«Астана Жастары» КММ қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жол жүру құқығын беру үшін жоғары оқу орындары студенттерінің тізімін жасақтауда, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бағдарлама операторы – «Астана жастары» ресурстық орталығы хабарлағандай, әлеуметтік көмек жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға; атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардың балаларына (студенттерге) ұсынылады.

Бүгінгі таңда қаңтар айынан мамыр айына дейін 757 өтінім мақұлданды, оның 309-ы – бірінші санат бойынша (жетімдер), 448-і – екінші санат бойынша (атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан немесе атаулы көмек алмайтын отбасылардан шыққан, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар).

Әлеуметтік көмек келесі құжаттарды ұсынған жағдайда көрсетіледі:

«Астана жастары» КММ басшысының атына студенттің ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың ерікті түрдегі өтініші; оқу орнынан анықтама; жеке куәлігінің көшірмесі; отбасыларда тәрбиеленетін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қорғаншылықты (қамқоршылықты), патронаттық тәрбиелеуді бекіту туралы анықтаманың көшірмесі; өтініш берушінің (отбасының) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілігін растайтын анықтама; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар үшін отбасылық табыстары туралы мәліметтер (жұмыс істейтін ата-аналардың немесе оларды алмастыратын адамдардың жалақысы); жұмыссыздық туралы анықтама; банктен алушының атына карточкалық базадағы ағымдағы шоттың нөмірі (20 таңбалы шот). Студенттер құжаттарды Жастар ісі және студенттермен жұмыс жөніндегі деканаттарға, әлеуметтік және азаматтық даму жөніндегі департаменттерге ұсына алады.

Пікір қосу