– Нұрислам, Нұрәли есімді ұлдарыңыз бен Нұрайым атты қызыңыз бар. Балаларыңыздың есімдерінің «Нұрдан» басталуының бір сыры бар ма?
– Өзің де жақсы білесің, қалқам, біз өте ырымшыл халықпыз. Балаға ат беру – үлкен жауапкершілік. Ислам әлемінде мұсылмандар Алла тағалаға мадақ айта отырып, дүние есігін жаңадан ашқан сәбиге азан шақырып ат қояды. Бұл – үлкен парыз. Бұрын ата-апаларымыз перзентіне неше түрлі есім қоя берген ғой. Мен бала атын атаған кезде ұялмауын, өз атын естігенде сүйіспеншілікке бөленуін ойладым. Нұр дегеніміз – Алланың нұры. Сондықтан әр есімнің «Нұр» деп басталуын жақсылықтың бастауы деп түсіндім. Ал «Ислам» деген сөздің бүкіл әлемдегі орнын өзіңіз де білесіз. «Әли» сөзінің мағынасы да ерекше екені белгілі. Ал қыз бала дүниеге келгеннен кейін, ол да нұрлы, ізетті болсын деген оймен Нұрайым деп атадық. Еркектердің көпшілігі ұлым болса деп тілейді. Бірақ қыздың қандай тәтті болатынын олар білмейді ғой, білгісі келген адам менен сұрасын. Қызым үш жастан енді ғана асты. Жұмыстан келгенде алдымнан жүгіріп шығып, тәпішкемді әкеліп беріп, шұлығымды шешіп, «Шаршап келдің бе, қарның ашты ма?» деп майысып сұрауының өзі – мен үшін үлкен бақыт! Әттең, мұны көп адам түсіне бермейді. Ұл бала – мұрагерің, әулетіңнің жалғастырушысы болса, қыз бала – шамшырақ, мақтаныш, байлығың, бақытың, сезімің. Алланың бізге берген аманаттары, кішкентай ғана жамандарымыз аман болса екен деймін. Нұрисламды атасының, Нұрәлиді апасының баласы дейміз. Ал Нұрайымым – өзімнің қызым. Оған ешкімнің таласы жоқ. Алла нәсіп етсе, әлі де балалы болуға ниетіміз бар. Отбасын құрмай тұрып, «кем дегенде жеті балам болса екен» деп ойлайтынмын. Қазір жетеуден екеуін азайтып, «бес бала болсын» деп қалжыңдаймыз. Кім білсін енді… Ғұмырымыз ұзақ, заманымыз тыныш, денсаулығымыз жақсы болса, неге көпбалалы болмасқа?
– «Келін – қайын ененің топырағынан» дейді қазақ. Анаңызға алып келген келініңіз өзіне ұқсады ма?
– Бұл сөздің мәнісін бала немесе бозбала кезімізде елеп-ескермедік. Жалпы, ер жігіттердің басым көпшілігі отбасын құрарда болашақ жарын өз анасына ұқсатып іздейді екен. Ананың ұрпақ алдындағы беделінің, абыройының зор екендігіне тағы бір дәлел осы. Шешем сексенге келіп қайтыс болса да, әлі де арамызда жүре бергенде, 100 жасағанда деп ойлаймын. Десе де, анам келініне риза болып кетті. Шешемді сағынған кезде үйдегі жеңгеңе «Ендігі менің апам сенсің» деймін. Тәрбие, ойлау өрісі жағынан жұбайым шешеме ұқсайды. Әйелім – Алтайдың ар жағынан келген ару. Қытай елінде туып-өскен. Менің анам да сонда туылған. Ата-анам 1962 жылы ғана атамекеніне оралған екен. Қазақы тәрбиеленген жарым тірлікке мығым. Маңдайыма осындай жарды нәсіп еткені үшін Құдайға мың да бір шүкір деймін. Отбасымның берекесі, діңгегі, балаларымның анасы, ұрпағымның жалғасуына бірден-бір себепші болып отырған – менің адал жарым. Есімі – Гүлжанат. Жас аралығымыз бір мүшелге жуық. Отбасын құрғанымызға сегіз жыл болды. Алғашында бала болып келген әйелім қазір ысылды, есейді. Кейде әлі де бала екені білініп қалатыны рас. Менің кәсібімді, мамандығымды жіті түсінген адам. Жақсының қашанда жақсылығын айту керек. Балалардың жақсы тәрбие алуы – әйел адамның мойнындағы үлкен жауапкершілік. Мен түздің, ол үйдің адамы десек, оның атқарған еңбегі ұшан-теңіз.
– Қай әншіден сұрасаңыз да, негізгі табыс көзі тойдан келетінін, мемлекеттен ешқандай көмек көрсетілмейтінін айтады. Мұны қазақ өнеріне қамқорлықтың жоқтығы деп қабылдаймыз ба?
– «Біз – өнер адамдарымыз, ал мемлекет бізге жағдай жасамай отыр» дегенді жиі естимін. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Мемлекет не үшін саған қамқорлық жасауы керек? Мен әлемге аты танылған Қазақстан деген мемлекеттің толыққанды азаматымын. Бірінші – Алланың, екінші – осы мемлекеттің қарауындамын, қамқорлығындамын. Мемлекет маған оқу-білім берді, тыныштық берді. Сен жақсы жұмыс істеп, жеке бизнесімді ашамын десең, мемлекет қарсы бола ма? Жоқ. Осыдан кейін біз оған қалай кінә артамыз? Бар өкпе-назымызды өзімізге айтайық. Кім тірлік жасаса, соның жағдайы жақсы болады. Әншілерге ән айтудан бөлек, басқа іспен айналысуға біреу кедергі келтіріп жүр ме? Жоқ. Заңды түрде тіркеліп, салығыңды төлеп, ісіңді атқар. Міне, мемлекеттің беріп отырған үлкен сыйы, мүмкіндігі. Аяққа енді тұрып келе жатқан жас мемлекетпіз. Әншілік – біздің мамандығымыз. Ең қиын жұмыс дәрігерлер мен мұғалімдерде. Ал олар жылап жүрген жоқ. Біреудің баласын оқытып, оның болашағына жол салып беру, болмаса он екі мүшенің қай жерінде кінәрат барын анықтап, оған ем-дом жасау – қияметтің қияметі. Егер құрылысшы, механизатор болсақ қайтер екенбіз? Алланың берген құрметін дер кезінде бағалау – үлкен ұлылықтың белгісі.

– Қазір қандай жұмыс атқарып жүрсіз?
– Жұмыс істеймін деген адамға әрқашан жұмыс табылады. «Пәленбай маман иесі едім, жұмыссыз отырмын» дейтіндерді түсінбеймін. Алла тағала пендесін ырыздық-несібесіз ешқашан қалдырмайды. Жұмыссыздық белең алса, оған өзіміз кінәліміз. Кішкентай еңбекақыға мардымсыз деп қараймыз, оны місе тұтпаймыз. Бірден көп тауып, көп асағымыз келеді. Қызмет жолын бастай салысымен үлкен креслоға отырып, әйтпесе бірден үлкен баспанаға қол жеткізіп, қымбат көлік мінгіміз келеді. Ал енді артымызға көз тастайықшы. Біздің әке-шешелеріміз қалай өмір сүрді? Ең мардымсыз жалақы алып жүрмін деген адам ауылдағы әке-шешесін ойласын. Олар жоқтан бар жасап күн көрді емес пе? Бес-алты тұяқ малды қанағат тұтып, қаншама бала тәрбиелеп, соларды жеткізіп, қараша үйде тұрып, тойдан да, қызықтан да құр қалған жоқ. Қазір айына 30-40 мың жалақы алатын қызметкер оны азсынады. Жұмыссыздық осыдан шығады. Еңбек жолын алғаш бастаған адам 30-40 мың ақша алса жаман ба? Жақсы жұмыс істеп, ертеңгі күні өзіңді көрсетсең, айлығың 100 мыңға, одан қалса миллионға жетер. Ол өзіңнің әрекетіңе байланысты. Жұмыс істеуге біреу бөгет жасап отыр ма? Жоқ! Сізден мықты білікті маман шығарып, болмаса сізді профессор атандырып, сізге жұмыс тауып беруге мемлекет борышты емес. Мемлекеттік жұмыста жалақы аз дейді. Мен де мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрмін. Қазіргі таңда Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде сабақ беремін. Сол оқу ордасынан табатын 40-50 мың теңгемді мен азсынып жүрген жоқпын. Екіншісі – өзіме ұнайтын қайырымды жұмыс. Алматы қалалық Оқушылар сарайында кішкентай балалармен жұмыс істеймін. Ол жерде де маған миллион төленбейді. Кішігірім болса да, Алла тағала менің нәпақамды сол жерден бұйыртып отыр. Сондай-ақ жеке шығармашылығым, басқа да жұмыстарым бар. Соның барлығын ұштастырып, 4-5 жерде жұмыс істеймін. Барлығына үлгерудемін және одан бір қиналмаймын. Бойымда күш-жігерім барда, мүмкіншілігім барда бәрін үлгеріп қалуым керек. Ертеңгі күні балаларым өсіп-өніп, маған немере көрсетіп, Алла сол күнге жеткізсе, мен де демалып, немерелерімді қызықтап отырармын. Шынайы ниеті бар адам жұмыссыз қалмайды.
– Жастар дәстүрлі ән тыңдамайды. Бүгінгі жастар ертеңгі күні қарияға айналғанда дәстүрлі әннің жойылып кетуі мүмкін бе?
– Жоқ. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын. Бүгінгі таңда жастардың
100 пайызы дәстүрлі әнді дәріптемейді, болмаса түсінбейді деп айтудан аулақпын. Керісінше, соңғы жылдары дәстүрлі немесе халық әндерінің орындаушысы да, тыңдаушысы да көбейіп келетін секілді. Бұл – менің жеке ойым. Ұлтжанды, намысты, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін түсінетін ұрпақ тәрбиеленіп келеді. Дәстүрлі ән – мәңгілік мұра. Қаншама ғасырлар қойнауынан бізге жеткен асыл қазына болашаққа неге жетпеуі тиіс?! Ол бізге берілген аманат, яғни бұл бағытта біз жұмыс істеуіміз керек.
– Осы күнге дейін еш жерде айтпаған сырыңыз бар ма?
– Әрине, айтылмаған сырым бар, бірақ оны ақтаруға әлі ерте. Өйткені сыр ақтаратындай жасқа әлі жеткен жоқпын. Алла ғұмыр берсе, оның да сыртқа шығатын кезі келеді.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№2 (188) қаңтар 2015  жылғы санында)

Сұхбаттасқан Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ

Пікір қосу