– Жазира, өткен жыл сіз үшін  қалай өтті? Қандай естеліктермен есіңізде қалды?

– Ит жылы мен үшін сәтті болды. Ең бастысы айналамдағы жақындарым дін аман, дендері сау. Мұны мен осы жылдың үлкен жақсылығы деп санаймын. Ұлым жоғарғы оқу орнын бітіріп, дипломын алды. Енді өзінің заңгер мамандығы бойынша магистратураға түсіп, оқуын жалғастырып жатыр. Сондай-ақ бұл жылы жаңа баспанаға көштік. Ал шығармашылыққа келетін болсақ, Жанболат екеуміз көптеген ән жаздық. Сонымен қоса «Қазақ аруы» деген ән жазып, Ләззат есімді әпкемді сахнаға алып шықтым.

Қанша жылдан бері менің денсаулығым нашарлап жүр еді. 2018 жылы ауру-сырқаудан құлан таза айыққандай болдым. Жаңа жылға денсаулығы мықты, жүйкесі тыныққан, позитивті адам болып қадам басып жатырмын.

– Жүзіңізге қарасам, одан сайын жасарып кеткен секілдісіз. Дене-бітіміңізді қалай күтіп жүрсіз? Спортпен айналысасыз ба?

– Спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс-ақ. Бірақ біздің тығыз графигіміз оған мүмкіндік бермейді. Кейде тіпті үйде бір айда бір рет қана боламыз. Ал ондай кезде ешқайда шықпай, уақытымды отбасыммен өткізгім келіп тұрады. Көбінесе уақытымыз концерт, тоймен, ұшақты күтумен, ұзақ сапарға жол жүрумен өтеді. Жалпы, жас көрінетін себебім ол менің жаратылысымнан. Өйткені әкем марқұм өте жас көрінетін, ол кісі 53 жасында дүниеден өтті.

Негізі, біздің әншілер спорт түгіл, шығармашылықпен айналысуға уақыттары жетпейді. Мысалы, шетел жұлдыздары екі-үш ай дайындалып концертке шығады. Бір шыққанда олар бір жылға жетер азықтарын тауып алады. Біздің өнерпаздарымыздың да жағдайы жақсы. Дегенмен жиі-жиі сапарға шығып, халықтың арасында көп жүреміз. Сол үшін кейде шығармашылыққа көп көңіл бөле алмай қаламыз. Концерт, той, алаңда ән айту, шақырған жерден қалмаймыз. Біздің елімізде өнер адамдары не шығармашылықпен айналысу керек, не табыс табу керек.

– Бұл өзгелер үшін өз шығармашылығыңызды құрбан өту емес пе?

– Қазақта туған-туыстың жағдайын ойлау деген бар. Қазақ деген қонақжай халық қой. Біз үшін үйге келген әр қонақ комиссия. Оларды риза етіп жіберуге, қуантуға тырысып тұрамыз. «Ата-ана, туған-туысты риза етсек, Алланың разылығын аламыз» деген ұстанымдамыз. Алайда арқамызға үлкен жүк арта берудің, бәрінің жауапкершілігін арқалаудың қажеті жоқ екен. Әркім өзі үшін еңбектеніп үйренуі керек. Бауырлық психология мен масылдық психологияны шатастырмау керек. Бізде бауырмал деп айтса, бауырын асырау деп қабылдайды. Бұл өнер адамдарының көбісінің басында бар нәрсе. Бірақ, Аллаға шүкір, шығармашылығымызды қатты дамыта алмай жатсақ та, бір шыққан әніміз халыққа кеңінен тарап, хит болып жатады. Біздің демеушіміз де, қолдаушымыз да халық.

Картинки по запросу жазира байырбекова мен ләззат

– Бауыр демекші, сіздің әпке-сіңлілеріңіз репертуарыңыздағы әндерді орындап тойға шығып өз нәпақасын тауып жүр. Оларға «Менің ғана репертуарыммен жүре бермей, енді өздерің жеке жұмыс жасасаңдар» деп айтып көрдіңіз бе?

– Біз үйде жеті қыз, бір ұлмыз. Әрқайсымыздың да өнерге жақындығымыз бар. Бауырларыммен репертуар жайлы сөйлескен емеспін. Өйткені менің әндерімді бауырларым ғана емес, тойда ән айтатын қыздардың көпшілігі орындайды. Тіпті менің барлық әндерімді орындайтын әншілер де бар. Бірақ мен өзіммен тете өскен Ләззат әпкеммен жақында ғана осы туралы сөйлестім. «Сен енді  өз табысыңды шығармашылығыңа бағытта. Өзің тіктірген көйлекті ки. Сонда ғана жұмысың алға жүреді. Адам біреудің дайын нәрсесімен өмір сүре берсе өспей қалады» деп әпкеме айттым. Әпкем бұған ренжіген жоқ, келісті. Енді Ләззат сахналық костюмдерін өзі тіктіріп, ән жаздырып, жеке шығармашылығымен айналысатын болды.Қазір жаңа әндер жазып жатыр. Мен қазір халықтың пікірін ойлап, бауырларымды жарнамалай бермейтін болдым. Олар өздері еңбектеніп, жақсы нәтиже көрсеткенде ғана қол ұшымды берсем деймін.

– Халықтың ойын үнемі ескеріп отырасыз. Олардың артық ауыс айтқан  пікірлері де сізге қатты әсер ете ме?  

– Мен Инстаграмға алғаш тіркелгенімде маған жазылған негативті пікірлерді оқып жылап қалатынмын. Олардың сөздеріне басқалар түгіл, «Мен, шынымен де, осындай адаммын ба?» деп, тіпті өзім де сеніп қалатынмын. Қазір жалған аккаунтпен жаман пікір жазатындар болмаса, маған көбінесе жақсы лебіздер айтлады. Мен ешкіммен ұрысып жауап жазбаймын. Қара тізімге де енгізіп, өшіріп тастамаймын. Сосын біраз уақыттан соң сол адамдар: «Сіз неткен сабырлысыз? Сіздің ешкіммен ұрыспайтын сабырлығыңызға сенбей, тексерейін деп едім. Сіз менің даттауларыма бірде бір жауап қатпадыңыз. Мен сізді сыйлаймын» – деп менің жекеме жазады.

– Жалпы қыз ұзатуға байланысты қазіргі үрдістердің көпшілігі сізбен байланысты. Ұлттық бас киімнің жаңа түрінен тартып, қызды шығарып салу рәсіміне дейін сіз жаңартып, жандандырдыңыз. Қазір бұл біздің қалыптасып қалған дәстүріміздей болып кетті.   

– Шынымен де, мен киіп жүрген тақия іспеттес бас киім үлгісі де қазір ұлттық бас киімге айналып кетті.Тіпті дизайнерлердің барлығы осындай бас киім жасайтын болды. Мен әнші болғаннан кейін бұл менің идеям деп дизайнерлермен таласпай-ақ қояйын деп шештім. Ал қызды шығарып салып ұзатуға келсек, Исрайыл Сапарбай ағамыз мені бір қойылымға шақырды. Сол қойылымда қыз ұзатылады екен. Ағамыз осы  қойылымға арнап ән жазып, маған ұсынды. Ән маған бірден ұнады да жаздырдым. Бірақ ол қойылым бір себептермен болмай қалды. Бір күні тойға барсам сәукеле киген әдемі қызды көрдім. Сол жерде ұйымдастырушыға, қазіргі белгілі продюсер Жан Мұқановқа «Ана қызды менімен таныстырыңыздаршы. Менің ұзатуға арналған әнім бар. Сол әнімді қыздың қолынан ұстап жүріп айтайыншы» дедім. Сөйтіп, қыздың қолынан ұстап, әнді айтып шықтым. Ән қызға қатты жарасып кетті. Тойға келген елдің бәрі қошеметтеп, риза болды. Содан кейін Жан Мұқанов келіп, «Осы әнмен ертең ұзатылғалы жатқан бір қызды қолынан ұстап шығарып салыңызшы» – деді. Содан соң ертесіне тойға барып, қызды қолынан ұстап әніммен ұзатып едім, тойдағы халықтың көпшілігі өздерінің де қыздарын осылай ұзатқысы келетінін айтты. Содан кейін күнде ұзату болып кетті. Адамдар тіпті алдымен ақшасын төлеуге асығатын болды. Бірақ физикалық түрде барлық тойға барып үлгере алмайтынмын. Осыған байланысты маған ренжитіндер де көп болып кетті. Қазір құдайға шүкір барлық әншілеріміз қыз ұзататын болды. Мен босамай жатсам, өзге әріптестерімді ұсынамын.

Похожее изображение

– Гастрольдік сапарларға жиі шығасыз ба?

– Бұрындар бізді әр облыстан ұйымдастырушылар шақыратын. Біз барып тұратынбыз. Бірақ ұйымдастырушыларға «егер халық өз еркімен келетін болса немесе халыққа тегін болып бір мекеме концертті көтеретін болса біз келеміз» деп талап қойғанбыз. Ұйымдастырушылар бір концертімізде 300 билетті бір заводқа бергенін естіп қалдық. Билеттің ақысын завод басшылары қызметкерлердің жалақысынан ұстап қалады екен. Содан бері гастрольдік сапарларға шықпайтын болдық.

– Ұлыңыз ержетіп қалды. Отау құру жайлы ойланып жүр ме?

– Ұлым өмірлік жарын кездестірсе қуанамыз. Өткен жылы өзіне «жар болуға лайық қызды тапсаң, үйлен» деп айттық.

– «Келінім өзім секілді болғанын қалаймын» дедіңіз бір сұхбатыңызда. Сонда ұлыңыздың жар таңдауына араласасыз ба?

– Мен балама сенемін. Балам біздің отбасымызға судай сіңіп кететін жақсы мінезді, жайлы қызды келін етіп әкеледі деп ойлаймын. Өйткені ол осылай тәрбиеленген. Әкесінің әулетіндегі ер жігіттердің көпшілігі қыздың мінезіне қарап үйленеді. Мен баламның таңдауына араласпаймын. Не дегенмен де баламның сүйгенімен өмір сүргенін қалаймын.

– Құда болайық деп жататындар бола ма?

– Ондай жағдайлар болады, әрине.  Тіпті қыздың әкелері «Жәке, мынау менің қызым. Құда болайық» деп айтып жатады. Бұдан әбестік көрмеймін. Кейде «Сіздің келініңіз болсам ғой» деп қыздардың өздері айтады. Оларға мен түсіністікпен қараймын. Оған бола «қыз олай айтпауы керек. Ұятсыз екен» демеймін. Мүмкін мені жақын тартқаннан айтқан болар деп қабылдаймын.

– Ұлыңыз өте сабырлы, ұстамды жігіт болып өсіп келе жатыр екен. Оның тәрбиесінде не нәрсеге аса қатты мән бердіңіз?

– Адамға тәрбие 30 пайыз, өзінің жаратылысы 70 пайыз әсер ететін секілді Қазыбек кішкентай күнінен өте салмақты болды. Қарны ашса да жыламайтын. Бала болып көп еркелемейтін. Тіпті бесікте жатқанда, бесіктің асты таңертең тап-таза болып тұратын. Қазыбек Жанболат екеумізден де сабырлы. Әкесі  екеуміз бір тақырыпты талқылап отырсақ, ол үндемей отырады. «Қазыбек, сен қалай ойлайсың?» деген кезде ғана жауап береді. Артық сөйлемейді. Ол сөйлеп отырса әкесі екеуміз «Бүгін Қазыбектің көңіл күйі жақсы екен» деп қуанып қаламыз. Мен ұлыма адалдық, мейірбандық туралы жиі айттым. Өзі де өте адал, өтірік айтпайды. Қазір оған ақыл айтпаймыз, онымен ақылдасамыз. Балам емес, ағам сияқты маған қамқор болып жүреді. «Көңіл күйіңіз жоқ қой, демалып алсаңызшы» деп жағдайымның жақсы, денсаулығымның дұрыс болғанын ойлап жүреді.

Картинки по запросу жазира байырбекова ұлы

– Халық арасында көп жүресіз. Елдің әлеуметтік жағдайы қалай деп ойлайсыз?

– Халықтың ішінде жүрген соң материалдық жағдайы төмен адамдарды да көремін. Біздің қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы нашар. Үкіметтің жасап жатқан қызметіне көңілім толмайды. Мемлекет қызметкерлерінің жалақысы аз. Бай мен кедейдің арасы қатты алшақтап кеткенін байқаймын. Бір күнде екі түрлі халықтың арасына кіріп ән айтамыз.Халық екі жікке  бөлінген секілді көрінеді. Бірақ халықтың еңбектеніп ізденуіне ешкім кедергі емес. Үкіметтен бірдеңе күтудің қажеті жоқ. Әркім өзі үшін еңбектеніп, тірлігін жасау керек деп ойлаймын.

– Қоғамда туындап жатқан жаңалықтар мен оқиғаларды есітіп толғанасыз ба? Мысалы, қазір қызу талқыланып жатқан 16 жасқа толған қыздарға ата-анасының рұқсатынсыз аборт жасау, мүшеқап тарату деген мәселерге қандай пікір білдіресіз?  

– Бала тәрбиесіне келгенде «былай болу керек» деп кесіп айтуға қорқамын. Мұндай жаңалықтарды естіп, елімізде ұят азайып бара жатқанын байқаймын. Ұяты кеткеннің иманы кетеді. Мүшеқап деген сөздің өзін айтуға менің аузым бармайды. Оны оқушыларға қалай айтпақшы? Мұндай нәзік дүниелерді отбасылық институт арқылы шешу керек. Әкесі ұлына, шешесі қызына түсіндіру қажет. Анасына айта алмаса, әпкесімен, жеңгесімен бұл тақырыпта сөйлесу керек. Мұндай дүниені әлі толық санасы қалыптаспаған балаға айтуға қарсымын.

– Бұрын күнделікті болып жатқан оқиғаларға әлеуметтік желіде өз пікіріңізді айтып отыратын едіңіз. Қазір көп пікір білдірмейтін болдыңыз

– Мен тыныштықты қаладым. Біз саясатта не болып жатқанын білмейміз. Ештеңе білмегендіктен, кесіп айта да алмаймыз. Өзім толық білмейтін дүниеге араласқым келмейді.

– Жаңа жыл сізді қандай арманға жетелейді? Нені армандайсыз?

– «Бұл өмірдегі менің миссиям қандай? Қартайғанда қандай қарт боламын?» деп ойланамын. 70-80 жасқа жетіп жатсам, балаларды жұбататын ән айтып, өсиет-ертегі айтатын әже болғым келеді. Әдемі қартайып, немерелерімнің жанында отыратын күнге жеткізсе екен деймін.

Күнде кеште жатар алдында өзімнен есеп аламын. «Бүгін кімді ренжітіттім, мен кімге ренжідім?» деп барлық сұрақтарыма жауап алмай ұйықтамаймын. «Күніне кемі бір адамның ризащылығын алуым керек» деп алдыма мақсат қоғанмын. Адамдарға титтей де зәбір көрсетпей, керісінше көмектесіп, қуантып, пайдасына жарағым келеді. Менің ең басты мақсатым да сол.

– Әже болудан бұрын тағы да ана болуды армандайсыз ба?

– Әлі де ана болуды армандайымын. Алла жазса, бұл күнге де жетерміз.

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Пікір қосу