– Марат алдымен туған жер, өскен өңіріңізді таныстырып өтсеңіз?
– Туған жерім Атырау қаласы. Осыдан алты жыл бұрын өнер қуып, Алматыға көшіп келдім. Мектепті қаланың өзінде бітіріп, университетті Ұлыбританияда оқыдым. Ол жақта маркетинг мамандығы бойынша білім алдым. Сол білімім бойынша елге келіп, Қашағандағы зауытта бір жылдай жұмыс істедім. Аудармашы болып та еңбек атқардым. Ал өнерге кішкентайымнан қызығатынмын. Алғашқы қадамдарымды Атырауда бастап, студия аштым. Кейін үйленген соң Алматыға көшу жағын ойластырып, тәуекелге бел буып аттанып кеттім. Ата-анам Атырауда тұрады. Өзімнен кейінгі інім бар.
Мектеп бітірген соң маркетинг мамандығын таңдауға не себеп болды? Шетелде оқуға деген қызығушылық қалай оянды?
– Бастапқыда ондай жоспарым болмаған. Атыраудағы мұнай және газ институтының құрылысшы мамандығына құжат тапсырып та қойған болатынмын. Жазғы каникулда сол жаққа тіл оқуға барып, Англия ұнап қалды. Ол жерде жақсы білім игеретінімді, тілді жақсы үйренетінімді байқадым. Сөйтіп, университетке даярлық жасап бір жыл оқыдым. Әкем маған қаржылық тұрғыда қолдау көрсетті. Кейін емтиханнан жақсы балл жинап, университетке түсіп кеттім. Негізі әу баста шетелде білім алуды өзім көздемеген едім. Тіл үйренемін деп үш айға барып үш жыл оқып қайттым (күліп).
– Осының бәрін тәрк етіп әнге келгеніңізге қарағанда өнерге құлай берілген секілдісіз?
– Иә, іштегі өнерге деген ұмтылыс, бұлқыныс бәрібір өз дегеніне көндірді. Оның үстіне кішкентайымнан қазақы тәрбие алып өстім. Орысшаны жақсы білмесем де сөйлеуге онша құштар емеспін. Қанымда өзіме ғана аян бір ұлтжандылық қасиет бар. Оқу бітіріп келгеннен кейін де үлкен-үлкен компанияларға бардым. Ол жерде қызметкерлерді іріктейтін мамандардың көпшілігі орыстар. Қайда барсаң да ресми тілде сөйлеуің керек. Осы нәрседен де шаршап кеттім. Шығармашылықтың да ұнайтыны сол – өз тіліңде емін-еркін сөйлеп, қазақы адамдармен араласып, қазақтың өнеріне аз да болса үлесіңді қосасың. Ешқандай кедергі жоқ. Ең бас­тысы, ерінбей еңбек ете білсең болғаны. Картинки по запросу Марат Балмырза
Сіз кезінде еңбек еткен компанияларда жұмыс істеп жақсы ақша табуға болады ғой. Ал өнерге келгелі бері тауып жатқан табысыңыз шетелдік компанияларда істеген кезіңізден артық па? Жалпы, қазіргі кірісіңізге көңіліңіз тола ма?
– Рас, Қашағанда жұмыс істеп жүрген кезімде айына 400-500 мың теңге айлық алатынмын. Әрі қарай жалғастыра түссең, жалақы одан да жоғары көтеріле беруі мүмкін еді. Бірақ, шынымды айтсам, ол ортада өзімді еркін сезіне алмадым. Менің табиғатым офистің шаруасына келмейді екен. Қазір ән жазамын, оранжировка жасаймын, әнімді сатамын, сол 500 мыңды қазір де тауып жүрмін. Есесіне жұмысымды үлкен құлшыныспен, қызығушылықпен істеймін. Айлық табысым миллионға жетеді деп айта алмаймын, бірақ отбасымды асырап, өзіме жететіндей ақша таба аламын. Ал атағым қазіргіден де биіктеп, әндерімнің бағасы арта түссе, мұнай саласындағы табыстан да артық ақшаға кенелетінің анық. Әрине, бірінші кезекте тыңдарманға сапалы дүние ұсынып, әдемі әндермен халық жүрегіне жол тапсам деймін. Еңбек етсем, қаржы да өзі келе береді.
Өнерге жыл сайын қаншама жас қосылады. Бәрінің әнші, жұлдыз болудан үміті бар. Бұл салаға тіпті орасан көп ақшамен келіп те, тауы шағылып жататын өнерпаздар баршылық. Бұл тұрғыда сіздің қаншалықты жолыңыз болды?
– 4-5 жыл бұрын өнерге алғаш аяқ басқан кезімде ешқандай әнші де, композитор да емес, жай ғана студияның жұмысшысы болып бастадым. Әншілердің дауысын жазамын, ән өңдеймін, яғни ұсақ-түйек шаруалар. Ал кейінірек Бейбіт Күшқалиев, Ғаділбек Жаңай ағаларымыз менің әндерімді орындай бастаған кезде шабыт пайда болып, «менің де қолымнан бірдеңе келеді екен-ау» деген сенімділік оянды. Одан кейін жиі-жиі әндер шығарып, туындыларым Ақбота Керімбекова, Төреғали Төреәлі, Қуандық Рахым сынды танымал әншілердің ән қоржынына түсті. Осы кезде бойымдағы ұялшақтық, қысылу деген әдеттерден де арылдым. Ал таза әнші ретінде жұмысқа кіріскеніме бір жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде керемет биіктерді бағындырдым деп айта алмаймын, дегенмен жай-жай ілгерілеу байқалады. 15 шақты ән жазып, 4 бейнебаян түсірдім. Осының өзін әжептәуір жетістік деп есептеймін. Жалқау емеспін. Егер жалқау әнші болсам, бес жылда бір клип түсіріп, үш әніммен той қуалап жүре беруші едім. Әзірге продюсерсіз өзім жұмыс істеп жатырмын. Қанша дегенмен Англияда маркетинг мамандығын меңгердім ғой.
Алматыға келген кезде танымал жерлес ағаларымнан көп қолдау күттім. Бірақ үмітім ақталған жоқПохожее изображение
Сіздің «Түнгі студия» бағдарламасына ән салуға барып, «маған бұл жерге қонақ болып келуге әлі ерте» деп жазғаныңызды оқыдық. Бұл өз бағаңызды білмеу ме, әлде жауапкершілікті сезіну ме?
– Мұны бағамды білмеу деп айта алмас едім. Жалпы, адам баласы қатты асқақтап та кетпей, тым төмен де түспей жүрсе, яғни балансты сақтай алса керемет болады. Қайрат Нұртас сияқты стадион жинап, миллиондаған көрерменнің жүрегін әлі жаулап үлгермегендіктен, телеарналардағы шоу бағдарламалардың басты қонағы болуға өзімді әлі лайықпын деп есептемеймін. Адам өзінің деңгейін білу керек. Егер бүкіл Қазақстан өнерімді мойындап, концерттеріме ағылып келіп, фанаттарым көбейіп жатса, онда өзімнің бағамды біліп, деңгейімді көрсете аламын. Ондай кезде түрлі жобаларға бас кейіпкер ретінде ұялмай, қысылмай қатысуға болады. Тіпті қазірдің өзінде мені жобаларға шақырып жатса, бармас едім. Себебі көрермен мені танымай, басқаша пікір қалыптасып кетуі мүмкін.
– Репертуарыңыздағы әндеріңіздің басым көпшілігі өзіңіздікі ме, әлде басқа композиторлармен де жұмыс істейсіз бе?
– 80 пайызы өзімнің әндерім. Кейбірінің сөзін де өзім жазғанмын. Бірақ тек өзімнің әнімді айта бермеймін. Жастар арасынан шығып жатқан талантты сазгерлермен де жұмыс істегенді жөн көремін. Оларды өзіме бәсекелес санамаймын. Керісінше олардың да жарыққа шығып, танылғанын қалаймын. Себебі, өзім де алғаш Алматыға келген кезде танымал жерлес ағаларымнан көп қолдау күттім. Бірақ ол үмітім ақталған жоқ. Сондықтан өзімнен кіші бауырларым хабарласса және олардың расымен талантты екенін көріп тұрсам қолымнан келгенше көмегімді аямауға тырысамын. Ал ақындардан Ерболат Қарақойшы, Тілеген Әли, Кәмшат Қасен, Нұржан Өмірбаев сынды талантты жігіттермен бірге жұмыс істесіп келе жатырмыз. Олар жазған мәтіндерді мен ғана емес, көптеген эстрада жұлдыздары орындап жүр. Жалпы, маған ақындармен әңгімелескен, пікірлескен ұнайды. Себебі, өзім де кішкентайымнан ақындық өнерге жақын болып, айтысқа қызығып өстім.
Ата-анаңыз қай салада жұмыс істейді? Отбасында қанша ағайындысыздар?
– Отбасында үш ағайындымыз. Әпкем және інім бар. Әкемнің мамандығы – құрылысшы. Жол салумен айналысады. Туғалы бері көргенім жол салу, құрылыс шаруалары. Кейде Алматыда жол жөндеп жатқан мамандар көзіме ыстық көрініп кетеді. Анам – дәрігер. Біраз жыл жедел жәрдемде жұмыс істеді, қазір демалыста. Өзім үйленгенмін, отбасым бар. Үш бала тәрбиелеп отырмыз. Келіншегім – Алматы облысының қызы. Біз үйленетін кезде ата-анам Атыраудан келіп, құлағына сырға салып, таза қазақы салт-дәстүрмен бас қостық. Сондай-ақ мұсылмандық ережелерді сақтап, үйленгенге дейін бір-біріміздің қолымыздан да ұстаған жоқпыз. Шүкір, қазір бәрі жақсы. Жан-жарым өнеріме түсіністікпен қарайды. Оның бәрін үйленбей тұрып ақылдасып, шешіп алғанбыз.
Жаңадан жазған әніңізді алғаш кіммен бөлісесіз?
– Мен өте ашық адаммын. Өзгелер маған жылы қабақ танытса мен де оған ашылып сала беремін. Алдымдағы адамның айнасы болуды құп көремін. Әнімді жұрттан жасырып, бөліспей қою деген әдет болған емес. Оны өзгелер ұрлап алады-ау деп те қауіптенбеймін. Мейлі, алса ала берсін. Егер менен осындай керемет ән шығып жатса, демек, бұдан да жақсы ән жаза аламын деген сөз. Өнерге келгелі бері екі рет сондай жағдайға ұрындым. Әнімнің шумағын, қайырмасын ұрлап алған сазгерлер болды. Бірақ олармен ұрысып, дау тудырған жоқпын. Ән үшін қазақ пен қазақтың бет жыртысып жатқаны дұрыс емес. Бастапқыда әндерімді кәсіби музыканттарға апарып тексертіп, пікір сұрайтынмын. Қазір оны да азайттым. Өйткені ән жазып жүргеніме біраз уақыт болды. Біраз туындым үлкен сахналарда орындалып жүр. Сондықтан өзімді қалыптасқан, өзіндік ізін салып келе жатқан композитормын деп есептеймін.
– Ән тумай, жұмысқа деген құлшыныс азайып шығармашылық тұрғыдан тоқырап қалатын кездер бола ма? Болса ондай жағдайдан қалай шығасыз?
– Шығармашылық тоқырау басталар кезде мұңды әндер жазыла бастайды. Кейде оны да жарыққа шығарып көрген дұрыс. Ал мүлдем ән шықпайтын кездер болады, әрине. Ондай сәтте өз-өзіңді қинамау керек. Егер жұмысқа деген ұмтылыс жоқ екенін байқасам, жанұямды алып тауға шығып кетемін. Өз-өзімді сергітуге тырысамын. Музыка тыңдамай, миымды тынықтырамын. Мұндайда үш күн жеткілікті. Үш күннен соң баяғы қалпыма келіп, студиямды сағынып, шығармашылыққа белсене кірісіп кетемін. Жалғыз қалған кезде өзімді керемет сезінемін. Әрине, бұл тек шығармашылық тұрғыда ғана (күліп). Гитарамен ыңылдап ән шығарып, ойыма келген сөздерді қағазға түсіріп, кәдімгідей тың идеялар келеді. Айналамда адамдар толып жүрсе, шабытым келмей қалады.
– Өнерден тыс салада жүрген достарыңыз бар ма?
– Әрине, өнерден тыс жан достарым көп. Олардың көбісі Атырауда тұрады. Мұнай саласында жұмыс істейді. Бала кезімнің көп уақытын бөлелеріммен өткізгенмін. Соларды қатты сағынамын.
Сұхбаттасқан Абай Аймағамбет

Пікір қосу