– Мемлекеттік сыйлыққа түскен әдеби шығармаларға қарап, әдебиетте жаңалық, өсу бар деп айта аласыз ба?

Әдебиетте өсу бар. Сыйлыққа түсіп жатқан шығармалар ішінде жаңашылдығымен көзге түсіп, әдебиеттің өсуін білдіретін шығармалар бар. Бұл – қуантады.

– Ал драматургия ше?

– Театрлар Шекспир заманынан бері драматургтерге өкпелі. Біздің алдымызда драматургияның озық үлгілері бар. Жалпы, драматургияға пафос, жалаң ұран, ұзақ монолог жат. Біздің драматургтердің көбі театрға бармайды. Театрға барып, оның атомсферасын сезініп, актерлердің ойынын көрмейінше, жақсы шығарма, жақсы ой тумайды.

– Жазушы да, драматург те қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Кейінгі кездері сөз болып, дау болып жатқан мәселелер төңірегінде пікіріңізді де айтып өтсеңіз.

Кеше Ақсай ықшамауданындағы мектептердің біріне оқушылармен кездесуге бардым. Сонда байқағаным, үштілділік дегенге бәрі, тіпті мұғалімдердің өздері қарсы. Балаларды дүбара ететініміз былай тұрсын, олар сонда мектептен қай тілді меңгеріп шығады? «А» деген әріпті білмейтін балаға бірінші кластан ағылшынша үйретеміз. Бұл не? Қастандық па? Бала бастауышты бітіргенше ана тілінде ғана оқуы керек. Әрі қарай өз таңдауына байланысты шешеді ғой. Осыны түсіндіре алмай-ақ қойдық. Президентке де, министрге де білім саласындағы үштілділік реформасын тоқтатуды талап етіп, хат жаздық. Ешқандай нәтиже жоқ. Мұндай саясаттың болашағы жоқ деп ойлаймын. Ана тілінде сөйлемейтін, ана тілінде түс көрмейтін баланың өскенде ұлтына, еліне жаны аши қоюы екіталай… Оған тарих куә. Сондықтан, үштілділікке түбегейлі қарсымын! Қазір енді қалай талап ететінімізді де білмей отырмыз. Митингіге шығайын десең, арандатушы деп ұстап алып кететін түрі бар…

Бір қуанарлық нәрсе – биыл бірінші сыныпқа барған балалардың саны көп екен. Бірақ, өткенде жоғарғы жақтан келген бір кісі «Оңтүстік Қазақстан облысында бала туу жоғары, біз мектеп салып үлгере алмай жатырмыз» депті. Құдай-ау, қуанып, халық саны өссін, мектептерді саламыз деудің орнына осындай сөз айтады… Тап осы кісі сол сапарында «Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесіндегі жазу тек қазақша екен, неге орысша жазылмаған, мұнда орыстар да келеді ғой» деп ескерту жасапты. Апыр-ай, деймін, осы жоғарыдағы кейбір адамдардың ойлау жүйесінде бір кінәрат бар ма деп қаламын?… Осы бар ғой, бәлкім қателесетін шығармын, маған Қазақстанда қазақтың көбейгеніне, мерейінің үстем болуына қарсы жасырын институттар, ұйымдар жұмыс істеп жатқан сияқты көрінеді.

Әне, Қытайдан 51 зауыт әкелеміз дейді. Ешкіммен ақылдасқан да, сұраған да жоқ. Халыққа үндеу жасалды ма, референдум өткізілді ме? Жоқ! Ол қандай зауыттар? Экология, адамға қандай зияны бар? Не шығарады? Неге 51 зауытты бірден әкеледі?  Бұл сұрақтарға ешкім жауап бермейді. Ол зауыттарда жұмыс істейтін адамдардың тең жартысы қытай болатын шығар… Қытайлар қазақ қызын алады. Әр жағын өзің ойлай бер… Сондықтан, Үкімет ол зауыттардың әрбіріне мінездеме, анықтама берсін, халыққа жария етсін! Біз экономикамыздың жыртығын жамаймыз деп, жерімізді қытайға толтырып алатын түріміз бар. Мендегі қауіп  – осы.

(…толық нұсқасы

Жұлдыздар отбасы журналының

№20 (230) қазан 2016 санында)

Сұхбаттасқан Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

Пікір қосу