— Нұрсұлтан, алғаш рет «Жайдарманнан» жарқ етіп көрініп едіңіз, кейін «Жаңа қоныс», «Бастық боламын», «Q елі» сынды түрлі телехикаяларға түстіңіз. Жалпы, кино әлеміне «Жайдарман» арқылы келдіңіз бе?

Иә, мен оқушы кезімнен республикалық «Жайдарман» ойындарына қатыса бастадым. Тіпті өзіміздің Шолаққорған ауданының атынан республикалық «Маусымашар – 2009»-да  екі жылдай ойнадым.  Кейін студент атанған соң да  «Жайдарманнан» алыстағам жоқ.  Факультеттің атынан  «Элит.KZ» деген команда құрдық,  2011 жылы командамыз ашық лигада чемпион атанды. Ал 2012  жылдан бастап  «Жайдарманның» жоғары лигасында ойнадық.  2013 жылы Таразда өткен халықаралық КВН-нан жүлделі орын алып, 750 мың теңге ұтып алдық.

«Жайдарманнан» кеткеннен кейін командадағы жігіттер әр салада жұмысқа орналасты. Оның кейбірі сценарист болса, енді бірі жоба авторы болып жұмыс істеді. Ал мені продюсер, актер Дастан Қалдыбаев аға  «Жаңа қоныс» телехикаясының сценарийін жазуға шақырды. Бірақ кейін сол жерден актер болып бір-ақ шықтым.

— Қалай сонда?

Негізі, о баста  «Жаңа қоныстағы» Арманның рөліне жас актер Әлихан Байсұлтан  түсетін болған.  Алайда ол сабағынан босай алмайтын болған соң кішкентай баланың рөлін маған беріп, «сен ойнай тұр, кейін көре жатармыз» деді. Менің актерлік қабілетім «Қазақстан» ұлттық арнасының басшыларына  ұнаған болуы керек, «осы құрам ары қарай жұмысты жалғастырсын» деген сыңайда жауап алдық. Сөйтіп, Арманның рөлін біржола мен ойнайтын болып бекітілдім.  Одан кейін де мені актер Мақсат Мамырайымов ағамыз «Q елі» скетчкомына шақырды. Бір сөзбен айтқанда, мен кино әлеміне «Жайдарман» арқылы келдім.

— Бір сұхбатыңызда «Жаңа қоныс» телесериалынан менің балалық шағымды көруге болады» деген едіңіз. Енді сол балалық шағыңызға саяхат жасайықшы… Бала Нұрсұлтан қандай болды?

— Рас, «Жаңа қоныстың» сценарийін  жазу барысында өзіміздің басымыздан өткен оқиғаларды да арасына кірістірдік. Екінші, үшінші маусымды көргенде байқағаным, тура бала кезімдегі қылықтарым, үйдегі әке-шешемнің айтқан әңгімелері, барлығы осы телесериалдан көрініс тауыпты.  Сериалды көріп отырып өзімнің балалық шағыма қайта бір саяхат жасағандай сезімде болдым. Бірақ бұл телесериалды жүз пайыз менің өмірімнен алынды деп айта алмаймын. Бәріміз де бала болдық қой. Әр отбасында Арман сияқты ерке бала болуы мүмкін. Әлеуметтк желіден «тура біздің отбасының басынан өткен жағдайды түсіріпсіздер ғой. Біз де дәл осындаймыз» деген мағынада  жағымды пікірлерді оқығанда, «телесериал халықтың көңілінен шыққан екен  ғой»  деп қуанып қаламын. Тіпті көрермен «төртінші маусымын түсіресіздер ме? Жалғасы қашан жарыққа шығады?» деп сұрайды. Егер төртінші маусымын түсіретін болсақ, мен  бала Арманды емес, студент Арманның өмірін ойнайтын боламын.

Картинки по запросу нұрсұлтан жақсыген

— Сонымен, бала Нұрсұлтан қандай болды?  

— Мен дүниеге келгенде бір-ақ  келі болыппын. Өте нәзік, әлсіз бала болғаннан кейін анам мені ерекше еркелетіп, бар махаббатын, мейірімін  төгіп өсірді. Сондықтан болар анама өте жақынмын.  Әлі күнге ол кісіге еркелеймін.  Мен 10-сыныпта оқып жүргенде әкемнің денсаулығы сыр беріп, бір жылға жұмыстан босады. Сонда әкем маған: «Балам, менің денсаулығым болса, мынау.  Сені бәленбай ақша беріп оқыта алмаймын. Оқуға өзің түсіп, өз күніңді өзің көруің керек» деді, дәл осы сәтте бүкіл өмірім көз алдымман сырғып өтті, келер күнді де ойлап үлгердім. Шыны керек, сол әңгімеден кейін мен есейіп кеттім. Ертесінде тойханаға даяршы болып жұмысқа орналастым.  Тойдан артылған тағамды үйге  апарып, күнделікті табатын 500 теңгемді үйдің қажетіне жарататынмын. Әйтеуір сол күннен бастап өз күнімді өзім көруге талпынып, еңбекке араласа бастадым.

 

 Негізгі мамандығыңыз филолог екен. Филолог қалай әртіс боп кетті?

Әу баста «Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түсемін» дегенде әкем: «Балам, сен актерлік мамандығын оқысаң, ары кетсе асаба боласың. Киноға кез келген адамды түсіре бермейді. Оған да таныс-тамыр керек. Сені ол жақта «кел, киноға түсе қал» деп ешкім құшағын жайып күтіп тұрған жоқ. Сондықтан басқа мамандық таңда», – деді. Бірақ ешкімнің сөзіне құлақ асқым келмеді. Өйткені бала кезімнен актер болуды  армандадым ғой. ҰБТ дан 108 балл алдым. Оқуға тапсырарда ең алдымен  Өнер академиясына бардым. Барсам, уақыты өтіп кетіпті. Содан енді не істеймін?  Не де болса журналистикаға тапсырайын. Актерлікке жақын мамандық қой. Ең болмағанда телеарнадан көрініп жүремін деп ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне бардым. Бірақ ол жерден де тауым шағылып, жылап шықтым. Есік алдында  ашуланып, жылап-еңіреп тұрғанымда Бекзат Смадияр деген танысым мені көріп қап жаныма келді.  Бекзат екеуміз кезінде Түркістанда өткен  «Ақ қуырсын» деген байқауға қатысып, бірінші, екінші орынды жеңіп алғанбыз.  Ол менің жағдайымды білген соң «Мен филология факультетіне тапсырып жатырмын.  Сен де менімен бірге жүр», – деді. Қайта жолым болып филология факультетіне оқуға түсіп кеттім.

— Алғаш сіздің телехикаяға түсетініңізді естігенде ата-анаңыз қалай қабылдады?

Киноға түсейін деп жатырмын деп хабарласқанымда әке-шешем онша сене қоймады. Негізі, ол кісілерге мен киноға түсейін деп жатырмын ба, әлде басқа да жетістікке жетіп жатырмын ба – бәрібір, оған онша мән бермейді. Ең бастысы ол кісілерге аман-есен жүргенім керек. Бірақ  кейін «Жаңа қоныс» жарыққа шыққанда анам қуанып «Әй, сен анау Қуандық пен Бақыттың баласы боп кетіпсің ғой», – деп хабарласты. Сол кезде өзім де  ата-анамның сенімін, үмітін ақтағаныма іштей марқайып қалдым.

Ол кісілер сіздің рөліңіді қалай қабылдады?

— Әкем де, анам да  «Барлығың жақсы ойнағансыңдар. Әсіресе сен тура өзіңді ойнапсың. Бірақ енді ауыл жаққа кеп түсірсеңдер жақсы болар еді…», – деді.  Ол кісілер де өздерінше бізге ақыл-кеңестерін айтып қояды (күлді). «Жаңа қоныстың» екінші маусымында  Арман ҰБТ тапсыра алмай жылап, жер текпілейді. Соны көріп болған соң әкем маған хабарласып «Балам, Арманның ҰБТ тапсыратын кезін көріп, баяғыда сенің оқуға тапсырғаның  есіме түсіп, бір жылап алдым», – деді. Сол сәтте әкеме өтірік күліп жауап бергеніммен,  телефонды қойған соң  өзім де жасымды сығып алдым.

Похожее изображение

— Сіз қалай ойлайсыз актер болу үшін міндетті түрде Өнер академиясында оқу керек пе?

Актер болу үшін ең алдымен талант керек. Бірақ түсірілім барысында  білім керек екенін бәрібір мойындайсың. Мәселен, сахна тілін оқымағандығың әрбір сөйлеген сөзіңнен-ақ білініп тұрады. Себебі кейбір дыбыстарды анық айтпайсың. Бірақ Қуандық аға, Бақыт апай сияқты тәжірибелі актерлердің  жанында жүрсең көп нәрсе үйренуге болады. Бірде бір актерге  «Өнер академиясында оқысам деген ойым бар» дегенімде, «Ой, қазір бұрынғы тәжірибелі ұстаздар жоқ, оқу жүйесі  де өзгерген. Қазір ол жерге оқуға түсудің өзі қиындау», – деді. Содан кейін ойланып қалдым. Көбіне комедия жанрында ойнап жүргендіктен шығар мені басқа жанрдағы киноларға, салмақты рөлдерге алмайды. Бірі «түр-келбетің  келмейді» десе, енді бірі бойымның аласалылығын алға тартады. Сондай сәттерде өзім де «Ей, бір батырдың рөлі жоқ па? Бұрынғы заманда да бойы аласа батырлар болған шығар», – деп әзілдеймін.

— Бой демекші,  бала кезіңізде бойыңыздың аласалылығынан қысылушы ма едіңіз?

Қысылатынмын. Біздің сыныпта Мұрат деген баланың бойы менің бойыммен  бірдей болатын. Денешынықтыру пәнінде қатардың соңында екеуміз кезекпен тұратынбыз. Оған осы жолы қатардың соңында сен тұр, келесі жолы мен тұрам дейтінмін. Осы оқиғаны да «Жаңа қоныстың» екінші маусымында шығардық. Жалпы, менің бойыма қарап көп адамдар мені мектеп оқушысы екен деп ойлайды. Тіпті қай мектепте, нешінші сыныпта оқисың? деп инстаграмда хат жазып жатады. Жақында тағы бір кісі «Сен теледидардан үлкен болып көрінуші едің, кіп-кішкентай бала екенсің ғой. Қанша оқисың?» – дейді. «Оқығаны несі, мен үйленгенмін ғой», – десем, «Сені біздің үйдегі бала-шаға қатты жақсы көреді. Ұялы телефонымды сұрап алып азаннан кешке дейін сен түскен телехикаяларды көреді», – дейді. Жалпы, Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Сені өз баламыздай жақсы көреміз» деп хат жазатындар көп. Көшеде де үлкен кісілер танып жатса «балам» деп тоқтатып алып, батасын береді. Осындай кездерде, шыны керек, қуанып қаламын. Әке-шешем де елдің менің инстаграм  парақшама жазған пікірлерін оқып, мәз боп жатады.

— Ал қазір бойыңыздың аласалылығынан ыңғайсызданатын кездер бола ма?

— Несіне ыңғайсызданамын?! Қайта мені өзгелерден ерекшелеп тұрған осы бойым емес пе?  Мені асырап жатқан осы бойым ғой (күлді).

— Сыныптастарыңыз сізді мазақтамаушы  ма еді? Мәселен, тышқан т.б. деп…

Жоқ, мені ешкім мазақтамайтын. Өйткені бұзықтау бала болдым. Біреу артық сөз айтса бірден ерегесе кететінмін.  Содан кейін болар ешкім мені олай мазақ қылған емес.  Сыныптастарымның, достарымның барлығы мені «Нурик» дейтін. Ал қазір «Нұреке» дейтін болыпты (күлді). Ауылға барғанда «Бұрын сендер мені «Нурик» деуші едіңдер, қазір «Нұреке» деп қалыпсыңдар ғой» деп әзілдеймін.

Картинки по запросу нұрсұлтан жақсыген

– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…

Әкемнің мамандығы – инженер, технолог. Ол кісі қазір француздардың фирмасында жұмыс істейді. Ал анам – бастауыш сыныптың мұғалімі. Он жылдай кітапханашы болды. Шешем негізі бес құрсақ көтерген. Үшеуі бала кезінде шетінеп кетіпті. Алдымда Ғалымжан деген ағам бар. Ол отбасылы. Бір ұлы бар.

— Бір кездері суретші болуды да армандаған екенсіз…  

Иә, бала кезімнен сурет салғанды жақсы көретінмін. Суреттен 6-сыныпқа дейін аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Әлі күнге менің салған суреттерім мектептің көрме залында тұр. Бала кезімде дизайнер боламын деп армандайтынмын. Бірақ ол кезде де әкем «Қазір компьютер заманы. Сенің суретшілігің ешкімге керек болмай қалады», – деді. Расында да, қазір әкемнің айтқаны келді.  Барлық дизайнерлік жұмыстарды компьютерлік бағдарламалар арқылы жасайды.

Жарыңыз  Фаризамен қалай таныстыңыз? «Бойың аласа екен»  деп алғашқыда менсінбей қойған жоқ па?

  • Фаризамен осыдан бес жыл бұрын Шаян деген ауылда той үстінде таныстық. Ол менің Жамбыл деген досымның қарындасы болып шықты. Бастапқыда аға-қарындас ретінде сыйласып, араласып жүрдік. Кейін көңіліміз жарасып, отбасын құрдық.

Пікір қосу