіресіп ән айта бастадым. Сонысымен есте қалды.
  2. Келер жылдан күтетін нәрсе де, жоспарлаған іс те көп. Көптеген ойластырылған дүние бар. Оның бәрі әзірше құпия. 2017 жылы қазақ эстрадасындағы жас әншілердің арасындағы үздіктердің қатарынан болуға уәде береміз.
  3. Негізі Жаңа жылды әр түрлі қарсы аламын. 20 жасыма дейін үйде , ата-анаммен қарсы алып жүрдім. Одан сыртқа кеткеннен кейін өнер адамдары бас қосып, белгілі бр жерде қарсы алып жүрдік. Студент болғанымда жатақханада қарсы алып жүрдік. Биылғы Жаңа жылды түсірілімдер болғаннан кейін өнер адамдарының қасында қарсы алатын шығармын. Сосын міндетті түрде өзіміздің «Studio One» шығармашылық орталығының адамдары, әншілері және Жанна Абуовамен бірге қарсы аламыз. Қолым қалт ете қалса, жан бауырларым мен достарымның жанына баруға тырысамын.

4. Өмірқұл Айниязов, әнші (Жылқы):

  1. Биылғы жыл  өнер адамы ретінде жемісті жылдардың бірі болды.Өздеріңіз білесіздер, 2015 жылдың соңында жеке концертімді берсем, сол концертіммен биылғы жылы бүкіл Қазақстанды аралап шықтым. Жаңа бейнебаяндар, жақсы әндер шықты. «Қазақ тілі» қоғамынан төсбелгі алдым. Мұны бәрі биылғы жетістіктерім деп білемін.

2.Келер жылдан да үмітіміз көп, жоспарымыз да аз емес. 2017 жылдың басында Астана қаласындағы Конгресс-холда концерт беремін деп жоспарлап отырмын. Соған дайындығымызды осы бастан бастап отырмыз. Еңбегіміздің халықтың алдында өтелуін, бала-шағамыз бен халқымыздың аман болуын тілейміз.

3. Жаңа жылды жылдағыдай отбасыммен өз шаңырағымызда қарсы аламыз. Ал 1 қаңтардан бастап еліміздегі шипажайлардың бірінде демалатын жоспарымыз бар.

5. Фарида Жолдасова, әнші (Тауық):

1. 2016 жыл мен үшін де, жалпы студиямыз үшін де өте табысты, жақсы жыл болды. Көптеген жұмыстар атқарылды, жаңа әндер жазылды. Әндеріміз тыңдарманның көңілінен шыгып, қуанышымыз еселенді. Өздеріңіз білетіндей жаңа дуэт жазылды. Осындай жақсы жаңалықтарымыз болды. Ал, жалпы несімен есте қалды десек, биылғы жыл мен үшин әкемнің жылы секілді болды. Яғни, биыл акем Ұлықпан Жолдасов 50 жасқа толып, жылды үлкен кешпен бастады. Сол әкемнің мерейтойы бір жыл бойы тойланды. Үлкен қалаларда концерті қойылып, халыктын ықыласына бөленді. Құрметті атаққа да ие болды. Арасында шетелмен байланыстар жасалып, әндері әлем әншілерінің репертуарына ене бастады. Арман, жоспар таусылмайды ғой, жалпы біразы орындалды. Өткен жылга өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп!

2. Келер жылға жоспарланған шығармашылық жұмыстар өте көп. Соның бірі — биыл бастап, қазір жазылып жатқан альбомымды аяқтап, тыңдарманға сыйлау. Тағы бір үлкен іске тәуекел етіп отырмыз. Бұрын 13 жасымда концерт берген кезімде, әр мүшел сайын осылай үлкен концерт беру туралы сөз қозғалған еді. Тауық жылы мүшел жасқа аяқ басатындықтан, сол концертті берсек пе деп ниеттеніп отырмыз. Әзірге бұл тек жоспар, алда өзге де жаңалықтарымызды еститін боласыздар.
3. Жаңа жылда әлбетте отбасыммен, өз шаңырағымызда қарсы аламыз. Бұл жыл сайынғы өзгермейтін дуние. Себебі, бұл — отбасылық мереке. Бір дастархан басында отырып, жақсы тілек тілескеннен артық мереке жоқ шығар. Жылдан жылға әр жанұя солай тату-тәтті болып, бірге жете берсін дегім келеді!

Пікір қосу