Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы:
– Әлеуметтік желіде елде болып жатқан оқиғаларға байланысты жылдам жазба жариялап, өз ойыңызды анық білдіріп отырасыз. Осы ретте мемлекетте болып жатқан саяси-қоғамдық жағдайларға қандай баға бересіз?
– Менің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген кезім – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Қатты қуандық. Дербес ел болдық, енді үміттеріміз расқа айналады дедік. Міне, содан бері 27 жыл уақыт өтті. Алайда біздің сеніміміз ақталды деп айта алмас едім. Әрине, бір жағынан қарасақ, жағдай жаман емес. Астымызда – көлік, баспана салынып жатыр, дүкен көп, ойын-сауық орталықтары да жетіп артылады. Бірақ мұның бәрі өлшем бола бермейді. Бізге бастапқыда айтты ғой, алдымен экономика, сонан соң саясат деп. Былай айтқанда, билік халыққа «сендер саясатқа бастарыңды ауыртпаңдар, біз экономиканы жақсартып алайық» деді. Халық сол міндетті бұлжытпай орындады. Саясатқа араласқан жоқ. Сол уақыттан бері Үкімет өз дегенін істеп келе жатыр. Ал экономиканы қатырамыз деген уәдесін орындады ма? Орындаған жоқ. 2000 жылдан бастап экономиканы әртараптандыру болады делінген. Қуат көздерін, шикізатты, мұнайды саттық дегендей. Біз тек мұнай экспортының арқасында ғана жағдайымызды жақсарттық. Қара алтынның баррелі 100 доллардан асып тұрған жылдары біз әбден шалқыдық. Ал 2000 жылдар басталысымен экономиканы әртараптандырамыз, өнеркәсіп түрлерін арттырамыз, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтеміз дегені қайда қалды? Бір жиында Елбасы 72 зауыттың істемей тұрғанын айтып, оның жауабын министр Жеңіс Қасымбектен сұрап еді ғой. Қорыта айтқанда, бізде жаңа зауыттар ашылған жоқ, экономика шын мәнінде өрістей алмады. Өткенде Елбасы 1250 жаңа кәсіпорынның ашылғанын айтып өтті. Бірақ сол кәсіпорындардың қай аймақтарда ашылып жатқаны туралы тіс жармайды. Біз өзімізге ыңғайлы болып тұрған халықаралық конъюнктураны пайдалана алмадық. Батыс мемлекеттері инвестиция салғысы келді және салды, алайда соның өзін лайықты кәдеге жаратпадық. Біз немістермен, француздармен экономиканың қолайлы саласы бойынша неге бірлескен тиімді кәсіпорындар, компаниялар ашпадық? Бұл салада Түркиямен де ыңғайлы қатынас құруға болушы еді. Ақшамыз болып тұрған кезде осындай дамыған елдерді экономикалық диалогтарға шақырмадық. Қолда бар ақшаны имидждік шараларға шашып жібердік те, ауыл шаруашылығы саласы, қолайлы кәсіпорындар құру мәселесі далада қалып кетті. Киімнің өзін Өзбекстаннан тасымалдаймыз. Олар қазір машина құрастыру бойынша бізден көш ілгері. Мына Ресейдің өзі арнайы ұлттық жоба жасап, бидай экспорты бойынша көшбасшы елдердің біріне айналды. Кеше ғана өзгелерден нан сатып алатын Ресей, қазір өздері әлемге бидай саудалап отыр. Ал бізде осындай нәтиже жоқ. Жоқ болғасын шенеуніктеріміз де нәтиже туралы ауызын ашпайды. Газетті ашып қалсаңыз «болашақта мынадай жоба істейміз, бір-екі жылдан соң мынадай зауыт ашылады» деп айтып отырады. Биыл да бензин проблемасы туындады. Біз бензинді Ресейден аламыз. Өзімізде мұнай шығарып отырып, бензин тұрғысынан Ресейге тәуелдіміз. Әрине, қисынсыз шаруа. Неліктен 27 жыл ішінде мұнай өңдеп, оны бензинге айналдыратын жұмыс көзін реттей алмадық. Осының бәрі ақылға сыймайды. Кезінде бензинді, тіпті Беларусь елінен де сатып алғанбыз. Міне, осындай пікірлерді айтсақ «олар билікке наразы» деп шығады. Біз айтсақ, шынында да, қиюы кеткен шаруаны дөп басып айтып отырмыз.
ЭКСПО-ға 1 миллиард 300 миллион доллардай қаржы жұмсаппыз
– Жақында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 450 миллиард теңгені «ҚазАгро» холдингіне беру туралы үкімет шешімі шықты. «ҚазАгро» туралы мәлімет іздеп көріп едік, біраз жылдан бері шаруасы шатқаяқтап келе жатқан холдинг екен. Зейнетақы қаржысын осындай дүдәмал ұйымға беру де біздегі экономиканың әлсіздігін көрсете ме?
– Әрине. Банктер банкроттыққа жақындай бастаса үкіметтен ақша бере саламыз. Оларға көмектесіп, оларды сауықтандыру деп шығады бірдеңе болса. Тіпті миллиондап та емес, миллиардтап береміз. Иә, мен түсінемін: банктерді құтқармаса жағдай одан да қиындайды. Бірақ мәселені реттеудің басқаша жолдарын қарастыру керек қой. Үкімет басындағы функционерлер, экономистер не үшін отыр? Әйтпесе дайын қаржыны бере салып «мә, жағдайларыңды шешіңдер» деу кім-кімнің де қолынан келетін ең оңай шаруа емес пе?! Осы жылдың тамыз айында «ҚазАгро» холдингінің жалпы қарызы 3 триллион теңгеден асқаны және қарыз көлемі түскен табыстан 93 есе асып кеткені ресми айтылмап па еді? Шығарылған еурооблигациялар бойынша қарызының 572,4 миллиард теңгеге жеткенін холдингтің өзі айтқан еді. Осы жағдайды өзіңіз елестетіп көріңізші. Егер сізге біраздан бері қарыздан-қарызға кіріп жүрген бір адамға ақша беруді сұраса және оны «сенімді адам» деп сипаттаса сенер ме едіңіз? Әрине, ондай адамға бере салмайсыз. Себебі ақшаны қайтарып алатыныңызға күмәнданасыз. Ал Ұлттық банк сенеді және азаматтардың өздерінен сұрамай-ақ ақшасын ала салады. Біз, шынында да, таңғаларлық елде өмір сүріп жатырмыз.
– Жалпы, үкімет кез-келген қаржыны пайдалану үшін халықтан рұқсат сұрауы керек емес пе…
– Әлбетте. Біз әйтеуір ақша таратқышбыз. Кейде ойлаймын «әй, осы біздің бір былығымыз жоқ па екен» деп. Менікі енді күмән ғана. Алдында Молдова азаматы Статидің ісі де шу тудырды. Ол бізден 500 миллион доллар алғысы келіп соттасып жүр. Соның кесірінен Ұлттық қордың 22 миллиардына біраз уақытқа тыйым салынған. Бұл әңгіме қазір біршама саябырсыған. Бірақ Статидің ісі әлі біткен жоқ. Біздің елге дәл қазір ешқандай оппозицияның да керегі жоқ. Үкімет өзінің орашолақ істерімен-ақ жау тауып ала береді. Ырсиып көрініп тұрған соң «мына жері тым ашық екен, сәл жабу керек-ау» деп амалсыз айтамыз. Зейнетақының ақшасын біресе анда, біресе мында жібереді. Ақпараттық сайттарды ашып қалсаң күнде бір лауазымды шенеуніктің парамен ұсталып жатқанын оқисың.
– Билік тарапынан жасалып жатқан қиюы қашқан әрекеттер бәрімізге анық көрініп отыр ғой. Егер осындай бастамалар бас-көзсіз жалғаса берсе соңы неге апарып соғуы мүмкін?
– Өзімізді Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен салыстыратын болсақ, көш ілгері екенімізді байқаймыз. Әрине, бұл да тәубе етерлік, шүкір айтарлық жағдай. Бірақ осы күйімізге байланып, осы деңгейімізден өспей отыра беруге тағы болмайды. Болашақты ойлау керек. Қазір елімізде зат бағасы шарықтап тұр, жұмыссыздық артты. Елдегі наразылық ақырындап көтеріліп келе жатқандай. Саяси элитаның салмағы елдегі қиын ахуалға қаншалықты әсер ете алады? Былтыр президенттің бірқатар өкілеттілігін парламентке беру туралы бұйрық шықты. Бірақ осыдан бірдеңе өзгерді ме? Керісінше президент бұрынғысынан да мықты болып кеткен секілді. Сосын Конституцияның өзіне «Елбасы енгізген қағиданы өзгертуге болмайды» деп жазып қойды. Билікті сынап, оның теріс әрекеттерін айту үшін белсенді болу керексің. Енді мына жазудан соң белсенді бола алмайсың. Яғни қандай да бір саяси наразылық, реформа бастауға құқығың жоқ. Оны Конституция шектеп тұр. 91 бапта. Мұндай кедергі тудыратын заңдар толып жатыр. Мәселен, мен ел азаматы ретінде сайлауға түсу үшін мені бір саяси партия ұсынуы керек. Әйтпесе парламент тұрмақ аудандық мәслихат депутаттығына да үміткер атана алмаймын.
Жақында ғана парламент Қазақстан Республикасы мен Қытай үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестиция тартатын қуатты өндірістік қытай-қазақстандық ынтымақтастық қорының жекелеген табыс түрлерін салықтан босату туралы келісімді ратификациялады. Бұл жағдай сенат мәлімдемесінде: «индустрияландыру және инвестиция саласында Қазақстан-Қытай бағдарламаларын қолдау мақсатында» деп түсіндірілген. Бастапқыда 51 қытайлық зауыттың бізге көшірілетіні туралы әңгіме болған. Кейін бұл жаңалық бірлескен 51 жобаға айналды. Қалай болғанда да сол 51 зауыттың әңгімесі аса құпия жағдайда ұсталып отыр. БАҚ-қа кеңінен таратылып жатқан жоқ. Аталған бірлескен зауыттар жұмысын бастады ма, әлде енді бастай ма, ол жағы да белгісіз. Халықты бірінші болып ақпараттандыруға тиіс Ақпарат және коммуникациялар министрлігі де бұл туралы үндемейді. Міне, осындай түсініксіз жағдайлар біздің елде тым көп болады. Мұның соңы, әрине, жақсылыққа апара қояды деу қиын.
– Осындай жағдайларға қазір адамдар жиі үн қата бастады. Қарсылық та білдіреді. Ел тұрғындарының азаматтық ұстанымдары өскен, жетілген секілді көрінеді.
– Иә, талап ету жағы көбейді. Мен де сол әлеуметтік желінің арқасында көпшілікке танылып, шабыттанып жазбалар қалдырамын. Бірақ жалпы тұрғыдан алғанда халықтың билікке азаматтық ықпалы тиіп жатқан жоқ. Мысалы, Көкжайлау тау-шаңғы курортын салу мәселесін алайық. Меніңше, дәл мұндай нысанның бізге қажеті шамалы. Қала билігі саламыз да саламыз деп қылқынып жатыр. Алайда дәл осы мәселе күн тәртібінің бірінші орнында тұрған жоқ. Одан да маңызды, одан да өзекті мәселелер бар. Ең алдымен метроның құрылысын межесіне жеткізіп алсын. Қазір Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысына келіп тіреліп тұр. Шарт бойынша 2017 жылы жаңа стансалар пайдалануға берілуі тиіс еді. Кейбір сыбыстар бойынша оның қаражаты түгелдей ЭКСПО-ға жұмсалды деген әңгімелер шықты. ЭКСПО-ға 1 миллиард 300 миллион доллардай қаржы жұмсаппыз. Бұл цифрды президенттің өзі айтты. Одан кейін де біз жасыл энергияға көшіп кетпедік. Астана әлі көмір жағып отыр. Осындай парадокс көп бізде. Мәжілісте, мәслихатта да қоғамдық кеңестер бар. Ал солар қарапайым азаматтардың пікіріне құлақ асып, тілін алып жатыр ма? Жоқ. Бәрібір өз дегенін істейді.
Қасымов кетіп, басқа министр келсе де пәлендей өзгеріс бола қоймайды
Сұхбаттасқан Арнұр Көбейхан