Алматыда қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті жұмыртқалардың тазалығын тексеру үшін сауда орындарында тексеру жүргізеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
«Біз қаладағы барлық сауда орындары мен супермаркеттерден, базарлардан жұмыртқа өнімдерінің сынамаларын аламыз. Жұмыртқаның химиялық құрамына химиялық талдау жасаймыз, маркерлену тәртібін қадағалаймыз. Содан соң ғана бұл өнімнің қандай қаупі барын айта аламыз», — деді департамент басшысы Айзат Молдақасымова.
Департамент басшысының айтуынша, тексерулер жыл сайын жүргізіледі. Бірақ осы жылы азық-түліктің сапасына байланысты ешқандай шағым түскен жоқ. Соңғы жылдары Қытайдан әкелінге азық-түліктің қауіптілігіне, сапасына байланысты түрлі бейнелер тарап жүр. Олардың ішінде жұмыртқаның қолдан жасалған түрі де бар екен. Бұл жұмыртқа ұзақ уақыт сақталады. Бұл өнімдерді сыртқы түрінен ажырату мүмкін емес. Тек қайнаған соң «жалған» жұмыртқаның сарысы доп сияқты секірмелі болып қалады.