— “Өмірдің жақсылығын көріп сүйсінесің, жамандығын көріп күйінесің” демекші, Аманжол аға, ауыр болса да, құстың қос қанатындай бірге тірлік кешкен, көздің қос жанарындай мөлдіреген марқұм жұбайыңыз жайында сөз қозғасаңыз. Жеңгемізді еске алып, сонау бір кездескен жылдарыңыздан сыр шертсеңіз…

— 1990 жылдың жадыраған жаз мезгілі еді. Газеттегі хабарландырудан «Арқа аруы мен сал-серісі» байқауының болатынын оқып, облыстық халық шаруашылығы орталығына  бет  түзедім.  Келсем, өзім секілді бақ сынауға келген қыз-жігіттер жиналып отыр екен. Жарты сағаттай уақыт өткеннен кейін ұйымдастыру алқасының мүшелері іріктеу сынын бастап та кетті. Бірінші кезекте бағын сынаған қыздар іріктелді. Бәрі де өзінше әдемі, көрікті. Кезек-кезек шыққан қыздардың көркіне, өнеріне, сөйлеу мәнеріне байсалдылықпен қарап отырған мен, ортаға Ақмарал шыққанда, елең ете қалғанымды несін жасырайын. Ақылына көркі сай әдемі қызға қарап, есім кетті. “Айта берсе екен, сахнадан кетпесе екен” деймін ішімнен. Ақмарал әдемі дауысымен бастаған таныстыруын ата жұрты қасиетті Ұлытау төріндегі Сүйіндік руынан, нағашы жұрты Ереймендегі Бөгенбай батырдың Қанжығалы руынан екенін айтып түйіндеді. Ортаға келесі шыққан қыздарға қарауға да, сөздерін тыңдауға да шамам келмей қалды. Әдемі жүрісімен керім басып орнына отырған қызға ұрлана қайта-қайта қарай бергім келеді. “Шіркін-ай, Ақмарал десе, Ақмарал екен! Тіпті, жүрісінің өзі орманнан сылаң басып шыққан маралға ұқсайды екен!” деймін өз-өзіме күбірлеп.

 Тәтті қиялға беріліп отырған мен жігіттердің іріктеу сыны қалай басталғанын сезбей де қалыппын. Режиссер аты-жөнімді атағанда барып ортаға шығып, өзімді таныстыруым керек екенін ұғып, есімді жинағандай болдым. Содан іріктеу сыны аяқталып, режиссер іріктеуден өткен қыз-жігіттердің есімдерін атады. Екеуміздің де сыннан сүрінбей өткеніміз мен үшін екі есе қуаныш болды. Байқаудың дайындалу жоспары бойынша бір ұл, бір қыздан жұптастырылып, оларға жеке жетекшілер белгіленіп, сол адам біздермен тікелей жұмыс жүргізу керек болатын. Анна Ивановна деген орыс келіншегі ықыласы түсіп, мені өзі қалап алды. “Қасына қыздардан кім бар?” деп, жан-жағына қарай бастағаны сол еді, өзім ғашық боп, ынтызарым ауып отырған әдемі қыз орнынан көтеріліп, ұсынысын білдірді. “Адамға сәтін салайын десе, дөңгеленіп келе береді екен-ау” деп ой түйген менің қуанышымда шек жоқ. Анна Ивановна екеумізді өзінің кабинетіне алып келіп, бізбен жақын әңгімелесе бастады. Мінезі жұмсақ, мейірімі мол адамның бізге жетекші болғаны жеңіске жетелейтін даңғыл жолдай болғаны анық. Анна Ивановна әуелі екеуміздің аты-жөнімізді, мекен-жайымызды, телефон нөмірімізді жазып алды. Сонан соң байқаудың мәні мен мақсатын, талаптарын түсіндіріп, екеумізден де үлкен үміт күтетінін айтты. Әуелі Ақмаралдың мекен-жайын, байланыс телефонын жазып алды. Мен ұмытып қалмайын деген ниетпен қыздың телефонын іштей қайталаумен әлекпін. 57-75-38 деген телефон нөмірі сол минуттардан бастап жүрегімде жатталған ең керемет цифрларға айналды. Жетекшіміз екеумізбен әңгімелесіп болған соң, бізбен қоштасып, ертеңнен бастап қызу дайындыққа кірісетінімізді ескертті.

Ақмарал екеуміз аялдамаға дейін бірге бардық. Жолда келе жатып, ол маған әдемі дауысымен: «Меніңше, сіз бірінші орынды иеленетін сияқтысыз. Жігіттердің арасынан сіздің жеңімпаз болатыныңызға сенімдімін», — деді. Мен де өз ойымды білдіріп: «Қыздардың арасынан, сіз, Алла қаласа, Арқа аруы боласыз», — дедім. Ол биязы күліп, «Рақмет!» деп тіл қатты. Екеуміздің аузымызға осы сөздерді періште салған болу керек, расында да, бірер күннен кейін біріміз “Арқа аруы”, екіншіміз “Арқаның сал-серісі” болып шыға келдік.

Екеуміз осылай бір-бірімізге мейіріммен елжірей қарап тұрғанымызда, Ақмаралдың автобусы келіп, ол сыпайы қоштасып: «Ертең кездескенше аман болайық», — деді де, автобусқа мініп кетті. Автобустың қарасы көз алдымнан ғайып болғанша артынан ұзақ қарап тұрдым. Міне, Ақмарал екеуміздің алғашқы танысуымыз бен менің жүрегімдегі қайталанбас ыстық махаббат осылай басталған еді.

 Жатақханама асыға басып келдім де, кіре берісте отыратын күзетші ападан телефон соғып алуды өтіндім. Вахтада отыратын, мінез-құлқы өзімізге мәлім апайымыз бетіме бажырайып бір қарады да: «Ұзақ сөйлеспе» деп, құлағымызға сіңген ескертуін айтып, рұқсатын берді. Саусақтарым дірілдеп, көкірегімді үміт сезімі кернеп, жүрегімде жаттаулы телефон нөмірін тердім. Телефон тұтқасын Ақмаралдың өзі көтерді. Бағанағы құлағымда қалған майда дауысты естігенде, сәл абыржып қалғандай болдым. «Мен, Аманжолмын ғой» деймін, басқа не айтарымды білмей. «Телефон нөмірімді қайдан алдыңыз?» — деді ол, таңданып. «Анна Ивановна сұрағанда есіме сақтап қалдым», — дедім, көп ойланбастан. «Өзіңіз бір ширақ жігіт екенсіз», — деді ол, таңданғанын жасырмай. Ақмаралымның «Өзіңіз бір ширақ жігіт екенсіз» деген сөзі менің өмірімде ана әлдиінен кейінгі ең қымбат мақтау, жүрегімде жатталған жылы сөз болып қала берді. Тіпті, кейін халыққа танылып, өнерімді қошеметтеген сан түрлі мақтаулардың бәрі жиналғанда, Ақмаралдың осы бір ауыз сөзіндей әсер еткен емес.

— Жеңгемізбен заңды түрде бас қосқанға дейінгі сезім шуағы қалай жалғасты?

— Осыдан кейін ауызбен айтып жеткізе алмайтын бір керемет күндер басталды да кетті. Күнде дайындықтан қайтарда үйіне дейін шығарып саламын, тіпті, сөмкесін көтерудің өзі бір ғанибет. Далада өскен ауыл баласы мен қала қызының араласуының өзі қызық болады екен. Бірақ, бар білген сөздерімді топтастырып, орысша қинала сөйлеген мені бірден түсінген Ақмарал бірінші күннен бастап еркін сөйлесуіме жол ашып берді.  «Мені мектепті орысша оқыды демеңіз, бес жасыма дейін нағашы әжемнің қолында өскенмін, тілім қазақша шыққан, сондықтан да, ойыңызды қазақша айта беріңіз, жақсы түсінемін», — деп, әдемі күлкісімен тіл қатты. Мұнысы мен үшін тығырықтан шығарған даңғыл жолдай керемет көмек еді. Әйтсе де, «Бөрі арығын білдірмес» дегендей, арасында білетін орысша сөздерімді араластырып қоямын. “Мына жігіт орысша таза ештеңе білмейді екен демесін” деген ойым ғой баяғы.

Бірде азық-түлік дүкеніне кіріп, «Сайка» деген ақ нанды «Зайка» деп сұрағанмын. Кейін ерлі-зайыпты болған кезде орысша дұрыс айтпаған осындай сөздерді еске алып, рақаттанып күліп алатынбыз. Шіркін, естелік айтып, бір-бірімізге еркелеп отыратын сол бір балдан да тәтті күндер-ай десеңші!..

 Асыға күткен «Арқа аруы мен сал-серісі» байқауы да цирк ғимаратында дүбірлеп өтті. Көрнекті ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбеков басқарған қазылар алқасы қыздар арасынан озып шыққан Ақмаралды “Арқа аруы” деп танып, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Рымбала Кенжебалақызы басына бағалы тәж кигізіп, аяғының астына қалың кілем төседі. Ал мен жігіттердің арасынан жүзден жүйрік шығып,  “Арқаның сал-серісі” атандым. Ата-баба дәстүрімен астыма арғымақ мінгізді. Өнер сахнасындағы алғашқы тұлпарымды ауылдағы әкеме апарып сыйладым. Ақмарал екеуміздің бірге түскен суретіміз «Арқа аруы мен сал-серісі» деген атпен «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетіне жарияланды. Алладан шын тілеген ойдың өзі қабыл болады екен. Олай дейтінім, газеттегі сол суретке қарап тұрып: «Шіркін-ай, Алла қолдап, екеуміз болашақта бір шаңырақ көтерсек екен!» деп тіледім. Осы тілегімнің қабыл болғанын мен ешқашан санамнан шығарған емеспін.

Байқау өткеннен кейін Ақмаралды кездесуге шақырып, танысуымыз бен табысуымыз сыйластыққа жалғаса бастады. Көп ұзамай өзімнің шынайы ниетімді, көңілімді білдірдім. Ақмарал бірден келісе қойды десем, өтірік айтқаным болар. Дегенмен, “Ойланып көремін” деп, ақылды да биязы қалпымен жауап берді. Ертеңіне мен Павлодар қаласына айтысқа баратын болып, Ақмарал мені шығарып салды. Екеуміз әуежайдың күту залында жолықтық. Өзімше “Кешегі ұсынысыма бүгін жауап беретін шығар” деп қоямын ішімнен. Ақмарал маған ақ жол тілеп, қолыма ұқыпты оралған төртбұрышты қағазды ұстатты. Ұстатып тұрып: “Бұл қағазды ұшаққа мінгеннен кейін ашқаныңыз абзал”, — деп, өтініш білдірді. Ұшаққа отырысымен оралған конвертті асыға ашып қарасам, мен үшін аса бағалы үш сыйлық шықты: өзінің суреті, өз қолымен жасаған бойтұмар және домбыраға тағатын үкі. Қағазға «Үкі мен бойтұмар Сізді тіл-көзден сақтап жүрсін» деп тілек жазыпты. Сол сәттегі менің бақытты сезімімді айтып жеткізу мүмкін де емес шығар. Ұшақта келе жатып, ішімнен «Ләйім, сенің үкілеген жүйрігің, тұмарлаған тұлпарың болайын!» деп тілек тіледім. Қағаз бетіне кешегі ұсынысыма нақты жауап жазбаса да, кез келген қыздың ақылы жете бермейтін аталы, мәні бар сыйлықтарына қарап, тек жақсылыққа жорыдым.

dsc00234

Ақмарал алғаш рет үкісі мен тұмарын қолыма ұстатып, шығарып салған сол сапардағы айтыстан бас бәйге алып, олжалы оралдым. Салтанатымен басталған үш жылдық достықтың сырына толы уақыттан кейін екеуміз де жоғары оқуымызды бітіріп (Ақмарал Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын қызыл дипломға аяқтады), дипломымызды қолымызға алғаннан кейін, 1993 жылдың 7 тамызында шаңырақ көтердік.

— Жеңгейдің тағы қандай қырлары, қасиеттері бар еді?

— Менің Ақмаралым — Құдай қосқан жұбайым, балаларымның абзал анасы ғана емес, өмірімдегі үлкен ақылшым еді. Оның бойындағы ақыл мен парасат, инабаттылық пен мейірім, ізденімпаздық пен сезімталдық, өнер-білімге талпыну, басқа да жақсы қасиеттері маған жігер мен серпіліс беретін еді. Қазақ халқындағы «қабырғаңмен кеңес» дейтін өнегелі сөз ер-азаматтың ақылды жарына байланысты айтылған сөз болса керек.

Егер Ақмаралым отбасының жүгін ысырып қойып, тек білім-ғылыммен айналысқанда, кем дегенде ғылым докторы болатын қабілеті бар еді. Бірақ, ол от-басының, шаңырағымыздың бақытын ойлады. Төрт баланы дүниеге әкеліп, со-ларды тәрбиелеп өсіріп, елінің алдыңғы көшіне қоссам деді. Маған Қарашаштай, Құртқа аналарымыздай ақыл-кеңесін беріп, аялап, өнерге баптап, бесінші ба-ласындай етіп әлпештей білді. Ақмаралдың айтқан ақылдарының арзаны болмайтын. Бүгінгі менің шық-қан биіктеріме, өнердегі, өмірдегі табыс-тарымның барлығына да Ақмаралымның ақылдарының қосқан үлесі зор.

Ол үнемі газет-журналдарды, әлем әдебиетін, этнографиялық, танымдық кітаптарды  оқығанды ұнататын. Сөйтіп, өзінің оқыған жақсы дүниелерін қою күрең шайдың үстінде айтып отыруды жөн санайтын. Оның осындай әрбір әңгімесінен кейін, кітапханадан шыққандай рухани қазынам молайып қалатын. Қазақтың мақал-мәтелдерін, қанатты сөздерін, әлем  ойшылдарының даналық сөздерін, қыз баланың тәрбиесіне қатысты қазыналы сөздерді, басқа да адам өміріне маңызды өнегелі ойларды өзінің дәптеріне үнемі жазып, жинақтап жүретін. Керек кезінде соны оқып, өз пайдасына жарата білетін.

Ақмарал орыс мектебін бітірсе де, менің қазақ әдебиетінен студенттерге оқитын лекцияларымды жазып, дайындап беретін еді. Кейде айтыстан оралғанда, уақытым болмағанда, Ақмаралдың дайындап жазып берген лекцияларын пайдаланатын едім. Тіпті, кандидаттық диссертациямды компьютерге енгізген де Ақмаралым еді.

Бірде Ақмаралдың дайындап берген лекция қағазын оқып тұрып, сөз соңындағы үлкен әріппен жазылған «ЖАНЫМ!» деген сөзді оқып қоя жаздағаным бар болатын. Осы секілді еркелететін жағымды сөздерді жазып қоятын еді. Қандай жанашырлық, қандай таза сүйіспеншілік десеңші!

Менің Ақмаралым өнердегі ең үлкен кеңесшім, баптаушым болатын. Ақындар айтысында үнемі әр ақынның ұтқыр сөздерін, қозғаған мәселелерін, ерекшеліктерін қойын дәптеріне талдап, саралап жазып отыратын. Сөйтіп, айтыстан шыққасын келесі күнгі ақтық сынға дейін маған дайын материалды ұсынып, өз ойын ортаға салатын. Мен кейде оның сыни пікірлеріне өзімше келіспей қойған сәттерімде: «Аманжол, менен басқа кісілер саған көбінесе мақтау сөз ғана айтады, ал құр мақтау ақынды үнемі жеңіске жетелей бермейді. Сондықтан, әділ сынды қабылдап, өзіңнің жетістігің мен кемшін тұстарыңды таразылап отыру керек», — дейтін еді. Қазір ойлап отырсам, тек үкімді үлпілдетіп, шапанымды дайындап қана емес, менің ақындық шеберлігімнің шыңдалуына орасан зор үлес қосыпты-ау. Мен қанша ақын қыздармен айтыс үстінде қалжыңдасып жатсам да, қызғанбай, үнемі парасат биігінен қарайтын еді.

Менің бір жездем Ақмаралға балдыз-сынып, әзілдеп: «Осы Аманжол айтыста қыздармен қалжыңдап, неше түрлі сөздер айтып жатады. Сонда сен қызғанбайсың ба?» дегенде, Ақмарал сабырмен: «Жезде, менің мойнымда Аманжолдың жарының ғана міндеті емес, өмірден өткен анасының да тілекқорлық міндеті бар ғой. Айтысқан әрбір қыздан қызғана берсем, қанаты жазылмаған сұңқардай, бауыры жазылмаған тұлпардай болып, тынысы тарылып қалмай ма?!  Айтыс — өнер, сондықтан оған терең көзқараспен қарау керек», — деген еді.

Міне, менің өнерімнің ақылшысы бола білген Ақмаралым осындай жанашырым болатын, Газет-журналдардағы айтысқа қатысты материалдардың барлығын бір папкаға жинақтап, маған дайындап отыратын. 1998 жылы жарық көрген «Ақ жол» атты айтыстар жинағымды да компьютерге теріп дайындаған Ақмаралым еді.

Ол мені үнемі мейірімді, кешірімшіл болуға, қолдан келгенше кісіге жақсылық жасауға шақырып отыратын. Тек менің отымның ғана емес, әулетімнің, тіпті, елімнің абзал анасы болу жолында қанатын енді жайып келе жатыр еді, тағдырдың жазуына амал қанша?!

Құдіреті күшті Алла, Ақмаралыма сұлулығына, ақылдылығына қоса көркем мінезді де берген еді. Оның жүрегі нәрестенің жүрегіндей тап-таза болатын. Кейде мен өз жүрегімді жарымның жүрегімен салыстырып, сосын «Осы менің жүрегім кішкене кірлеп бара жатқан жоқ па?» деп, өзімнен-өзім іштей тәубама келіп отыратынмын.

«Жақсы адамның ашуы шайы орамал кепкенше» деп қазақ атамыз айтқандай, Ақмарал бірдеңеге ашуланса, сүтпісірім уақыттан кейін, бұлттан шыққан күндей болып жадырап, жайнап отыратын. Екеуміз бір-бірімізбен қатты сөздер айтысып, ұрысып, ренжісіп көрмеппіз. Кейде бірдеңеге ренжісек, көзіміз бір-бірімен түйісе қалса, шыдамай күліп жіберетінбіз. Сосын баяғы ашуымыздың барлығы жайына қалып, бір-біріміздің бетімізден сүйіп, қайтадан мәз-мейрам болатынбыз. Ақмаралмен он минут сұхбаттасып, әңгімелескен адамның оған ынтасы ауып, көңілі елжіреп қоя беретін. Көрші ақсақалдар маған: «Айналайын Ақмарал алдымнан күліп шыққанда, тұла бойым, жүрегім елжіреп қоя береді», — деуші еді. Расында да, Ақмаралымды көріп, араласқан адамның ықыласы аумайтыны болмайтын.

Мені үнемі киіндіріп, бетімнен сүйіп шығарып салатын, есіктен күліп, мейірленіп қарсы алатын. Қазір соны сағынамын. Енді Ақмаралдың күліп қарсы алмайтынын, жоқтығын сезініп, өз үйіме кіргім келмей, көлігімде ұзақ отырып, сосын әрең кіремін.

Ақмаралымның дастарқаны берекелі, пейілі кең, келген адамға қабағы ашық болатын. Соның арқасында үйімізден қонақ арылмайтын еді. Әр қыс сайын қос-қостан соғым сойы-латын. Кішкентай балаларға да, келген қонаққа да уақытын тауып үлгере білетін еді. Біздің үйімізден қазақтың белгілі зиялы адамдарынан дәм татып, қонақ болмағаны кемде-кем шығар.

Қазіргі қолына ине ұстауды білмейтін қыз-келіншектер көбейген заманда менің Ақмаралымның тігін-шілік шеберлігі бір төбе болатын. Ол көрпе тігу, киім тоқу секілді әйел затына сай шеберліктің барлығын да меңгерген еді. Өзінің балаларына киімді көбінесе өзі тігіп беретін. Үйдегі іс машинасын, оймағы мен ине-қайшысын көргенде, көңілім астан-кестен болып, өмір тоқтап қалғандай, жүрегім сыздап қоя береді.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№ 2 (43) Қаңтар. 2009 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Нұржан Бай-Сақ тегі

 

Пікір қосу